Бүгінде «4 Ever» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының атыраулық қыздары мен жігіттері қол ұшын берген ақтөбелік кішкентай Нұрислам Мырзабай күтім терапиясын қабылдауда.
Естеріңізге салайық, тамыз айында біз гистиоцитозға шалдыққан сәби туралы жазған едік. Бұл қанның сирек кездесетін ауруы, жылына 3-4 млн. адамда 1-2 рет кездеседі. Ұзақ уақыт бойына қазақстандық дәрігерлер сәбиге диагноз қоя алмады: оның сол жақ аяғының тізесінде ісік болған, құлағынан іріңді бұлақ ағып, лимфа түйіндері қабынған. Сәби бас ауруына шағымданып, күннен күнге әлсірей берген. Анасы Мәлика қатты күйзеледі. 2009 жылдың қыркүйегінде Нұрисламның әкесі өткір лимфолейкоз сырқатынан көз жұмған. Енді жас әйел баласынан да айырылып қалам ба деп қорқып қалған еді.
Ғылыми педиатрия мен балалар хирургиясы орталығының онкогематологиялық бөлімшесінің мамандары Нұрислам гистиоцитоз кеселіне шалдыққан шығар деп күмәнданған. Алайда нақты диагностика жүргізуге мүмкіндік беретін зертханалар Қазақстанда жоқ. Мәлика сол диагнозды растау үшін оны Израильға «Шнайдер» балалар медицина орталығына апармақшы болады. Ал атыраулық әлеуметтік-қайырымдылық «4 Ever» жобасындағы жандар оған көмектесіп, бір жарым ай ішінде миллионнан астам теңге жинап берген. «Біз анағұрлым тиімді жолын таптық. Анализдерін Германияға жібердік, сол жерде диагнозды растады, - деп әңгімелейді Мәлика. – Бұдан кейін Нұрислам екі реті Алматыдан химиялық терапиядан өтті. Бірақ ем болмады. Дәрігерлер сырқатнама көшірмесінде оның әсері болмады деп жазды. Бірінші курстан өткеннен кейін Нұрисламда асқазанына қатысты жанама проблемалар басталып, қантты емес диабет пайда болды. Аяғы да жазыла қоймады, 9 ай бойына гипспен жүруге тура келді, сүйегі зақымдана бастады. Дәрігерлер не істерлерін білмей, дәрілердің мөлшерін көбейтуді ұсынды. Сол уақытта Астанаға Германиядан маман келіп, біз сол жаққа кеңес алуға бардық. Ол емдеу кестесін өзгерткен болатын. Қосымша кеңес алуға Мәскеуге барғанымызда, олар шетелдік маманның кестесін мақұлдады».
Желтоқсан айынан бастап сәби күтім терапиясын алып жатыр, асқазанын емдеуде, жақында гипсін алыпты. Қазір туысқандары оны үнемі бақылауға алатын орталықты таңдауда. Ол әр үш ай сайын толықтай тексеруден өтуі керек, қажет болған жағдайда еміне өзгерістер енгізеді. Мәскеуге үнемі барып тұру тиімсіз, сондықтан Нұрислам Қазақстанда емделетін болды. «Жақсы болып жатса, бізге 4-5 жыл бойына күтім терапиясын қабылдауға тура келеді. Алайда біз қазір Нұрисламның өздігімен жүретіндігіне қуанып жатырмыз. Бізге қол ұшын берген жандардың баршасына алғысымды білдіремін», - дейді Мәлика.
«4 Ever» қорына басшылық ететін Аслан ТІЛЕУБАЕВ Нұрисламның туысқандарымен үнемі хабарласып тұрады екен. Ол Атырау тұрғындары басқа да балаларға көмек қолын созатындығына сенімді.
«Бүгінде басқаларға көмектесу қажеттігін сезінетін жастар көбеюде», - дейді Аслан.
Зульфия ИСКАЛИЕВА