Редакцияға Қашағандағы «Д» аралында жұмыс істеп жатқан «Aker Solutions» компаниясының бірқатар қызметкерлері хабарласты.
Олар өздеріне белгілі бір уақытта намаз оқуға тыйым салынғандығына наразылықтарын білдірді. Өз сөздерінің дәлелі ретінде 2010 жылдың 17 қыркүйегіндегі директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Бьерсет ПУАРОНЫҢ қолы қойылған меморандумды көрсетті. Онда намаз оқуға тек жұмыстан тыс уақытта рұқсат беріледі делінген.
- Біз секілді еңбек ететін әріптестеріміз жұмыс күннің ішінде бірнеше рет темекі тартуға үзіліс жасайды – оған қоса 2 мәрте ресми түрде кофе-брейкке үзіліс беріледі. Біз тартпаймыз да, ішпейміз де, ендеше неліктен бар болғаны 10-15 минутқа намаз оқуға тыйым салады? Оның үстіне біздің компаниямызды мердігерлікке алған Аджиптің жоғары шенді қызметкерлері өздерінің діни парыздарын еш кедергісіз орындайтынын біз анық білеміз.
Комментарий алу үшін «Акер Солюшнз»компаниясының атқарушы директоры Стурле МАГНУСҚА хабарластым. Оның жазбаша жауабында басшылықтың қызметкерлерге намаз оқуға тыйым салмайтындығы, тіпті ол үшін тұрғын баржалары мен құрылыс алаңдарынан арнайы орынжай бөлінгендігі айтылған. Жалғыз ғана шектеу – бұл жұмыстан тыс уақытта болуы керек. Мұндай шешімге еш ескертусіз адамдардың жұмыс орындарын үнемі тастап кетуі негіз болған. Бұл еңбекті қорғау талаптарын бұзу боп табылады және қалған адамдардың өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндіреді екен. Бір күні бұның да салдары болуы мүмкін деп жазады С.Магнус. Компания қызметкерлерінің бірімен бейресми әңгіме кезінде, бастапқыда компания олар жасаған тізім бойынша жұмысшыларға жұмыс кезінде намаз оқуға мүмкіндік бергенін әңгімеледі. Бұл тізімдер бригадирлерде болған. Бригадирлер намаз оқушылармен бірге жұмыс орындарынан басқа да құрылысшылар кете бастағанын байқаған. Яғни, олар да намазды себеп қылып жұмыстан қашқақтай бастаған. Сөйтіп еңбек тәртібін күшейту шараларын қарастыру қажеттілігі туындаған. Намазды кедергісіз оқығысы келетін жұмысшыларға құлшылық етуге кететін уақыттарын есептеп, төленетін жұмыс сағаттарын қысқартуды ұсынған. Бірақ олар бас тартқан.
С.Магнустың жауабына оралсақ. Ол ҚР еңбек заңнамасында діни жоралғыны орындау үшін жұмыс берушіні үзіліс беруге міндеттейтін нормалар жоқ деп мәлімдейді. Ал арнайы бөлінген үш орында тынығуға және жылынып алуға кететін уақыт төленетін жұмыс уақытына кіреді. Бұл орынның бірі тамақ ішуге арналған. Осы үзілістерде компания басшылығы намаз оқуға тыйым салмаған және тыйым салмайды да.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мүфтиінің орынбасары Шейх Мұхаммед Хусейн АЛСАБЕКОВТІҢ комментарийі үзілді-кесілді болды:
- Намазды діндарлар қасиетті Құран-кәрімде жазылғандай, белгіленген уақытта оқулары тиіс. Құлшылық ету көп уақыт алмайды, әрі кеткенде 10 минут уақыт кетеді. Ал намаз оқуға тыйым салушылар Алланың еркіне қарсы шыққан болады.
- Бірақ діни құлшылық ету үшін еңбек заңнамасында үзілістер қарастырылмаған. Әңгіме шетелдік компания туралы болып отыр. Ал жұмыс процесі теңізде, жоғарғы қауіп-қатер жағдайында өтіп жатыр ғой.
