Атырау, 24 қараша 20:06
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау облысына жаңа әкім келді

8 017 просмотра

Кеше, 15 тамызда Атырауға ҚР президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ келді. Іссапар мақсаты – қазіргі облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІ ауыстыру және жаңа әкім – Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІ тағайындау болды. Мемлекет басшысымен бірге  президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан МУСИН жүрді.

Президенттің келетіндігі туралы сыбыс дүйсенбі күні естіле бастады. Ал сейсенбі күні оның облыстың жаңа әкімін таныстыратындығы белгілі болды. Президент облыс активінің алдына түстен кейін шығып, бірден келу мақсатын жариялап, жаңа әкім – Бақтықожа Ізмұхамбетовті таныстырды.

Назарбаев кадрлардың ауысуын Қашаған кен орнында өнеркәсіпті игерудің басталуымен түсіндірді. Ал Ізмұхамбетов  - министрлік тәжірибесі бар мұнайшы, бұл салада лайықты үміткер. Президент сондай-ақ, бұл ірі жобадағы барлық жұмыс қазақстандық тараптың бақылауымен жүргізілетіндігін мәлімдеді.

Бергей Рысқалиевтің одан арғы тағдырына қатысты президент оның басқа жұмысқа ауысатындығын, бірақ нақты қандай жұмыс екендігін атап айтқан жоқ.  Н.Назарбаев бұрынғы әкімнің өзіне жүктелген міндеттерін табысты орындады деп есептейтінін айтып, оның көзқарасы бойынша аймақтың, оның ішінде әлеуметтік нысандар құрылысы, еңбекақының өсуі және бала туудың артуы секілді жетістігін куәландыратын цифрларды келтірді. Рысқалиевтің жасаған еңбектерінің ішінен облыстың балабақшамен қамтылуының  83%-ға жеткендігі аталып өтті. 

- Бұл еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш,  – деп атап өтті президент.  Н. Назарбаев Б.Рысқалиевтің жұмысында «кемшіліктер де болды» дегенімен,  оларды тізбелеген жоқ.

Ол қысқаша өрілген  сөзінде тағы да өзінің хиджабқа қатысты қарсы пікірін айта кетті:

- Бұл біздің ұлттық киіміміз емес.

Сондай-ақ, президент жаппай ағылшын тілін оқытудың қажеттілігін, шағын және орта бизнесті дамыту туралы еске салды. Оның әрбір сөйлеген сөзі ду қол шапалақтаумен  аяқталып отырды. Өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеу туралы айта келе, ол өзінің отбасындағы ерекше бір оқиғаны есіне алды. Әкесінің ауылда өткен балалық шағы туралы кезекті бір әңгімесін тыңдаған кенже қызы Әлия: «Міне, папам тағы өзінің бақытсыз балалық шағын еске алды» дейді екен.

Бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ президентке, мәслихат депутаттарына және өзінің командасына алғысын

білдірді. Айтпақшы, егер команда мен депутаттар туралы айтатын болсақ, активке Атырау облысынан сайланған парламент депутаттары, оның ішінде Бергей Сәулебайұлының ағасы Аманжан РЫСҚАЛИ да қатысты.

Бұл шара да еңбек арадагерінің алғыс білдірген кезекті сөзімен аяқталды. Президент активтен  соң Астанаға ұшып кетті. 

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген  Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ 1948 жылдың  1 қыркүйегінде Атырау облысы, Теңіз ауданында (қазіргі Құрманғазы ауданы) ұстаздар отбасында дүниеге келген. 1966 жылы 11 сыныпты аяқтап, Уфа мұнай институтына оқуға түседі, оқу орнын 1971 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын «Ембімұнай» бірлестігінде бұрғылаушы болып бастайды. Қазақ геология-барлау ғылыми-зерттеу институтында түрлі лауазымды қызметтерде болған. 1983-1987 жылдар аралығында  Йемен Республикасында шетелдік іссапарда жұмыс істеді.  Атырау тәжірибе-әдістемелік экспедициясында бас технолог, басшы болды. 1991-1993 жылдарда геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде басшылық қызмет атқарған. «Қазақтүрікмұнай», «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компанияларында бас директор болып тағайындалды. «Қазмұнайгаз» Ұлттық мұнай компаниясында  атқарушы директор, Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар министрлігінде бірінші тете-министр, ал, 2006 жылдың қаңтарынан 2007 жылдың тамызына дейін Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар министрі лауазымын атқарды. 2007 жылдың тамыз айынан 2012 жылдың қаңтарына дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. 2012 жылдың 20 қаңтарынан бастап ҚР парламент мәжілісінің тете-спикері болып сайланды.

P.S. Бергей Рысқалиев жергілікті БАҚ арқылы облыс халқына қызмет еткен жылдары қоян-қолтық бірлесе жұмыс жасағаны жайлы және түсіністікпен қарағандарына алғысын білдіретін өзінің қоштасу мәтінін таратты. Ол өзінің қол жеткізген ең басты жетістігі - атыраулықтардың өмірінің жақсаруы деп есептейді:

«Бүгінгі күні шалғайдағы селолық елді мекен тұрғындары табиғи газге, таза ауыз суға, мықты байланысқа, электр энергиясына, жалпы барлық коммуналдық шаруашылық желілерін қол жеткізді. Қаншама масштабты жобалар жүзеге асырылды, қаншама  білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорттық құрылыстар және басқа да көптеген әлеуметтік нысандар халық игіліне жарады! Бүгінгі күні мұндай нысандар түгелдей облыста бар, ендігі кезек ұсақ елді мекендер еншісінде.

Бұдан басқа, мыңдаған шақырым жолдар салынды, Жайық  өзенінен өтетін бірқатар көпірлер пайдалануға берілді, аймақтың инфрақұрылымы толығымен қалыптасты. Біз енді селолық жерлердегі жолдар құрылысына  кірістік.

Бүгінде Атырау әдемілігі жағынан Астана мен Алматыға жетпегенімен,  өзіндік сәулеттік стилі бар заманауи қалалардың біріне айналуда. Оның келбеті күн сайын артып келеді, жаңа әдемі  де қолайлы тұрғын үй кешендерімен толыға түсуде.

Тек соңғы бес жылдың ішінде атыраулық  жанұялар 15 мың пәтер алды, мыңдаған адамдар баспаналы болды.

Бүгінгі күні Атырау қаласы секілді аймақтың аудан орталықтары  да көркейіп, дамып келеді. Сыртынан қарағанда олардың облыс орталығынан айтарлықтай  айырмасы жоқ.

Бұл жұмыстардың қорытындысы, менің ойымша әрқайсымызға айқын көрініп тұр».

16 тамыз 2012, 00:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.