Атырау, 26 қараша 02:06
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Әлем дауысы» Астананы жаңғыртты

Сурет
2 904 просмотра


5-11 қазанда әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының  съезі аясында өткен халықаралық «Астана - Әлем дауысы» фестивалі 25 елден келген 500-ден астам хор әртісінің басын қосты. Бұл елдердің қатарында Австралия, Моңғолия, Грузия, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ бар.

Қазақстанда мұндай ауқымдағы музыкалық шара алғаш рет өткізіліп отыр: моңғолдың тамақпен айтылатын, грузин ерлерінің көп дауысты әндері, нақышты оңтүстік-шығыс әуені мен мәнерлі американдық вокал Қазақстан астанасына мерекелік көңіл күй сыйлады.

- Біз теңдессіз тәжірибе алмасу үшін, еліміздің хор өнерін таныстыру үшін қазақстандық және шетелдік хор ұжымдары арасында өзара қатынас алаңын құруды мақсат еттік, - дейді жоба авторы, Астанадағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Камералық хорының көркемдік жетекшісі және бас дирижері Гүлмира ҚҰТТЫБАДАМОВА.

Астанаға келген атақты музыканттардың арасында – әлемдік деңгейдегі дирижерлер Габор Холлерунг (Венгрия), Зимфира Полоз (Канада), Аида Свенсон (Индонезия), соның ішінде, вокалшылар –Washington Area Music Accociation Awards 8 жүлдесінің иегері, композитор әрі орындаушы Амикаэла Гастон (США) бар.


Индонезиялық «Кордана» жасөспірімдер хорының жетекшісі Аида Свенсонның айтуынша, фестиваль тақырыбы – соғыссыз әлем:

- Балалардың бейбітшілік елшілері ретінде қатысуы өте маңызды, мақсатымыз орындалды.

Аида Свенсон – Принстон университетінің түлегі, классикалық музыка білімін алған. Оның шәкірттері – ашық түсті ұлттық киім киген Индонезия сұлуларының керемет пластикасы мен синхронды қозғалыстары есте қалды.

- Қыздар әр сенбі мен жексенбі сайын 5-6 сағаттан дайындалады, вокалдық өнерді, ән айтуды, содан кейін тек пластиканы үйренеді, - дейді Аида Свенсон. – Біз ұлттық дәстүрімізді сақтауға, ұлттық аспаптарда ойнауға тырысамыз. Мен үшін жастардың халық музыкасы мен биін білуі өте маңызды.

Фестивальдағы көзге түскен орындаушылардың бірі  - Амикаэла Гастон. АҚШ елшілігінің қолдауы арқасында ол елімізге бесінші рет келіп отыр.


- Мен Гүлмира (Құттыбадамова) жетекшілік ететін бірнеше ұжыммен ән айттым. Соның ішінде Астана камералық хоры мен ТҮРКСОЙ хоры бар. Фестиваль әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі орындаушылармен бірге музыканы орындауға мүмкіндік береді, адамдарға әннің әр түрлі тілде айтылатындығына қарамастан, бір-бірін жақсы түсінуіне көмектеседі, - дейді Амикаэла.

Сонымен қатар, фестиваль күндері хор өнері саласындағы шетелдік мамандар жергілікті музыка мектептерінің шәкірттері үшін шеберлік дәрістерін өткізді. 

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

16 қазан 2018, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.