Атырау, 22 қараша 19:39
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Қиын да қауіпті қызмет

Сурет
4 539 просмотра


Олардың бәрі бұлшықеттері тартылған, алғыр, жанып тұрған көздерінде батылдық пен ақыл тұнып тұр. Байкал, Аякс, Әскер, Нөкер, Блэк, Даяна, Муна... Аттарының өзі неге тұрады. Төбеттер бізге басымыздан аяғымызға дейін шабалана үре бастады. Бірақ кинологтардың оларға шлейка кигізгендері сол еді, абалаған төбеттен салмақты, өз жұмысына зейін қойған полицей иттерге айналды.

Атырау облыстық ІІД Кинология қызметі орталығы питомнигінің әрбір маманына орташа алғанда екі иттен келеді. Барлығы 25 төбет қызмет етеді, олардың бірі іссапарда жүр.

Кинологтың жұмыс күні кофеден емес, орын алған қылмыстар жинағынан басталады. Иттерді серуендеткеннен кейін әр кинологқа тапсырма беріледі, иттердің бірі қылмыскердің ізіне түсуге кетеді, басқалары жарылғыш заттарды немесе қару-жарақтарды іздеуге аттанса, үшіншілерін жаттығу полигоны күтіп тұрады. Ал жалпы күн сайын табанды түрде жаттығулар өткізіледі. Онсыз болмайды, дейді кинологтар. Тек еңбек қана төртаяқтыларға берілген тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді.



ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫ МЕН ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

«Ең үздік ит қайсысы?» деген сұраққа бәрі Байкалды көрсетеді. Ол шынымен де керемет: шайырдай жылтыраған қара түкті, бұлшықеттері тартылған, ширақ жүрісті, тәжірибесі де Рэмбоға бергісіз. Оған кинолог Данияр ҚАЛИЕВ бекітілген.

- Біз 2014 жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеміз, - дейді Данияр, - иә, ол үздік төбет.

Данияр көп сөйлемейтін, салмақты, сабырлы жан екен. Байкал оған мүлдем кереғар: бір минутта мың рет қозғалады, қатты абалап үріп, көздерінен ыза мен шыдамсыздық байқалады. Бұл жігіттер бірін-бірі толықтырып тұрады.

- Не? – деп Байкалды сипап суретке түсу туралы өтінішімді естіген кезде Данияр абдырап қалды. – Камераға түсе алмаймын...

Сәл кейінірек, рас, көндірдім. Байкал еркелеткенге тұмсығын көтеріп, қожайынына мұқият зер салды: жұмыс кезінде еркелетуге үйренбегені көрініп тұр.

Кинолог пен иттің жұмыс және демалыс уақыттары болады екен. Егер кинолог қарғыбау кигізсе, демек, босаңсып, серуендейміз, ойнаймыз, жұмысты ойламаймыз. Егер шлейка кигізсе – қызметтік істер күтіп тұр деген сөз. Жұмыс сәтті аяқталғаннан кейін кинолог шұжық немесе үйде піскен тамақтар береді. Бірақ, ең қымбаты - риза болған қожайынынан мақтау есту. Кинологтар осындай шексіз махаббат пен тілалғыштық  қасиетін осылайша дарыта ма екен?


- Егер үнемі еркелетіп, мақтай берсе, құлақ аспайтын болады, - деп түсіндірді аға инспектор-кинолог Ренат ЕРЖАНОВ. - Қаталдау болу керек, бұл қызметтік ит қой. Бірақ мейірімділік те өте маңызды. Мейірімділік – бұл сенім. Ит өз қожайынына сенуі тиіс. Егер қожайыны оны жақсы көрсе, ол қожайынына ұнау үшін бәрін жасайды. Ал кинолог итті өзіне күш көрсетпей бағындыру үшін білекті, ықыласты, тез әрекет ететін, қауіпті болғандықтан жұмыста босаңсымауы тиіс. Иә! Сіз қалай ойлап едіңіз? Иттерді қылмыскерлерді ұстау үшін жаттықтырады. Сондықтан төбет жаттықтыратын жеңге емес, оның алқымына немесе басқа нашар қорғалған жеріне жабысуы мүмкін. Жақсы кинолог иттермен жүйелі жұмыс істейді және түрлі үйрету әдістерін меңгеруі тиіс. Өйткені әр иттің өз мінез-құлқы мен мүмкіндіктері бар.

БАЙКАЛ ІЗГЕ ТҮСЕДІ

Байкалдың мінезін арнайы күпәйке мен шалбар киген басқа кинолог арқылы көрсетті. Шартты «бандит» бой тасалауға тырысқанымен, оны қарғып барып қуып жеткен Байкал темірдей құрсауымен ызалана ырылдап жеңіне жабысып алды. Әзер айырды.


- Егер қолы қорғалмаған болса түгін қалдырмас еді, - дейді ІІД кинология қызметі орталығының бастығы Серік АЙТПАЕВ. Ренат толықтырды:

- Көктемде мынадай оқиға болды: қылмыскерлер ғимаратты сындырып, терезе арқылы сейфті алып шыққан. Байкал ізге түсіп, жарты шақырымдай жерден қалың қамыс арасынан осы сейфті тауып алды. Сейф бұзылған екен. Тонаушылар сол жерде болмай аман қалды. Әрі қарай басқа полиция бөлімшесі жұмыс істеді. Байкал өз жұмысын жүз пайызға орындады. Олсыз әрі қарай тергеу жұмыстары тұйыққа тірелер еді. Өйткені адам жоқ қалың қамыс өскен жерден шағын затты табу ақылға қонымсыз еді.

