Күн суыта бастағанда көлік әуесқойлары қысқы дөңгелектерге көшуі тиіс. Мұның заңнамамен қалай реттелетінін Атырау облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВТАН сұраған едік.
- «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден Одағының техникалық регламентінде «сырғанауға қарсы тікенекті шиналар» (яғни, біз оларды тікенекті деп атап кеткенбіз) мен қысқы шиналар (үш тау шыңы түріндегі және ішінде қар бүршігі бар белгімен, сондай-ақ, «М+S», «M&S», «M S» белгілерімен таңбаланған) деген бар. Егер көлік шиналарында мұндай таңбалар болмаса, олар қысқы шина деп есептелмейді. Сонымен қатар, Регламентке 8-Қосымшаның 5.5-тармағына сәйкес, жазғы уақытта (маусым, шілде, тамыз) сырғанауға қарсы тікенектері бар шинамен жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
- Қысқы шиналар қай кезеңде пайдаланылуы тиіс?
- Қысқы кезеңде – желтоқсан, қантар, ақпан айларында. Қысқы шина ауыстырылмаған көлік үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-тармағына сәйкес 9 910 теңге көлемінде айыппұл салынады. Техникалық регламент қысқы шиналардың көліктің барлық дөңгелектеріне орнатылуын талап етеді. Жылдың басқа кезеңінде шинаны таңдау құқығы көлік қожайынының өзінде болады.
Фархат ӘБІЛОВ