Атырау, 27 сәуір 02:02
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға анықтама сырттай беріледі

2 066 просмотра


Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстанда 674,2 мың мүгедек адам бар. Олардың 62 пайызы еңбекке жарамды жаста болса, 25,4 пайызы зейнет жасындағы адамдар. Ал 12,6 пайызы - 18 жасқа дейінгі балалар.  

2018 жылдың қаңтарынан бастап мүгедектігі бойынша зейнетақының мөлшері 16 пайызға дейін артқан. 

«Министрлік халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2018 жылдан бастап «Мүгедектікті, жұмысқа қабілеттілігін жоғалту деңгейін белгілеу және әлеуметтік қорғау шаралары қажеттілігін анықтау» мемлекеттік қызметін еліміздің 4 өңірінде автоматтандырылған режимде ілкі жоба ретінде іске қосты. Жаңа тетік өтінім берушінің кезекке тұрып, құжаттар топтамасымен түрлі мекемелерге жүгіну қажеттілігінен босатады. Оның орнына  медициналық мәліметтер негізінде азамат қатыспаса да сырттай куәландыру қарастырылған. Ілкі жоба Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында іске қосылған. 2019 жылдан бастап жаппай іске қосу жүргізіледі», - деді ол.  

Сонымен қатар оның айтуынша, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында Әлеуметтік қызметтер порталын енгізуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл портал  қызмет алушы мен әлеуметтік қызметтерді жеткізушінің бірыңғай цифрлық алаңда өзара әрекеттесуіне мүмкіндік береді. 

«Қазіргі уақытта әлеуметтік қызметкерлер біліктілігінің жеткіліксіздігі проблемасын шешу мақсатында ЮНИСЕФ Балалар қоры жобасы аясында Ұлттық әлеуметтік жұмыстар жөніндегі ресурстық орталық құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған шаралардың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі 500 мыңнан астам және өмірлік қиын жағдайда тап болған 116 мың адамның өмір сапасы мен қызметтерге қол жеткізу деңгейі жақсарады», - деді С.Жақыпова.

Дереккөз: inform.kz

19 қараша 2018, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.