- Тағы бір оқиға: 102-ге қоңырау түсті, жеке үйдің аумағынан кірпіш ұрланған екен, - деп естеріне түсірді кинологтар. – Қылмыс болған жерге Данияр Байкалмен барды. Ол ізге түсті, бірақ оның артынан көп жүгірмедік – келесі көшедегі көршінің қақпасына жетті.  Кейін тергеу барысында анықталғандай, ұрлаған адам өзіне тиесілі нәрсені алған екен, арыз беруші осы кірпіштер үшін ақшасын әлі төлемеген.

Жігіттер Байкал туралы тағы бірнеше хикаяны әңгімеледі. Төбет өзі туралы айтып жатқанын сезген сияқты: аяқтарын паңдана қозғап, фототілшінің камерасына бой түзей қалып, Даниярдың еркелеткен алақанын ризашылықпен қабылдады.


АДАЛ БАРОН

Қызықты жайт – кинологтар қызметіндегі иттердің әрқайсысы тек өз қожайынын ғана тыңдайды. Ендеше, көрелік... Барон деген лақап аты бар бірінші төбетке тәжірибе жасадым.

- Барон, Бароша, Барик, жақсы ит екен, отыр! – деп жалбарына өтініп, уәдені үйіп-төктім. Бірақ Барон өзінің ақсүйек атын ақтап, жан-жағына зеріге қарап, елемей, маған қарамай қойды. Қорланып қалады екенсің. Бірақ қожайыны бұйрық бергені сол еді, жақындап келіп, менің оған дейін айтқан нәрселерімді мүлтіксіз орындап шықты. Бірақ мен ренжіген жоқпын, өйткені шын мәнінде, Барон тілалғыш, адал төбет, тіпті, құлағын да қожайыны жаққа түріп алған.


ЗИППИБОЙДЫҢ ШЕБЕРЛІК ДӘРІСІ

Ол жерде неміс овчаркаларынан басқа бельгия овчаркалары, сондай-ақ, лабрадорлар мен спаниельдер де бар екен. Соңғы екі тұқымды иттер есірткілер мен жарылғыш заттарды іздеумен айналысады. Лабрадор Зиппибой кинолог Еламан КЕНЖЕБАЕВҚА бекітілген. Мұндай өзгеше лақап ат шыққан тегі арқылы берілген, бірақ кинологтардың бұл атқа үйреніп кеткені сондай, оларға оғаш көрінбейді. Сөйтіп, Бой бізге есірткіні іздеу бойынша шеберлік дәрісін көрсетті.

Бір бірінен бірдей қашықтықта орналасқан 8 саңылауы бар шағын тұғыр орнатылған бос бөлмені елестетіңізші. Олардың бірінде есірткі имитаторы бар. Болып жатқан жағдайды жапсарлас бөлмедегі әйнек арқылы бақыладық.

- Имитатордың шынайы есірткі сияқты иісі бар, мұндай заттар бізге ІІМ-нен арнайы келеді, - дейді Ренат.

Санаулы секундтарда төбет «дұрыс» саңылаудың қасына жата қалып, имитаторды тауып алды. Орнын қанша өзгертсе де, лабрадор бірде бір рет қателеспеді. Ал жалпы, Зиппибой бұл жердегілердің ең момыны, егер қаншама қылмыскерді отырғызғанын білсе, қатты таң қалар еді.


ЕШ ҮРЕЙСІЗ, КІНӘ АРТПАСТАН

Әр иттің шыққан тегінен бастап, ол қатысқан соңғы іске дейінгі бүкіл ақпарат жинақталған жеке ісі бар. Төртаяқты полицейлердің көмегімен ашылған қылмыстар біріктірілген басқа папка да бар. Бұл папкадағы қызықты тармақтардың бірі - одорологиялық сұрыптау.

- Адам, соның ішінде, қылмыскер қандай да болмасын нәрсеге жанасса, онда ағзадан бөлінетін метаболизм өнімдері қалып қояды, - деп түсіндірді Рүстем дәрігердің кейпімен. – Олар әр адамға жеке дара тән иіс түзеді. Қылмыс орнынан алынған заттай айғақ зарарсыздандырылған одорологиялық контейнерге салынып, герметикалық қақпақпен тығындалады. Бұл жерде, кинологиялық орталықта итке осы затты иіскеуге береді, содан кейін адамдарды иіскетеді. Әдетте, күдіктімен бірге тағы 5-6 адамды әкеледі. Бұл көзбе-көз беттестіру деп аталады.

Егер төбет банкадағы иістің иесін тапса, ол қуана шабалана үреді. Иә, қуанышпен үреді. Өйткені, бұл тәжірибеге, әдетте, мейірімді лабрадорлар мен бақытты спаниельдер қатысады. Орташа алғанда процедура 3-4 рет қайталанады, егер иттер бір адамға ғана қарсы ослай әрекет етсе, онда одорологиялық іріктеу сәтті өтті деген акт жасалады. Әрине, бұл тергеу барысындағы жанама дәлелдердің бірі ғана.

- Иттер мұндай нәтижелер көрсету үшін тек жаттығу ғана емес, таза тектілік, мықты психика мен дарын керек, - дейді Серік Айтпаев. – Таң қалмаңыз, иттер де адам сияқты. Олардың әрқайсысының көзіне қараңызшы, көздерінен үрей де, күмән де көрмейсіз, олар терең жан-дүниесімен қарайды. Үрейсіз, еш кінә артпастан отқа да, суға да, шабуылға да, атыс-шабысқа да түседі. Бұйрық орындалуы тиіс.


Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Биылғы жыл басынан бері Атырау облысында қызметтік иттердің көмегімен 349 қылмыс: пәтер ұрлығы, тонау, қарақшылық, есірткі сақтау қылмыстары ашылды.

18 қазан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.