9 тамызда ТЖ департаментінде өткен мәжілісте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің өндірістік кәсіпорындарды қадағалау жөніндегі бөлім бастығы Айгүл ЫСҚАҚОВА радиациялық жағдай туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, облыстағы бүгінгі таңдағы радиациялық жағдай немесе гамма-фон нормаға сәйкес келеді. Қазір облыста 23 геофизикалық және каротажды жұмыстар үшін радиоактивті заттектерді қолданатын кәсіпорын жұмыс жасайды. 53 емдеу мекемелерінде рентген-аппараттар орнатылған. Азғырдағы бұрынғы ядролық полигонмен бірге олар да радиациялық қауіпті нысандар ретінде есепте тұр.
Облыс аумағында радиациялық апаттар орын алмағанымен, радиациялық оқиғалар бізде сирек те болса, болып тұрады. 2011 жылы ондай оқиғаның 3-і тіркелді. Ақкөл (Ганюшкино селосы) ауылында мектеп құрылысы үшін құрылыс материалдарын тексеру барысында қоршау бағандарында радиацияның нормадан асып кеткендігі тіркелді. Оған құрылыс мердігері – «СнабОйлСтрой» ЖШС кінәлі болып шықты.
Ұлттық ядролық институттың мамандары 20 келілік бүлінген бағандарды пайдаға асырды.
Қазақстан-Ресей шекарасында 2 кәдесыйлық минералды алып шығуға тырысқан шетелдік ұсталды. Тастар шетелдік қонақтан дозиметрдің көмегімен анықталды. Кәдесыйларды жою үшін Ұлттық ядролық институтқа жіберілді. Ал қожайын тастармен қоштасқанына қуанды.
«ЖылыойМұнайГаз» МГӨБ-да радиациялық ортада шкаладан асып кеткен бұрын қолданылған бұрғылау тұрбаларынан 23,35 тонна радиацияны анықтаған. Мұнайшыларға оларды ядролық институтқа тапсыру міндеттелді.
Сондай-ақ, жақында «сәуле сырқаты» деген диагноз рентген-аппаратта ұқыпсыз жұмыс істеп, сәуле алған емханалардың бірінің медбикесіне қойылды. Қазір ол емделуде.
2010 жылы Қарабатанда «Болашақ» зауытының құрылыс алаңында «Гате» компаниясының қоймасында нормадан 120 есе асып кеткен сәуле тіркелді. Қойма астындағы топырақтың бүлінгендігі анықталды. Маңғыстау энергокомбинатынан шақырылған мамандар топырақты пайдаға жарату үшін өз полигондарына алып кетті. Атырау ықшам ауданында құрылыс салушы бос жатқан жер есебінен учаскесін кеңейтпекші болады. Мамандар радиациялық ортаны тексерген кезде топырақтан гамма-сәулені анықтаған. Оған сол жерге көмілген бұрын қолданылған бұрғылау тұрбасы себеп болған екен. Топырақ пен тұрбаны Маңғыстау энергокомбинатының полигонына жолдаған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