Атырау, 11 қазан 11:33
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Кореялық ғалымдар Атырауды жасыл-желекпен көмкеруге болатындығын дәлелдеді

6 651 просмотра

Облыстық әкімдікте «Атырау-жасыл қала» тұжырымдамасын таныстыру рәсімі өтті.

Өткен жылғы Корея Республикасындағы Қазақстан жылдарының аясында облыстық әкімдік пен Корея елшілігі арасында корейлік мамандардың Атырау қаласын көгалдандыру тұжырымдамасын жасақтайтындығы жөніндегі келісімге келген болатын. Топырақ пен өсімдіктерді зерттеумен ғалымдар Чу Ён Гю және Алекс Хон айналысты. Олар тұжырымдаманы сый ретінде тегін жасады. Ғалымдар халықаралық әуежай, Жилгородок, Балықшы және Ақжар поселкесіндегі  саяжай аудандарындағы топырақты зерттеді. Олар қалада қылқан және жапырақты ағаш, бұталардың 72 түрінің өсетіндігін анықтап шықты. Алайда, көгалдандыруға топырақтың тұздылығы мен жауын суларының (жылына кем дегенде 300 миллиметр) аздығы кедергі келтіреді екен. Жыл сайын жауын-шашынның азаюы топырақтың нашарлануына әкеліп соқтыруда. Бірақ, кореялық ғалымдардың пікірінше, егер өсімдіктерді отырғызу мен оларды күтіп баптаудың заманауи әдістерін қолданатын болса, онда көгалдандыру проблемасын сәтті шешуге болады екен.

Ол үшін дренаж каналдарының желісін қазып, шыққан топырақтан жасанды төбелі жерлер жасауға болады. Дренаж каналдары суаратын су үшін тоғандармен жалғастырылуы тиіс. Жасыл-желекті 3 саты етіп отырғызу керек. Бірінші-тез өсетін ағаш түрлері, одан кейін бұталар, оның артына газон егіледі. Қала айналасында және өнеркәсіп кәсіпорындарымен шекарада ені 10 метрден 500 метрге дейінгі орман алқабы болуы тиіс. Орман алқаптарында міндетті түрде қала кварталдарына жел өту үшін «дәліздер» болуы керек. Бұдан басқа, көшелерді көгалдандырып, саябақты аймақтарды тек мөлтек аудандар ішінде ғана емес, Жайықтың ортасына, яғни, жүзбелі арал ретінде жасау керектігін ұсынды.

Чу мырза өздері жасаған Жилгородок, Нұрсаядағы бірінші президент саябағынның және Жайық жағалауының эскиздерін ұсынды. Дизайнер өзінің қиялында тіпті, әуежай аумағында теңіз жағалауында саябақ аймағын жасаған. Профессор Чу мырзаның айтуынша, айналаны көгалдандыра отырып, Жайық өзенінің суын көбейтуге болады екен. Оның есебінше, 1 гектар жасыл-желек жылына 57 тонна суды сақтайды екен. Бұдан басқа, оның айтуынша, егер жағалауды көгалдандыратын болса, өзендегі судың мөлдірлігі де 2 есеге дейін артады екен. Бұдан басқа, Чу мырзаның айтуынша, қала көшелерін көгалдандыру ауа температурасын қыста 2-3 гарадусқа көтеруге, ал, жазда ыстықты 3-4 градусқа төмендетуге мүмкіндік береді екен. Ағаштардың қалыпты өсуі үшін күн сәулесі, су және топырақта ерітілген қоректік заттар керек. Атырауда күннің қарқындылығы өте жоғары, құрғақ жел соғады, ал, өсімдіктердің қалыпты өсуі үшін қажетті жауын мөлшері нормадан 2,5 есе аз. Алайда, әлемде мұндай мәселелерді шешудің көптеген жолдары бар.

Корея Республикасының аумағы Қазақстан аумағынан 27 есе аз. Кореялықтарға жерді үнемі теңіздегі аралдардан бөліп алып отыруға тура келеді. Теңізге топырақты төгіп, тұзды топырақ алады. Ал, бұл шешілетін проблема. Чу мырза Шихва қаласындағы теңізден бөлініп алынған алаңы 15 мың 240 гектар болатын жасыл-желекпен көмкерілген өнеркәсіпті аймақтың косметикалық түсірілімін көрсетті. Атырау қаласының алаңы 10 мың 200 гектарды құрайды.

Кореялық мамандардың айтуынша, Атырауда бірнеше жыл ішінде 2,5 мың гектар жерді көгалдандыруға болады екен. Ол үшін көгалдандыру бағдарламасын жасақтап, соны қатаң бақылауға алу керек. Чу мырза өзінің баяндамасын философиялық тұрғыда аяқтады: «Адамзат өз тарихында ағаштан артық бірде-бір тазарту қондырғысын ойлап таба алған жоқ».

Осылайша кореялық ғалымдар біздің табиғат жағдайымызда барлық өсімдік түрін өсіруге болатындығын атап өтті. Ол үшін тек қаражат пен құлшыныс болсын дейді. Енді сөзсіз «жасылдар» бір көтеріліп қалатын болды. Өткен жылы зауыт айналасында орман алқабының құрылысын бастаған АМӨЗ басшылығы өз жобаларын қолға алатын болар. Ал, облыстық әкімдіктегілер Қарабатан мен қала арасында орман алақабының құрылысы туралы «Аджип ККО» компаниясымен келіссөзді қайтадан жандандыратын болар, өйткені, ол үшін тұжырымдама дайындалды емес пе?

 Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В.Истомин

10 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.