Атырау, 27 желтоқсан 06:52
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Фёдор Сараев: «Сахараға көзсіз ғашықпын»

8 490 просмотра

…Мен шөпке қисая кеттім. Көз алдымда қарсақтың үш күшігі ойнап жүрді. Біреуі, шамасы ішіндегі әуесқұмары шығар, менімен танысқысы келді. Бүйірлеп, жайлап жылыстап, жақындап келеді. Біресе желге мұрнын көтереді, бiресе құлақтарын қысады, ал өзі сабырсыздықтан қыңсылап қояды. Ол үшін адам жаңа, жұмбақ құбылыс. Ал масалар, денемнің ашық жерлеріндегі әр саңылауға қонып алып, суаттан су ішкен түйе секілді, қанымды сорып жатыр... Мен болсам жануарды үркітіп алмайын деп, қозғалуға қорқып отырмын.  Мұның бәрі бос далбаса еді! – деп, саяхатшы бетіне түскен ақ шашын қағып жіберіп, сөзін жалғастырды. - Әлгі күшік менің кроссовкамды иіскелеп тұрды. Елестетіп көріңізші! Жап-жақын жерден! Сәттілік деп осыны айт! Мен тек «Зениттің» түймесін басып қана үлгердім...

ӘЙЕЛ, ҚАРУ ЖӘНЕ ТЕЛЕДИДАР

Жұмыс орны арқылы адамның мінез-құлқын түсінуге болады деседі. Оның кабинетіндегі шкаф кітаптармен, анықтамалармен, папкалармен, карталармен, құстар, кеміргіштер, жұп тұяқтылар және басқа да сахаралық тіршілік иелері туралы әлдебір жазбалармен лық толы. Қабырғадағы стендке «Кәсіби жылан аулаушының кеңестері» деп жазылыпты, сәл төмендеу жерде әлдебір улы сұр жыланның шиыршықталып оралған бейнесі салынған. Бррр… Сол жақ қабырғада «Амфибиялар, тасбақалар және кесірткелер» деп аталатын плакат ілінген. Айтпақшы, танысып қойыңыздар, Федор Александрович САРАЕВ, ол Атырау обаға қарсы стансасының аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын-алу және эпизоотология зертханасының меңгерушісі.

«Ростов мемлекеттік университетінің биофагын бітірген кезде бізді шексіз кеңес аумағына бөле бастады. Біреулер жұмыс орнын үйінің қасынан, енді біреулер көрші облыстан алғысы келді. Ал менен сұраған кезде ойланып алып, «мені алысырақ жіберіңіздер» деп жауап берген едім».

…Жолсерік менің аялдамамды атаған кезде, терезеге көз тастадым. Стансадағы кестеде «Ганюшкино» деген күлкілі атау жазулы тұрды. Мен осы жерден «Гурьев облысының алты қанаттылары» тақырыбында дипломдық жұмысымды жазып бітірдім. Иә-ә-ә, бұл жерде алтықанаттылар жеткілікті болатын...

Сол кезде кезiгудiң сәтi түскен көпті көрген бір зоолог достық пейілмен иығымнан қағып: «Федя, бұл жерде өмір сүру үшін үш нәрсе: әйел, қару және теледидар қажет», - деген еді.

Ол кезде әйелім бар болатын, теледидарды алғашқы жалақыма, ал қаруды келесісіне сатып алдық. Осы жерде Елена Дмитриевнамен бірге өмір сүргенімізге отыз жылдай уақыт болды, балаларымыз да осы жерде дүниеге келді, енді немерелерімізді тәрбиелеп отырған жайымыз бар».

Әр жаз сайын адамдардың демалатын және еңбек демалысын алатын кезінде Федор Александрович зерттеу үшін аса қызықты шыбын-шіркейлерді салатын құтыларды, қорапшаларды, реторталарды жинастырып жүргені.

Түпсiз жолдорбаға далада қажет болатын заттың бәрі: су құйылған құты, тағам, ұйықтайтын қапшық және Cannon салынады.

«Жаз тезірек болса екен», - деді суық шалған терезеге көз салған зоолог күрсініп. Шексіз Атырау даласын және оны мекендеген барлық тіршілік атаулыны қаншалықты аңсағаны жүзінен ап-айқын білініп тұрды. 

Әрине, өзі-өзін сыйлайтын әрбір саяхатшы секілді Федор Александровичтің басында «қилы оқиғалар» деген үлкен папка сақтаулы. Біз сол папканы ашуды өтінген едік.

ШӨЛДIҢ ЫСТЫҚ КҮНI

«Бәрі де болды ғой. Жақын арада болған оқиғаны айтып берейін, - деді ойланбастан зоолог. – Жазда басшылықтың тапсырмасымен үш жолдасыммен бірге борлы тау жаққа аттандық. Алайда бұл жолы әдеттегідейі «уазикке» емес, джипке мінген едік.

