Совет үкіметі кезінде Қызылқоға ауданындағы Соркөл елді мекені ферма орталығы болған, алайда қазір көп нәрселер өзгерді. «АЖ» тілшісі Мұқырдан 80 шақырым шалғайда жатқан 70-ке жуық тұрғыны бар осы ауылдың жай-күйімен танысып көрді.
Тұрғындар бұрынғыдай мал шаруашылығымен айналысып, сүт пен етін сатып күнелтеді екен.
- «Миялы-Сағыз» тас жолы жөнделгендіктен қарым-қатынасымыз оңалды. Жолға шығамыз, болмаса бірігіп бір үйдің көлігін шығарып, ас-суымызды тасып аламыз, дүкен жоқ қой. Қалай еткенде шағын ауыл адамдары бір-бірімізбен ағайындай араласып отырмыз. Жастар аса тұрақтағамағанымен, үлкендер басқа жерге қоныстануға аса қызығушылық танытыпайды,-дейді Нұргүл СӘРСЕНҒАЛИЕВА.
Ауылда шағын клуб, мектепке дейінгі балаларға арналған мини центр (мұнда бес бала оқиды), медпункт, кітапхана жұмыс жасайды. Барлығы бір жерге шоғырланған, ыңғайлы. Дегенмен, ғимарат жөндеу сұрап тұр.
- Суды жерасты құдығынан алып отырмыз, ұялы байланыс болмағанымен, әр үйдің стационарлық телефон бар. Бізді қинайтыны-көгілдір отын мәселесі. Ол келсе қи мен тезектен құтылар едік,-дейді ауыл тұрғындары.
- Соркөл болашағы жоқ ауыл санатына жатпайды, бұл өңір болашақта көбейеді деген үміттеміз,-дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек ТҰРДАҒАЛИЕВ. - Көгілдір газ тартудың сметалық жобасы жасақталып жатыр. Тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы. Ал ауыз су тарту қаралмаған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор