Атырау, 22 қараша 13:26
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

“Баспанасыз” мүсәпір және темір есіктің құпиясы

Сурет
3 473 просмотра

Редакцияға ұзақ уақыттан бері өз баспанасы болса да, көшеде түнеп жүрген көршісінің тағдырына алаңдаған Авангард 3-ші ықшамаудандағы №36 үйдің тұрғыны хабарласты. Бірақ оның пәтерінің темір есігі... электрмен дәнекерленген екен. «AЖ» тілшісі ер адамның өзі үйіне қалай кіре алмайтынын және оның қалай болғанын анықтап білді.

«ЛАНДШАФТ ЭЛЕМЕНТІ»

Шынымды айтсам, бұл кісіні көктемнің аяғында Авангардтағы жеке емханалардың біріне емделуге келген кездерімде жиі көретінмін. Күн сайын үйдің қапталындағы ағаштардың көлеңкесіне бетон тақтаның үстіне  жасаған “баспанасының” жанынан өтетін едім. Шамасы, бұл жердегілердің бәрі оған үйреніп кеткен сияқты, сол жердің балалары одан қорықпай, еркін ойнайды.

- Ол ұйықтап жатыр, мазасын алмаңыз, - дейді бір балақай маған.

- Ол біздің туысымыз сияқты болып кетті, - деп сықылықтап күледі екінші балақай.

“Одан қорықпайсыңдар ма?” деген сұрағыма, олар: “Жоқ, тәтей!” деп бәрі қосыла жауап берді. Ер адам менімен сөйлескісі келмеді. Екінші бүйіріне аударылып, жүзін жамылғымен қабаттап жауып алды, шамасы, ұйқысын жалғастырған болуы керек. Ал мен көршісі айтқан пәтер орналасқан қабатқа көтерілдім. Темір есікті дәнекерлеп тастапты. Есік тұтқасының үңірейген орнынан бос бөлме көрінеді.

… - Мен онымен 1998 жылы ажырасқанмын - ол ішіп алып, маған қол көтеретін. Бірнеше рет учаскелік инспекторға арыздандым, оны бірнеше күнге ғана алып кететін, содан соң бәрі қайталанатын. Тағы бірде ішіп келгенде, баламды алдым да, ажырасуға арыз бердім, - дейді Нұрланның бұрынғы жұбайы Айгүл (есімдері өзгертілді - А.А.). - Біз ұзақ уақыт бойы көріспедік, ал 2015 жылы қызым маған қоңырау шалып, әкесін көруге барғанда, жағдайы нашар екенін, жүре алмайтынын және аузы қисайып кеткенін айтты. Мен дереу бардым - кейінірек оның инсульт болғаны, содан соң аяқтары сал болып қалғаны анықталды. Бұрынғы реніштерімді ұмытып, оған күтім жасай бастадым, көршілердің бәрі куә. Алты ай орнынан тұрмады, мен емдетіп, массажист жалдадым, тамағын дайындап, пәтерінің ақысын төледім.  

Айгүлдің айтуынша, қайтадан аяғынан тұра бастаған Нұрлан екі-үш күндеп жоғалып, кейін апталап үйге келмейтінді шығарған. Кейінірек көршілерінен  оның жуынды төгетін жерлерден тамақтанып, пәтерге қоқыс таситынынан хабардар болады.

- Кейде есікті ашық тастап кетеді, ол жерге бомждар түнейді, пәтердің ішіндегінің бәрін солар тасып бітірді. Кейде газды қосулы күйде тастап кететін болды, сондықтан оны кесіп тастауға тура келді. Мен барған кезде, тағы да маған қол көтеріп, келесі күні ондай ештеңе болмағанын және ештеңе есінде жоқ екенін айтатын.

Айгүлдің айтуынша, оны психикалық-неврологиялық диспансерге де ертіп барған. Бірақ ондағылар оны наркологияға, ал наркологиядағылар қайтадан диспансерге жіберген.

- Бәрі де оның дені сау екенін растады, бірақ айыңызшы, дені сау адам бүкіл қоқысты үйіне тасып, газды қосып, төңірегін бүлдіре ме? - дейді бұрынғы әйелі. Ол Нұрланның жақын туыстарының бар екенін, бірақ олардың еш араласпайтынын, ал бұл пәтерде ажырасқаннан кейін оның анасымен бірге тұрғанын, анасы қайтыс болған соң арақ ішуді жиілеткенін айтты.



МҰНЫ КІМ ЖАСАДЫ?

Полиция департаментіндегілер маған учаскелік инспекторға жүгінуге кеңес берді. Учаскелік инспектор бір күні оған подъезд тұрғындары  көршілерінің “Плюшкин синдромына” шалдыққанын, үйіне бүкіл қоқысты тасып, жаман иіс сасытып, ластайтынына шағымданып, ұжымдық шағым түсіргенін айтты.

- Келесіде оны сотқа апарып, оны бұзақылығы үшін үш тәулікке қамап тастадық, жазасын өтеген соң, оны босатып жіберді, - деді учаскелік инспектор. - Пәтері бар, бірақ онда тұрмайды. Бұл оның әйелі мен екеуінің ортақ мүлкі. Бұл мәселені шешу біздің құзырымызда емес. Сотқа берсін, бұл баспананы не істейтінін сол жерде шешсін.

Ақыр аяғында, пәтердің есігін кімнің дәнекерлеп тастағаны жұмбақ болып қалды. Тірек пунктіндегілер де, ПИК-тегілер де бұл сұраққа жауап бере алмады.

Ал Айгүл күйеуін көптен бері көрмегенін, өзінің анасымен бірге тұратынын, бұрынғы күйеуінің пәтерін талап етпейтінін айтып сендірді, бастысы, оны психикалық аурулар диспансеріне орналастырса дейді. Бүгінгі күні оның туысқаны боп есептелмейтіндіктен, өзі орналастыра алмайды. Ал Нұрланның туыстарының телефонын, өкінішке орай, таба алмадым.

Міне, пәтер бар, ал оған қалай кіруге болатыны белгісіз. Бәлкім, бұл адамға баспана ғана емес, арнайы медициналық көмек те керек шығар. Атыраудың аязды қысында баспанасыз оның жағдайы не болмақ?

Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді түсірген автор және Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

20 қараша 2018, 21:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.