Атырау, 25 сәуір 16:08
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қазақстанда орташа айлық жалақы 9,1 процентке өседі

1 489 просмотра


Республикалық бюджеттен жалақыны өсіруге 288,9 млрд теңге қарастырылған. Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекет басшысының 5 қазандағы жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыруға қанша қаражат бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, үш жылдық кезеңге 1 триллион 288 миллиард теңге қарастырылған.

"Республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 966,1 миллиард теңге бөлінеді. Ең алдымен, қаражат ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге бағытталады. Бұл мақсатқа үш жыл ішінде 288,9 миллиард теңге немесе жыл сайын 96,3 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр", — деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 85,8 миллиард теңге 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысын көтеруге бағытталса, 10,4 миллиард теңге жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін толықтыруға жұмсалады. 

"Қосымша шаралар қабылдаудың арқасында экономиканың барлық саласы мен секторында орташа айлық жалақы 9,1 процентке өседі. Бұл инфляцияны есепке алғандағы нақты өсім", — деді министр.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамытуға (БЖК-2020 бағдарламасы бойынша) үш жылда 90 миллиард теңге немесе жыл сайын 30 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті 5 қазанда жариялаған жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап үкіметке ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын. Сондай-ақ,  бюджет саласы жұмыскерлерінің жекелеген санаттарының жалақысы ұлғайтылады.

Дереккөз: sputniknews.kz

18 қазан 2018, 11:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.