Саяхатшылар тобы қолайлы жабдықталған салқындатқыштың саясында рахаттанып отырғанда, далада жан төзгісіз ыстық аптаптан дала шөбі көз алдымызда қурап, сарғайып бара жатты. Саялайтын көлеңкенің ізі де көрінбеді. 

«Кенет, түсініксіз иіс мұрынға келді. УАЗ-да болсақ, не болғанын бірден түсініп, тоқтап, ақауларды жойған болар едік. Ал біз не болғанын түсінбей, әрі қарай аса бердік. Салон ішін ащы шайырлы түтін алып кеткенше жүре бердік. Тамақты жыбырлатқан түтін иісіне жөтеліп, балағаттап, бәріміз машинадан секіріп түстік. Қарасақ, көлігіміз жанып жатыр. Сөйтсек, қара жолдың ортасындағы шығыңқы бөлігінің темірді қыздырғаны соншалық, машинаның түбі тиген шөп өртеніп жатыр екен. Өртті қолымызда бар сумен және топырақпен әзер өшіріп алдық. Өшірдік-ау, енді не істейміз? Көліктің астындағы барлық сымдар күйіп кетіп, тұйықталып қалыпты».

Жігіттер сарыуайымға салынды. Айнала аптап ыстық. Жақын елді мекенге дейін кем дегенде жаяулатып бір күнде жетесің. Телефондар байланыс аясынан тыс жерде. Су қорының таусылуы жақын. Бес сағат бұрын әлдебір мұнай кәсіпшілігінің жанынан өткендігі естеріне түседі. Сол жерге ең тәжірибелі дегендердің бірін, яғни Федор Сараевты жарақтап жіберуді ұйғарады.

- Мен сегіз сағаттай жаяу жүрдім, отыз бес шақырымдай жерді артқа тастадым. Далада малшылардың ескі тұрақтарынан малға су құятын бетон текшелердің қалғаны жақсы болды. Солардың саясында отырып, демалып алдым. Суым бітіп қалды, төбем түтіндене бастағандай болды, ал еріндерім қабықтанып жарылып кетті. Аяқтарым зіл батпан боп, жүруден қалды. Ал өзім өмір мен өлім туралы пәлсапалық ойға кете бастадым. Бір адам шөлді кезіп жүретін әлдебір фильмдегі кадрларды еске түсірдім, сол кезде фильмнің немен аяқталатынын есіме түсіре алмай-ақ қойдым. Іңірт үйіріле бастағанда алыстан жалтылдаған шам оттары мен вагондарды көзім шалды. Бұл әлгі айтқан мұнай кәсіпшілігі болатын. Вагондарға бірнеше метр қалған кезде жақындап қалған машинаның шамын көрдім. Сөйтсем, бұл біздің джип екен!

…Сараевты жіберген соң, жігіттер қол қусырып қарап отырмапты. Даладан сым тауып алып, бір жерлерін бұрап, қайдан тауып алғаны белгісіз, әлдебір қысқышты ауыстырып бекіткен соң, машина от алыпты. «Тек оны сөндіруге болмайтын еді, - деп күлді зоолог. – От алған көлікке секіріп мініп алдық. Бірақ сол кезде өз миссиямызды орындағанымызды мақтанышпен айта аламын».

«КИІКТЕР БҮЙІРЛЕРІМЕН ЖАНАП ӨТКЕН ЕДІ»

Зоологтың тағы бір құштарлығы – фотосурет болатын. Оның компьютері сансыз суреттерге толған. Бұл жерде жануарлар, өсімдіктер және даланың ғажайып көріністері, сондай-ақ, қала көріністері түсірілген. Әрбір сурет - қозғалысқа және ойға толы сәттің бір үзігі. Жемтігімен ін ауызына қарай жүгіріп бара жатқан түлкі. Фотоаппарат объективiмен өмiр емес, өлiм үшін күресуге дайын тұрған тiсiн ақситқан қалқан құлақ батбат. Мына бір суретте ізіне түскен «әріптестерінен» қашып құтылмақшы болған, тұмсығына балық іліп алған шағала. Келесі папкалар теңіз толқынына арналған. Ол арқылы күн шапағын объективке түсіріп алмақ болыпты. Ал мына жерде күннің батқанын бақылаған қапаланған сиырдың сұлбасы бейнеленген...

- Әрбір күннің батысы алдыңғысына мүлдем ұқсамайды, - дейді тінтуірді қозғап, мониторға қадала қараған Сараев. – Мен іссапармен Ақтауға барғанда өз коллекцияма күннің батқанын түсіріп алу үшін теңіз жағасын он күндей кезіп жүрдім. Міне, мынау сол.

Фотосурет шынымен де керемет боп шығыпты. Теңізге енді-енді батып кетердей боп тұрған қызғылт шеңбердің көрінісінде жалғыз құстың сұлбасы бейнеленген. Айта кетелік, осы фотосурет таяуда өткен республикалық «Сүйемін сені, туған өлкем» атты конкурста жеңіп шыққан болатын. Біздің обаға қарсы күрес стансасы зертханасының меңгерушісі өзінің ескі Cannon-ымен заманауи технологиямен жабдықталған тоқсан сегіз кәсіпқой фотографтардың ішінде бірінші орынға ие болған. Мұны ол жай үстірт қана айтып өтті. Өйткені өз жетістігі туралы әңгімені киіктерге қарай бұрып жіберген болатын. Сол кездегі даланың тіршілік атаулыға лық толы болғанын, енді оның тіршіліксіз, қаңырап қалғанын жаны ауыра әңгімеледі.

Мен қабырғада ілулі тұрған суретке назар аудардым: киіктердің үйірі суат басына келіп тұр екен. Сараев мұңая күлімсіреді.

- Бұл суретті жиырма жеті жыл бұрын түсірген едім. Өзімнің «Зенитіммен» қары еріп жатқан жырада тұрдым. Ұзақ күтуге тура келді. Үйір мені бірден байқап, қауіптімін бе, жоқ па, анықтау үшін ұзақ бақылап тұрды. Осы сәтті өткізу үшін, өзімді ағаш деп елестетуге тура келді. Бұлшық еттерім ұйып, шаршағандықтан көзден жас парлап, көтерілген шынтағым шанши бастады, бірақ мұным текке кетпеді. Әуелі біреуі, содан соң екіншісі, содан кейін бүкіл үйір суатқа бас қойды. Сiз олардың қалай шабыттанып тамсана кекiргендерiн естiр едiңiз. Мені күлкi қысты, бiрақ мен өзіме қатты қозғалуға мүмкіндік бермедім. Біраз уақыт өткен соң олар маған көңіл бөлуді қойып, мені судан шығып тұрған түбірге балап, судан шәрмиген бүйірлерімен мені жанай өтіп айналып жүрген болатын. Осынау керемет сезімді ешқашан ұмытпаймын. Ал енді, - деді қабағы түсіп кеткен зоолог, - он бес күндік сапарда бір-екі ғана киікті көруге болады. Олар бір-бірден ғана жүретін болған. Ал олар негізі үйір боп жүретін жануарлар ғой...

КЕКШIЛ ҮКI

«Мынау кішкентай үкінің суреті. Сол күні мен ауыр жарақат алып, тіпті мүгедек боп қалуым ғажап емес еді.

Бір күні таңертең далада келе жаттым. Оң жағымда жыра, сол жағымда жазықтық. Кенет күн сәулесінен жартастан ұшқан әлдененің қанаты байқалды. Аңдысын аңдасам – үкі екен. Ол да менi әлдеқашан байқаған секілді. Берекесі қашып кеткен,  өйткені ол балапаны жатқан ұяда отырған еді. Оның наразы болғанына қарамастан, қасына жақындап бардым. Аппарат түймесінің оқыс сартылы оны жартастан сәл биікке ұшуға мәжбүрледі. Мен ұяны дүрлiктiрмей тағы бiрнеше суреттер түсіріп, әрі қарай қозғалдым. Кешке жақын кері сол жолмен қайтар кезде әлдебір мазасыздықты сезіндім».

Сөйтсе, күні бойына кекшіл үкі далада келе жатқан адамның қозғалысын бақылап отырыпты. Сөйтіп кек алу жоспарын құрған екен. Қолайлы сәтті аңдыған ол тұтқиылдан артқы жағынан келіп шабуыл жасайды. Қорқынышты дөңгеленген көздері оттай жанған ол ұясына жақын баруға батылы жеткен адамға үлкен тырнақтарын батырмақшы болады. Сараев дер кезінде артына қарап, жерге құлап үлгереді. Өткір тырнағы иығының терісін сыдырып өтіп, көзіне тиіп кетуге шақ қалған.

- Мүмкiн, сол кезде менiң ішкі түйсігім артыма қаратқан шығар. Үкілер өте жақсы аңшы құс қой, жайылған қанат ұштарының арқасында мүлдем дыбыссыз ұшады...

- Ал сізді жиі зақымдап, шағып-тістеп алады ма?

