«Мемлекет басшысының Жарлығымен Бергей Сәулебайұлы РЫСҚАЛИЕВ Атырау облысының әкімі лауазымынан денсаулығына байланысты босатылды», - деп 16 тамызда ресми түрде хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше ғана облыстың жаңа әкімі деп 64 жастағы Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІ таныстырған кезде ел президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жас әкім Рысқалиевтің еңбегін атай келе, оның басқа жұмысқа ауысатындығын хабарлаған болатын. Ал, оның денсаулығы туралы ешқандай да сөз қозғалмаған еді.
Біз, әрине, Бергей Сәулебайұлына мықты денсаулық тілейміз, бірақ, күш-жігері бойында тұрған шақта еліміздің ең «майлы» облысын басқарып отырған қызмет орнынан мынадай «диагнозбен» кету іс жүзінде оның саяси мансабының аяқталғандығын білдіреді. Және бұл қазақстандық шенеуніктердің саяси іс тәжірибесінде қабылданбаған, сондықтан да бұрынғы әкімнің атыраулықтарға арналған соңғы қоштасу хаты да сондай ойларға жетелейді. Әдетте патшаның қас-қабағына қарамастан мұндай қадамға біреудің кәріне ұшыраған, жер аударылып бара жатқан адамдар барады. Рысқалиевтің күтпеген жерден «кетуіне» қатысты түрлі жорамалдарды болжауға болады. Оған сапасыз тұрғын үй, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар құрылысымен байланысты туындаған дауларды, мұнайшыларға өз балабақшаларын салып алуды талап етуі, яғни, «әлеуметтік алауыздық тудырды» деп тағылған кінә себеп болды деуге болар. Алайда, менің ойымша, әкімнің күтпеген жерден отставкаға кетуінің себебі оның мансаптық ұстазы, бұрын өзі де осы лауазымдық міндетті атқарған қамқоршысы - Президент Әкімшілігінің жетекшісі Аслан МУСИНГЕ байланысты сияқты.
Ақордада жедел шиеленіскен кланаралық күресте Мусин ұстанымының қатты шайқалғандығы туралы сыбыстың тарағанына жылдан асты. Бүгінгі күні оппозициялық баспасөзде Аслан Есполайұлының образы ең қауіпті адамның бейнесіне айналғандығын жазады: оның мойнына Жаңаөзен мұнайшыларын атуға берілген бұйрықты және саяси оппозиция көшбасшыларына қатысты қатаң қысымды ілуде. Мусин ұстанымына қарсы қуатты ақпараттық артиллериялық атыс жүруде, Астанада елбасына өзінің әкімшілік жетекшісінің тағдырын шешер сәттің таяп қалғаны туралы айтылып қалып жүр.
Күзде парламентте елбасының сенімді тұлғалары әшкерелеуші баяндамаларымен және еліміздің саяси реформасына шақырған үндеулерін мәлімдейді деген ақпарат тарап та кетті. Мұны қалыптасқан дәстүр бойынша бәрінен бұрын «Патша жақсы, уәзірлері жаман» деп аталатын қолдан жасалған спектакль деуге болады. Және Рысқалиевтің отставкаға кетуі – осы саяси операдағы басты зұлым рөлін сомдаушы Мусин ұстанымы бойынша алғашқы ауыр соққы болуы мүмкін.
Алты жылға жуық әкім болған уақытта айтарлықтай тәжірибе жинақтап үлгерген және атыраулықтардың көз алдында арақ-шарап бизнесінен мықты басқарушыға қол жеткізген Бергей неліктен дер кезінде өз бастығынан іргесін алшақ салып үлгермеді? Сонда ол өз қолдаушысына шексіз берілгендігінің құрбаны болғаны ма? Бәлкім, бұл жерде елорданың дәліздеріндегі шиеленіске Рысқалиевтің қажетті саяси тәжірибесінің жоқтығы себеп болған шығар. Бәлкім, тіпті, Мусиннің тағы бір жас өзі қойған адамы, яғни Аслан Есполайұлының Ақтөбе облысы әкімінің креслосын мұрагерлікке қалдырған Ермек ИМАНТАЕВТЫҢ тағдырын қайталау қорқынышы басым болған шығар? Егер естеріңізде болса, оны өз бетімен билеуде артықтау кеткендігі және Аслан Мусиннің ықпалынан кетуге тырысқандығы үшін «жермен жексен еткен» еді. Бүгінгі күні Рысқалиевтің командасы түгелімен шабадандарын жинастырып жатыр (жақында ғана тағайындалған Атырау қаласының жас әкімі ресми отставкасын күтпестен өз таныстарымен күні бұрын қош айтысуда), алдағы уақытта даулы қылмыстық істердің қалқып шығуы мүмкін. Күнәсіз әкімдер болмайды. Алдағы күздің қаншалықты қарбаласқа толы боларын уақыттың еншісіне қалдырайық.
Азамат МАЙТАНОВ