- Біз емес, олар бізге жұмыс істеуге келген. Тиісінше, олар дәстүрді құрметтеулері тиіс. Біздер зайырлы мемлекет болсақ та, халықтың негізгі бөлігі ислам дінін ұстанады. Демек, шетелдік компаниялар намаздың уақытында оқылуына кедергі келтірмеулері тиіс.
- Үйінен 90 км-ден алысқа шыққан мұсылман «жолаушы» деп саналады және ол үшін құлшылық етуде жеңілдіктер бар деп айтқан еді. Осы рас па?
- Иә, төрт рәкәаттың орнына оған екі рәкәат оқуына болады. Бірақ барған жерінде 15 күннен артық болса, онда жергілікті тұрғын деп есептеліп, намазды толықтай оқуға міндетті.
Жұмыс уақытында демалу және тамақтану мәселелерін ҚР Еңбек кодексінің қалай реттейтіндігі туралы бізге Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің еңбек қатынастары бөлімінің бастығы Әліпқали ДӘУЛЕТЬЯРОВ әңгімелеп берді. 93-ші бапқа сәйкес, түскі асқа үзіліс жарты сағаттан кем болмауы тиіс. 94-ші бапта, жұмыстың жекелеген түрлерінде қызметкерлерге технологияға және өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруға байланысты, жұмыс уақытына қосылатын ауысым ішіндегі үзілістер беріледі делінген. Осы бапқа сәйкес, бұл жұмыс түрлері, мұндай үзілістер берудің ұзақтығы мен тәртібі ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған актілерінде белгіленеді. Бұдан басқа, жылдың суық мезгілінде ашық ауада немесе жылытылмайтын жабық үй-жайларда, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін қызметкерлерге жылыну және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнаулы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші қызметкерлердің жылынуы мен тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге міндетті.Бір жарым жасқа толмаған балалары бар жұмыс істейтін әйелдерге тынығуға және тамақтануға арналған үзілістен бөлек, осы Кодекстің 188-бабына сәйкес баланы тамақтандыруға арналған қосымша үзілістер беріледі.
Өзіміз көріп отырғандай, діни жоралғыларды орындауға біздің еңбек заңнамасында үзілістер қарастырылмаған. Ә.Даулетьяровтың пікірінше, осындай сипаттағы мәселелер жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара келісімі бойынша шешілуі тиіс.
Облыстық мешіт біздің өтінішіміз бойынша ақпан айының намаз оқу кестесін берді. Газетіміздің осы нөмірі шығатын күні, 10 ақпанда таң намазының уақыты сағат 7.03, бесін намазы 13.49, екінді намазы 17.05, ақшам намазы 18.57, құптан намазының уақыты 20.27-ге келіп тұр екен. Намаз оқу уақыты жұмыс күнінің ішінде түскі үзіліске, немесе жұмыс аяғының соңына тура келіп тұр. Демек, бұл жерде аса бір салмақты проблема болмауы тиіс емес пе?
…Материалды дайындап жатқан кезде менің айналамда намаз оқитын адамдардың көп екендігін байқап, таң қалдым. Олардың ішінде кішкентай туысқаным да, құқыққорғау органдары мен шетелдік фирмаларда жұмыс жасайтын көзі ашық жас жігіттер де, шетелдік компанияда жұмыс істейтін қыз да бар. Олардың бәрі де – ата-анасының үлгі тұтар қыздары мен ұлдары және ынталы қызметкерлер. Шетелдік фирмада жұмыс істейтін, күн сайын Қарабатанға жұмысқа баратын таныс қыз намазды кеңсе ішінде оқитынын айтты. Өз кабинеті босаса жолы болғаны, ал босамай қалса өзінің жұмыс үстелінің жанында оқиды екен.
- Мен бұл жолға ұзақ ойланып келдім. Үнемі түрлі сылтаулар тауып жүрдім, бірақ бір күні намаз оқу керек екенін түсіндім.
- Бірақ мұны жұмыс орнында оқу ыңғайсыз емес пе?
- Бұл менің Алла алдындағы өз парызым. Сондықтан мен ешкімнің мүддесіне нұқсан келтірмеуім керек.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА