Атырау, 23 желтоқсан 23:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

​Куәгер «БТА Банк» Әбілязовтің бақылауына қалай өткенін айтып берді

2 155 рет қаралды


Таразда Мұхтар Әбілязовқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтуде. Онда аң аулап жүргенде өлтірілген банкир Ержан Тәтішевтің дүние-мүлкіне қатысты жаңа мән-жайлар анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Еске салайық, қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған өңіраралық сотында судья Кенжеғали Кенжебековтің төрағалығымен өтіп жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар: прокурорлар - Асхан Нұрлыбаев және Ілияс Исқалиев. Куәгерлер ретінде барлығы 100-ден астам адам өтуде. Істің көлемі - 15 том. Мұхтар Әбілязов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясында) 28-бабының 3-бөлігінде, 96-бабының 2-бөлігінің «ж» «з» тармақшаларында (адам өлтіруді ұйымдастыру, адамды жалдаумен пара-пар, пайдакүнемдік мақсатта алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен өзге адамды қасақана өлтіру)  көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген айып тағылып отыр. 

Бүгін сот БТА Банктің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жарымбетовтің жауаптарын тыңдады. Ол ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев Әбілязовтің түрмеден шығуына көмектескенін айтты. Түрмеден шыққан соң Әбілязов Ресейде өз жобаларын дамытып, бизнес бастаған. Тәтішевті Әбілязовтің бизнес-жобаларына (басым дені Ресейде болды), сондай-ақ «Бетпақ-дала» компаниясын дамытуға банктен несие ретінде 300 млн доллар бөлуге мәжбүрлеген. 

«Мен Тәтішевті білемін, ол Әбілязовқа бұл қаражаттарды ешқашан бермес еді. Өйткені олардың қарым-қатынасы дүрдараз болатын», - деді куәгер.

Ержан Тәтішевтің 2004 жылы аң аулап жүргенде өлтірілгені туралы сұраққа Ж. Жарымбетов оқтың кездейсоқ атылғаны туралы сол кездегі ресми хабарламаға сенімсіздікпен қарайтынын айтты. 

«Сол кезде Тәтішевке Әбілязов пен оның мүддесін қорғап келген Дүтбаевтің тарапынан қысым көрсетілді. Тәтішевтің кәсіпорындарына ҰҚК тарапынан тексерістер жүргізілді. Маған Тәтішев күйзеліс үстінде жүргені айтылды. Ол өз көңілін басқаға аудару үшін жиі аңға шығып тұрды», - деді ол. Куәгер өзінің Лондонға мәжбүрлі түрде қоныс аударылған кездегі Әбілязовпен құпия әңгімелері туралы да айтты. «Кезектегі әңгімелердің бірінде Ержан Тәтішевтің оқиғасына қатысты сұрағыма Әбілязов: «Мурка өзінің ісін істеді. Саған ол неге керек, араласпа», - деп жауап берді. 

Ол кезде оның айтқан сөзін түсінген жоқпын. Өйткені өз шаруаларыммен басым қатып жүрді. Кейін оның мағынасын қайта ойландым. Басқа фактілермен салыстырып отырып, ешбір мәні жоқ сияқты көрінген сөздердің астарында, шын мәнінде не жатқанын түсіне бастадым»», - деді Жарымбетов. 

Куәгер өзін Ержан Тәтішевтің жақын досы деп санағанын, оның өлімі қабырғасын қайыстырғанын жеткізді.

«Тәтішевтің жесірі мен Әбілязовтің келіссөздерінде досымның құрметіне оның әйелінің мүддесін қорғадым. Өкінішке қарай, оқиғалар осылай өрбіп, мен ұзақ уақыт бойы Әбілязовпен байланыста болдым. Және Мурканың мойындағаны (а, есіме түсті, адам өлтіру бойынша Мұратхан Тоқмәди күдікті болған еді) мен үшін суыт хабар еді. Мен бұрын да Тәтішевтің өлімі Әбілязовқа тиімді деп санайтынмын, бірақ барынша бұл ойдан аулақ болуға тырыстым. Оның жауабы мұны теріске шығарды. Тәтішев өлгеннен 5-6 айдан кейін Әбілязов «БТА Банктің» бақылауын толық өзіне қайтарды. Бір анығы, Ержан Тәтішев тірі тұрғанда бұл мүмкін емес еді», - деп атап өтті ол. 

Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың ақпан айында Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған өңіраралық соты бизнесмен, бұрын ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы болған, 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталған Мұратхан Тоқмәдиді 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын. 

Сотта Мұратхан Тоқмади жақындары үшін алаңдағанын, оған қоқан-лоққы көрсетіліп, отбасы бұл қысымнан қорыққандығын, сондай-ақ Мұхтар Әбілязовтен Ержан Тәтiшевтi өлтiру үшiн екі траншпен 4 миллион доллар көлемiнде сыйақы алғанын мойындаған.

Дереккөз: inform.kz

30 қазан 2018, 09:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.