Атырау, 16 қазан 13:36
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Көшені босқа кезбе, қарағым

2 469 просмотра

Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына түсіп жатқан балалардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайған. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне Орталықтың әлеуметтік қызметкерлері хабарлады.

Былтырғы жылы мұнда 402 бала қабылданған. Бұл шағын аймақ үшін көп. Олардың арасында үйінен шығып кетіп, қаңғыбастыққа салынған балалардың саны басым болды. Ал биыл жағдайы төмен отбасылардың интернатқа орналастырылуға тапсырылған балалар саны өсті. Алайда, әлеуметтік қызметкерлер оларды бірінші кезекте өз отбасыларына кері қайтаруға тырысады.

Біз Орталықтың кіреберісінде өзінің балаларын тастап кетуге қимай отырған жас ананы байқадық. Оның көпке дейін тұрақты жұмысы болмай, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеуге жағдайы келмегендіктен амалсыздан Орталыққа тапсырды. Жақында ғана ол қала базарларының біріне аула сыпырушы болып жұмысқа орналасты. Жағдайын сәл түзеп алған соң, балаларын Орталықтан алып кетпек.

Қазір Орталықта 5 бала уақытша тұрып жатыр. Бесеуі де бір үйдің баласындай, бір-бірін жатсынбайды. Мәселен, Ресейден келген 10 және 12 жастағы ағалы-інілі бауырлардың әкесі қайтып, аналары ата-ана қамқорлығынан айырылған соң, Атырауда тұратын туған әжесі өз қамқорлығына алған. Алайда, ол кейінгі жылдары денсаулығы болмай, төсек тартып қалған соң, балаларды қарап бағатын жағдайы болмағандықтан қамқорлық құқығынан айырылды. Осы іске қатысты барлық құжаттар дайын болған соң, бұл балалар үш айдан соң қаладағы интернаттардың біріне орналастырылады.

Әдетте Орталыққа 3-тен 18 жасқа дейінгі қадағалаусыз қалған және панасыз қалған балалар; ата-анасының немесе заңды өкілдердің қамқорлығынсыз қалған балалар; арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілген кәмелетке толмағандар орналастырылады.

- Мен бұл орталықта өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жатырмын. Студенттік жылдары осында тәжірибеден өттім. Онда орталықтың терезелері мен ауласы, барлық жері темір тормен қоршалған, ыңғайсыз болатын. Ал қазір орталықта психолог пен әлеуметтік педагогтар бар. Одан бөлек, демеуші компаниялар балаларға материалдық көмек беріп отырады,- дейді кәмелетке толмағандарды бейімдеу Орталығының әлеуметтік қызметкері Айгүл ДОСКАНОВА.

Ол балалар полициядан жасырған сырларын мамандар алдында әрі кеткенде жарты сағаттық уақыт әңгімеден соң ашылып айтып жататынын әңгімеледі. Айтпақшы, қазір түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде жүрген балаларды полиция бөлімге емес, бірден Орталыққа алып келетін болды. Ата-аналар да балаларын полиция бөлімінен емес, осы жерден алып кетеді.

Орталыққа түскен кәмелетке толмағандардың құжаттарын рәсімдеу барысында қиындықтар жиі кездеседі.

- Баланың құжатын жасау үшін алдымен оның ата-анасының құжаттары қажет болады. Ал оларды сұрастыру үшін бала мекен-жайын білу керек. Алайда, оны бала өзі білмейді немесе әдейі жасырып айтпайтын жағдайлар жиі кездеседі, - дейді А.Досканова.

Мәселен, биыл орталыққа 17 жастағы Орал қаласынан келген қыз баланы полициялар алып келген. Ол тәртіп сақшыларына өзінің мекен-жайы мен аты-жөнін айтудан бас тартқан. Кейін оның жезөкешілікпен айналысқаны анықталды. Әлеуметтік қызметкерлер оның ата-анасын іздеп тауып, олар қызын үйіне алып кеткен.

Ал ақыл-ойы кеш дамыған жасы 13-тегі жасөспірім мекен-жайын шын мәнінде білмеген. Ол ауданнан қалаға қыдырыстауға келген. Үйдегі жинақ ақшаны қалтасына салып алып, қалаға жүретін таксиге мініп кеткен. Ал кейінгі жолды ұмытып қалған.

- Бір құтқарғаны, баланың қалтасында апа-ағаларының визиткалары бар екен. Сол бауырларының жұмыс орындарына хабарласып, інілерін аман-есен табыстадық,- дейді А.Досканова.

Қазір Орталықта балаға қатысты және жалпы отбасындағы проблемаға қатысты кез-келген сауал бойынша Отбасылық қолдау қызметі жұмыс істеп тұр. Онда арнайы сенім телефоны да орнатылған - 30-67-94. Сенім телефонына жұмыс күндері сағат 9-дан 18-ге дейін қоңырау шала аласыз.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

8 тамыз 2012, 22:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.