Атырау, 26 желтоқсан 13:40
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Алмагүлдегі» альпинизм

2 314 просмотра

Ықшам аудандағы көп қабатты үйлерде лифтілер істен шықты.

9 тамызда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау жөніндегі басқарманың бастығы Ильдар АХМАДУЛЛИН журналистерге тұрғын үйлердегі  лифтілердің жұмысын қауіпсіздік техникалары нормаларына сәйкес келмейінше тоқтата тұру жөнінде ПИК-пен арада сот ісінің басталғандығын хабарлады.

10 тамызда «АЖ» тілшілері облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта болды, онда аталмыш басқарманың Алмагүл ықшам ауданындағы 16 тоғыз қабатты үйді қамтамасыз ететін «Эпиташвили» ЖК атына берілген  талап арызы қаралды.

Облыстық ТЖД  бөлімінің бастығы Әлібек АЙБАТЫРОВ хабарлағандай, инспекторлар  «Виктория» ПИК,  «Эпиташвили» ЖК қызмет көрсететін үйлердегі және облыстық ауруханадағы  лифтілердің жұмысына шағымданды. Алайда, «Виктория» ПИК-і және аурухана  сот тәртібіне дейін көтергіш жұмысындағы ақауларды жойып үлгерген. Сондықтан да талап арыз «Эпиташвили» ЖК-на ғана берілген. ТЖД сот арқылы Алмагүл ықшам ауданындағы барлық 9 қабатты үйдегі 38 лифтінің және осы типтес Аманшин көшесіндегі №72 және 74-ші үйлердегі 6 лифтінің жұмысын 2 ай мерзімге тоқтатуды талап етті.

Қалалық әкімдік тарапынан қатысқан «Тұрғын үй коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» ММ заңгері Қайрат КЕНЖАЛИЕВ ҚР тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес, лифтілер кондоминиумнің жалпы мүлкі болып табылады, сондықтан да тұрғындар олардың сақталуы мен пайдаланылуына олардың кондоминиумдағы үлесіне (пәтер алаңына байланысты) сәйкесті жауапкершілікті мойындарына алуға тиісті деп мәлімдеді.

Сот талабы бойынша заңгер ықшам аудандағы 16 тоғыз қабатты үйде және соған ұқсас Аманшин көшесіндегі 2 үйде (егер осы барлық 9 қабатты типтік үйлердің  – 81 пәтерден тұратындығын ескерсек, яғни, меншіктегі пәтерлердің санын тез есептеп шығаруға болады – М.С.) қанша мемлекеттік пәтер бар екендігін атап өтті.  Сонымен, №1 – 12 мемлекеттік пәтер, №2 – 39, №3 – 8, №4 – 10, №5 – 15, №6 – 20, №7 – 8, №8 – 11, №9 – 15, №10 – 12, №11 – 11, №12 – 18, №13 – 10, №14 – 11, №15 – 18, №16 – 10, №72 – 5 және №74 – 4.

Судья Ильяс САДБАН орынды сұрақ қойды – егер пәтерлердің көпшілігі жеке болса, 2010 жылы қалалық әкімдік осы үйлердегі лифтілерді күрделі жөндеуден өткізу үшін оны неліктен жергілікті бюджет есебінен қаржыландырды?  Заңгер келтіріліп отырған мәліметтердің соңғы екендігін, ал, 2010 жылы Алмагүл ықшам ауданындағы мемлекеттік және ипотека негізінде меншікке алынған пәтерлердің саны тең болғандығын айтты.  

«Эпиташвили» ЖК құрылтайшысы Алик ЭПИТАШВИЛИлифтілер қызметіне жауап беруге құқығының жоқтығын мәлімдеді, яғни, оның арнаулы лицензиясы жоқ. Сондықтан да ол «Атыраулифт» ЖШС-мен келісім-шартқа отырды. Осы келісім-шартқа сәйкес, лифтіні қолданғаны үшін тұрғындардан түсіп отыратын ақшаны А. Эпиташвили  өзіне ештеңе қалдырмастан түгелімен мамандандырылған кәсіпорынға аударады.

«Атыраулифт» ЖШС директоры Жандос ЖАКУАЛИЕВбұл фактіні растап отыр.

Дегенмен,  Эпиташвили өзінің наразылығын да білдіріп өтті:

- Монополистер жарық, жылу, судың ақшасын өздері жинайды, ал лифт үшін неге ПИК жинауы тиіс? Маған тіпті, «Атыраулифт» ЖШС үшін салық төлеуге тура келеді.

Алайда сот бұл мәлімдемеге  ешқандай мән берген жоқ. Одан әрі  облыстық ТЖД-нің Эпиташвили қызмет көрсетететін үйлердегі лифтіге шағымдары айтылды.  Онда лифт кабиналарының бағыттағыш детальдарының майланбағандығы, жыл-дамдықты шектеу  сынық актілерінің жоқ екендігі, өрт дабылдатқыш және өрт құрал-жабдықтарының жоқтығы, жүк көтеру және сыйымдылығы жөніндегі мәліметтер жазылған кесте тақтаның және дайындаушы фирма, машина бөлімінде арнаулы жұмсақ жабындылардың болмауы, лифтінің апатты жағдайда тоқтап қалғанында диспетчерлік қызмет телефоны көрсетілген жадынаманың болмауы аталды. Оның үстіне лифтінің кабиналары шайқалып, лифті қозғалған жағдайда рельстерде саңылаулардың бар екендігі анықталды.

Мәжіліс аяғында Эпиташвили соттан шын мәнінде ақаулы лифтілерді ғана тоқтатуды өтінді. ТКШ бөлімінің заңгері соттан ТЖД-нің талап арызын қанағаттандырудан бас тартуын сұрады, өйткені, онда дәл қай үйлерде лифтінің көтергіш механизмінің ақауы бар екендігі көрсетілмеген. «Атыраулифт» өкілдері лифтіні тоқтатпауды өтінді. Тоқтаған жағдайда оларды бұзақылар мен түсті металл жинаушылардың тонап кететіндігін  мәлімдеді. Облыстық прокуратура өкілі соттан талап арызды ішінара қанағаттандыруды, яғни, лифт жұмысын 1 айға тоқтатуды сұрады. Нәтижесінде сот Алмагүл ықшам адуанындағы аталмыш үйлердегі лифтілердің жұмысын 1 ай мерзімге тоқтату туралы шешім шығарды және «Эпиташвили» ЖК-не жағдайды 15 күн ішінде түзетуге ұйғарым берді. Бір айда шамамен 5-7 мың адамға жаяулата тұруға тура келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

15 тамыз 2012, 23:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.