- Әрине! Бір рет сары шаян шағып алды. Мен алтықанатты қоңызды іздеп, жерден кесек тас көтеріп ала бергенімде әлгі нәрсе мені шағып алды. Бүйе де бір-екі рет шағып алды. Осындай бүйелердің бірі бірнеше ай бойына колбада отырып, мен оны шығарып алғанша өзін сол жерде жайлы сезінген болатын. Осы ғажайыпты танысыма көрсетпекші болдым. Мені тағы не тістеп алып еді? Құстар шұқып алды. Тіпті балықтар да жүзбеқанаттарымен түйреп кетті. Алайда ең жаныма батқаны – «жасанған Редувий» (Reduvius personatus L.) қандаласының шаққаны. Бірде оның осы маңдағы станса аумағындағы теректе жүргенін көрген едім. Сөйтіп оны банкаға салып қойғым келді, ал ол болса мені шағып алды. Қыздырылған тебен иненің денеңе баяу сұғылып жатқанын сезініп көріңізші. Содан соң бұл жараның орны ұзақ уақытқа дейін жазылып болмады.

Зоолог басқа бір жағдайды да есіне түсірді. Ол ашу кернеген қалқан құлақ батбатты суретке түсірмекші болыпты. Бұл ұзындығы жиырма төрт сантиметрдей болатын үлкен кесіртке-тұғын. Федор Александровичтің жорамалынша, жақсы етіп ауқаттанып алған кесіртке күн көзінде қалжырап жатқан. Ал бұл болса оны зерттеуге аңсары ауып тұрған. «Оны қорқынышты кейпіне енуге мәжбүрлеу үшін ұзақ азаптануға тура келді. Оның шиыршық атқан денесі, тарбиған табандары керемет еді. Қараңызшы, аранын ашып, қалай ызаланғанын көрдіңіз бе? Керемет!».

ТАБИҒАТТА ӘРКІМ ТІРШІЛІК ҮШІН КҮРЕСЕДІ

- Сіздің үйіңізде жануарлар көп шығар...

- Жоға, бір қабырғаны тұтас аквариум алып жатыр, бар болғаны сол. Дегенмен жергілікті балақайлар түрлі жануарларды жиі әкеледі. Бірде ұясынан құлап кеткен құстың балапанын, бірде кірпіні, бірде бүркіттің балапанын алып келеді. Мен оларға бұл жануарлардың жабайы табиғатта тіршілік ететіндігін түсіндіруден шаршамаймын. Оған өзіміздің адами түсініктерімізді таңудың қажеті жоқ. Әлгі кірпінің баласын адам қолына алғаннан кейін оның өмір сүріп кетуі неғайбыл. Оның анасы оған енді қайта жоламайды, өйткені оның иісі енді басқаша, демек, ол қауіпті болады.  

Бізде, мәселен, далада адасып қалған адамға көмектесу керектігі туралы жазылмаған заң бар. Ал киіктің аналығы, мәселен, анасы қаза болған бөгде киік баласын өзіне жақындатпайды. Жабайы табиғатты мекендеушілерді бақылай отырып, әр тіршілік иесінің өзінің тіршілік ету ережелері бар екендігін түсіндім, бұл олардың әрекеттерінен байқалады.

Басқа мысал – менің суреттерімнің әденеше рет кейіпкеріне айналған үйрек-италақаздар. Олар әдетте борсықтың немесе түлкінің індерінен балапан шығарады. Содан соң оларды бірнеше шақырым жерде орналасқан жақын маңдағы су қоймасына апарады. Әрине, жол бойында түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Егер кенеттен ата-анасы мертіксе, үйректің балапандарын басқа жұп қабылдап алады. Бір аталықтың айналасында жиырма бес балапанның жүзіп жүргенін, ал оның оларды айналсоқтап ұшып жүрген бүркітті қаһарлана жолатпай жүргенін көргенім бар.

- Ал сіздің балаларыңыз сіздің жолыңызды қуды ма?

- Жоқ, – деп күрсінді Сараев, - олардың қызығушылықтары басқа болды. Сәл ойлана түсіп, былай деп қосып қойды: - Алайда алғашқы қар түскен кезде, алдымен оны немереме көрсетуді ұйғардым. Көше әдемі боп жатты. Киініп, көшеге шықтық. Немерем шаттана көзін кең ашып, ұзақ тұрды да, маған әлдебір құпияны айту үшін еңкеюімді өтінді.

- Сонда не айтты ол?

- Ешкімнің ойына келмегенді айтты. Ол: «Ата, қарашы, ағаштар қармен ауырып қалды» деді. Маған, неліктен екені белгісіз, немерем атасы секілді табиғатқа қызығушылық білдіріп, жақсы көретіндей көрінеді. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін біз екеуміз алтықанатты қоңыздарды бірге жинайтын шығармыз.

Анастасия ПАСТУХОВА

Фотосуреттер Ф.Сараевтың жеке мұрағатынан алынды

3 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.