«Каспий табиғаты» ҚБ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВ облыс әкімінің жуырдағы есебінде («АЖ», №30, 26.07.12 жыл, «Хал нешік? Бәрі жақсы») экологиялық бөлімге орын табылмағанын орынды атап өтті. Бұл ахуал шынымен де қауіп төндіріп тұр.
ШЕКТЕН ТЫС НОРМА
– Махамбет Ғалымжанұлы, сіз Қашаған жобасы мен Теңіздегі Келешек кеңейту жобасының қоршаған орта үшін теріс әсерлері туралы әлденеше рет ескерттіңіз. Алайда жұртшылықтың пікіріне биліктің елең етіп отырмағанын тәжірибе көрсетіп отыр. Бізге Қазақстан үшін, соның ішінде біздің аймағымыз үшін осы жобалардың экономикалық және әлеуметтік пайдасы туралы ғана хабарлайды.
– Ешкім де экономиканың дамуына қарсы емес - әңгіме ақылға қонымды мөлшерде табиғат байлығын пайдалану туралы болып отыр. Атап айтқанда, біздің белгілі ғалым академик М. ДИАРОВ Теңіз бен Қашағандағы мұнайды өндіру жылына 15 млн тоннадан аспауы тиіс деп тұжырым жасады. Алайда таяудағы онжылдықта ТШО жылына 36 млн тоннаға дейін, Солтүстік-Каспий Консорциумы – 130 млн-ға дейін өндіруді жоспарлап отыр.
Мұнай кәсіпорындарының қызметінен тарайтын шығарындылар ауаға тасталатын бүкіл шығарындылардың 80 пайызын құрайды. Қатты бөлшектер, күкіртті ангидрид, көміртек тотығы, азот оксидтері, көмірсутектер бөлініп, тек кеніш аумағындағы әуе бассейнін ғана емес, санитарлық-қорғаныс аймағынан шалғайда орналасқан елді мекендерді де қарқынды түрде ластап отыр.
Аталмыш ластаушы заттектерден басқа 70-тен астам түрлі зиянды заттар бар. Олар: формальдегид, фторлы сутек, қорғасын қосылысы, аммиак, фенол, бензол, күкіртсутек және т.б. Алайда басты ластаушы заттектердің концентрациялары (күкірт диоксиді және т.б.) шекті деңгейден анағұрлым жиі асып кетеді. Шығарылатын барлық ластаушы заттектердің 47,2 пайызы - факельдік шаруашылыққа, 39 пайызы - түтін тұрбасына, 13,8 пайызы - қалған ластаушы көздердің үлесіне тиеді.
Осы ластаушы заттектердің құрамының кейбірі қиын ыдырайтын заттектер боп табылады. Мәселен, H2S бір тәулік бойына ыдырамайды және 700-800 км-ге тарайды. Ал көміртек тотығы төрт тәулікке дейін ыдырамайды. Осылайша, Каспий өңірінің аумағында біртіндеп құрамында күкірт пен азоты бар қауіпті заттектер көп шоғырланады.
Компанияның әлеуметтік жарналарына келер болсақ, онда олар солардың қаржыларынан жүзеге асырылып отыр деп сендіреді, бірақ олай емес. Олардың кез-келген әлеуметтік жобасы іс жүзінде қазақстандық мұнай табысының үлесінен, яғни, сайып келгенде, қазақстандықтардың өздерінің есебінен қаржыландырылып (өтеліп) отыр.
ӨРТЕЛГЕН СТАНСАЛАР
– Менің білуімше, экологиялықтұрғыда ең қолайсыз жер Жылыой ауданы боп табылады. Ол жерде 20 жылдай уақыттан бері Теңіз кеніші қарқынды игерілуде. Дегенмен, мұнай өндіру облысымыздағы 7 ауданның 4-уінде игеріліп жатыр.
– 1993 жылдан бастап (ТШО-ның Теңізде жұмыс жасай бастаған уақыты) ластаушы заттектер бірден шығарылған620 жағдай тіркелді, бұлар негізінен түнгі уақытта орын алды. Мұндағы ластаушы заттектердің 170 мың тоннасы (1993 жылдан бастап) қоршаған ортаға ТШО факельдері арқылы тарады. Ал сонау 1988 жылы Теңіз кенішінің төңірегіне қоршаған ортаны бақылайтын 30 станса орнатылған болатын. Алайда айқын мәліметтер жарияланғаннан кейін бұл стансалар 1990 жылдардың аяғында ТШО-ға қызмет көрсетпейтін болды. Қазір олардың тек 14-і ғана қалды. Қалғандары өртелді немесе тоналды. Кеңес дәуіріндегі сейсмостанса да солардың кебін киді (олар күн сайын дерлік 2-4 баллды техногендік жер сілкінісі туралы хабарлайтын). Оларды да 1990 жылдардың аяғында жойып жіберді. Экологтар бүкіл қоршаған ортаны бақылау стансасын тез арада қалпына келтіруді ұсынып отыр.
– ТШО-ның оларды қалпына келтіруге ниет білдіруі неғайбыл...
– Жақ ашпай отыр. М. Академик Диаровтың мәліметтері бойынша, 1993 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі аралықта Теңізшевройл 230 млн тонна мұнай өндіру үшін атмосфераға 1,2 млн тонна улы заттар шығарды. Яғни, 1 тонна мұнайдан 4 кг360 г ластаушы зат шығады. Мұның бәрі халық денсаулығына әсер етеді. Медиктердің мәліметі бойынша, соңғы жылдары Құлсары қаласы (ал бұл Теңізге жақын орналасқан ірі елді мекен) тұрғындарының жалпы сырқаттану деңгейі он есеге көбейген.
ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНБАЙ ҚАЛАДЫ
– Жыл сайын дерлік ТШО вахталық поселкесінде жұмысшылар о дүниеге аттанып жатады. Ауысымнан кейін ұйқыға кетеді де, оянбай қалады.
– 2000 жылдардың басында сол кездегі облыс әкімі И.ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ тапсырмасымен Жылыой ауданы тұрғындарының денсаулықтарын тексеріп, жергілікті тұрғындардың, «Теңізшевройл» және мердігер мекемелер қызметкерлерінің өлу себебін анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Сол уақыттарда Теңізден жиырма шақты километрдей қашықтықта орналасқан Сарықамыс поселкесінде 24-тен 53-ке дейінгі жастағы 189 адам қайтыс болған еді.
1993-2000 жылдар ішінде Теңізде ТШО-ның 64 қызметкері қайтыс болды. Жұмысқа орналасқан кезде таудың тасындай денсаулықтары мықты бұл адамдардың өлімі, алдын-ала жасалған медициналық тексерудің куәлік етуінше, қатерлік ісіктен, миокард инфарктісінен, қан айналысының асқынып бұзылуынан болған. Ал 2000-2011 жыл ішінде мұндай статистика жария етілмейді. Бірақ тіпті, бізге белгілі деген жағдайлардың өзі экологияның біз үшін өмір мен өлім мәселесі екенін дәлелдеп отыр.
2000 жылдардың ортасында жүргізілген зерттеулер Сарықамыс поселкесінде, ТШО поселкесінде, Теңіз вахталық поселкесінде адам ағзасына түсетін газ қоспасы бар ингаляциялық күш 8,5-тен12,1(шекті рұқсат етілген концентрация) ШРК/тәулікке жеткен. Ал анағұрлым көп химиялық заттектері (NO2, NH4, көмірсутектер) бар ингаляциялық күш ТШО-ның өндірістік аймағындағы жұмысшыларға – 40 ШРК-ге дейін, аз мөлшерде тұрғын аймақ халқына – 2,0 ШРК/тәулікке дейін жеткен.
– Ендеше ТШО неліктен шығарындылар шекті рұқсат етілген нормадан аспайды деп, әлдебір зерттеу мәліметіне сілтеме жасап отыр?
– Мәселе мынада, «Мониторинг» ЖШС және басқалар ТШО тапсырысы бойынша атмосфералық ауаға зерттеу жүргізген. Бір ғажабы, оларда бәрі қалыпты болып шығады. Ал оның құпиясы қарапайым ғана: ТШО-ның «қолқалаған» өтініші бойынша цифрлар шекті рұқсат етілген концентрация мөлшеріне дейін өзгертілген. Мұны ТШО-ның экологиялық мердігерлерінің өкілдері тапсырыс беруші оларды асырауды тоқтатқаннан кейін ғана, яғни оларды өз орындаушылары тізімінен шығарып тастағаннан кейін бізге мойындады. Ал түрлі «академиялық» институттар ТШО-ның өтінішіне бас изегендіктен бірнеше жыл бұрын биліктен осындай «ғылыми» қызметтері үшін лицензияларынан айырамыз деген қоқан-лоққыға дейін мықтап сазайларын алған еді.
АЙЫППҰЛДАР АУА БОЛМАЙДЫ
–Таяуда өткен дөңгелек үстелде КРІ компаниясы газ-химия кешенінің жобасын таныстырып, экологтар кәсіпорынның жалпы шығарындылары туралы ақпараттың олар үшін қолжетімсіз екендігі жөнінде мәселе көтерген болатын. Шығарындыларды есептеумен кім айналысады және шынымен де бұл ақпарат соншалықты жабық па?
– Бұл мәселені атмосфералық ауаны бақылаумен айналысатын арнайы ведомостволар мен институттарға жолдау керек. Олардың ақпараты облыстық әкімдіктің тиісті департаментіне түседі. Айтпақшы, оның мәліметі бойынша, 2011 жылы Атырау облысында атмосфераға тасталатын лас заттардың жалпы көлемі 107 368 тонна құраған, соның ішінде 97 313 тоннасы - стационарлық көздерден және 10 055 тоннасы - көшпелі көздерден. Барлық шығарындылардың негізгі үлесі мұнай-газ саласының еншісінде.
Облыс прокуратурасының хабарламасы бойынша, соңғы жылдар ішіндегі жалпы статистика атмосфераға тасталатын лас заттардың жалпы көлемінің тұрақты көбейіп отырғанын дәлелдейді. 2011 жылғы ТШО-дағы шығарындылар көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға, «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ – 74 пайызға, «ҚазТрансОйл» АҚ – 14 пайызға, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы – 27 пайызға көбейген. «Теңізшевройл» ЖШС мен «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ факельдерінде ілеспе газды өртеу де қоршаған ортаға теріс әсер етеді. Алайда бұған ҚР заңымен тыйым салынған. 2011 жылы ТШО-ға газды рұқсатсыз өртегені үшін 643 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынып, 7 млрд теңгеден астам сомаға зиянды өтеу туралы ұйғарым шығарылды. Жайық-Каспий экология департаменті 2011 жыл ішінде атмосфералық ауаны қорғауға қатысты270 тексеру жүргізді, 188 заң бұзушылық анықталды. 1,6 млрд теңгеден астам сомада айыппұл салынып, 14,1 млрд теңгеге 148 талап қойылды. Ал прокуратура тексерулері департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі тек 83 тексеруге (44%) ғана тартылғанын көрсетті. Алайда оның қатысуынсыз сапалы бағалау мүмкін емес, ал ТШО мердігерлерінің мәліметтері, жұмсартып айтқанда, сенім туғызбайды. Неліктен бұлай жасалады деген сұрақ туындайды.
ШТАТТАРДАН КЕМБІЗ БЕ?
–Аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін не істеу керек?
– Бұл мемлекеттік органдарға қойылатын сұрақ, ал қоғамдық ұйымдар өз ұсыныстарында: 1) ластаушы заттардың эмиссиясын есептеу әдісін және ШРК нормасын нақтылап, мұнай-газ кәсіпорындарының төңірегіндегі санитарлық-қорғаныс аймақтарының шекарасын қайта қарау; 2) атмосфералық ауа сапасын өлшеу дұрыстығының мониторингісі, ал табиғат пайдаланушыларды оларды сәл бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту (ол үшін ҚР заңдарына таяуда енгізілген түзетулер бар) қажеттілігі туралы көптен бері айтып келеді.
– Сіз табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін нығайту туралы айтып отырсыз. Бірақ Қазақстанда мұнай компанияларына жасалатын бүкіл дәйекті «шабуылдарды» басып тастайды. Дәлірек айтқанда, жоғарғы деңгейде келіссөздер жасалғаннан кейін қазақстандық тараптың кейбір экономикалық тұрғыда жол беруімен аяқталады.
– Бұл сұрағыңыз, әрине, қызықты, бірақ маған қойылмауы керек. Мен тек бірнеше жылдан бері қарай айтып келе жатқанымды ғана айтамын: техногендік және экологиялық апаттар болған жағдайда барлық ірі компаниялармен халықты сақтандыру және өтемақылар туралы жекелеген келісім-шарттар керек. Мұны әлдеқандай жағдай орын алғаннан кейін емес, қазір жасау керек. Айта кетелік, АҚШ-та мұндай келісім-шартсыз ешқандай мұнай операциялары жүргізілмейді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА