Жыл басынан бері облысымыздың қоғамдық орындарында жасалған 920 қылмыс тіркелді. Салыстырар болсақ, өткен жылы 96 қылмыс тіркеліпті. Қылмыстың 10 есе өскені сұмдық емес пе?
Қоғамдық орындарда қылмыстардың қарқынды өсуі тек қалада ғана емес, бүкіл аудандарда да байқалады. Атап айтқанда, Атырау қаласында қылмыстар 74-тен 765-ке дейін, Құрманғазы ауданында 1-ден 25-ке дейін, Жылыой ауданында 6-дан 88-ге дейін өскен.
Полицейлер бұл көріністі былай деп түсіндіреді: біріншіден, енді «қоғамдық орындар» санатына тұрғын үйлердің подъездері де кіреді. Екіншіден, жер-жерге орнатылған бақылау камералары бұрын құқық қорғау органдарының көздерінен таса боп келген қылмыстарды тіркеп отырады.
Қылмыстардың көп бөлігі – 403-і көшеде жасалған, 124-і – қоғамдық көліктерде, 97-і – базарларда, 95-і – кафе мен мейрамханаларда, 66-сы – қоршалмаған үйлердің алдында, 54-і – оқу орындарында жасалған. Вокзалдарда, қонақ үйлерде, дүкендерде, медициналық мекемелерде және тіпті балабақшалар мен діни мекемелерде де құқық бұзушылықтар тіркелген.
Полицейлердің айтуынша, негізінен бұлар жұмыссыздар жасаған ұрлықтар. ПИК пен учаскелік инспекторлар арасында байланыстың жоқтығы көпқабатты үйлердің алдында тұрған машиналардың салонынан заттар ұрлау мен подъездерде тонаушылықтың көбеюіне себеп болып отыр. Мәселен, үстіміздегі жылы 25 мамырда сағат 17.00-де Балықшы поселкесінің Ашенов көшесіндегі №2 үйдің подъезінде кәмелетке толмаған А. 3-қабатқа көтеріліп келе жатқан азаматшаның әмияны мен ұялы телефоны салынған сөмкесін қолынан жұлып алмақ болған.
Тек тіркелген 920 істің 112-сінде ғана қылмысты жасағандар анықталды. Оның 3-уі мектепте, 3-уі – колледжде оқиды, 3-уі – жұмысшы, 103-і – жұмыссыз. Қалған 708 қылмыс бойынша оларды жасаған тұлғалар анықталмады.
Нәтижесінде 131 қылмыс бойынша айыптау қорытындылары бар материалдар сотқа жолданды, 74 іс өндірістен қысқартылды, 407 іс өндірістен тоқтатылды, 188 қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА