Атырау, 23 желтоқсан 05:35
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Маржан ТӨРЕХАНОВА: «Мен мансапты емес, отбасымды ойлаппын»

6 774 просмотра

Халқымыздың маңдайына біткен қазақтың бұлбұлы Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВАНЫҢ үздік шәкірттерінің бірі қазір Атырауда тұрып жатқанын бәрі бірдей біле бермейді. Ұстазы шәкіртіне үлкен үміт артып, оған өзінің орындауындағы «Бұлбұл» әнін 2007 жылы сеніп тапсырды. Содан бері ел аузында «Атыраудың бұлбұлы» атанған опера әншісі Маржан ТӨРЕХАНОВАНЫжерлестері де іздеп тұратын болды. Біз жақында Маржан апаймен кездесіп, сұхбат алдық.

 

- Маржан апай, сіз атыраулықтар үшін еліміздің мақтанышы Бибігүл Төлегенова апамыздың бірегей шәкірті ретінде жақсы таныссыз. Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әніндегі бұлбұл құсының сайрайтын үнін айнытпай салуыңызбен де ерекшелендіңіз. Ұстазыңыз сізге қай жерде жүрсе де жоғары бағасын беріп жүреді. Дегенмен Алматыда қалып қоймай, Атырау өңірінен әріге аса алмауыңызға не себеп болды?

- Шынында да, қарапайым халық та, кәсіби әншілер де «Мұндай дауыспен, мұндай өнеріңізбен сіз Алматыда немесе Астанада жүруіңіз керек қой. Атырауда неғып жүрсіз?» дейді. Кейде мен осы уақытқа дейін «Бибігүл апай кезінде алып қалғысы келгенде неге қалмадым» деп ойланамын. Мен 1982 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның әзірлік  курсына түстім. 1984 жылы 1-курсқа қабылданып барып, тұрмысқа шықтым. 1985 жылы балалы болып, келесі жылы тағы да босандым. Сол себептен қала алмай, ауылға келдік. Оқудың ортасында академиялық алып, тоғыз жыл оқып бітіріп шықтым. Мемлекеттік емтиханды тапсырып жатқанда тұмаулатып ауырып қалғаным. Төрт курс бойы оқып жүргенде ауырмай, әбден 5-ші курсқа келгенде ауырдым ғой. Тамағымды қысып көк жөтел алып бара жатты. Мемлекеттік емтихан болса жақындап қалған. Ал мен болсам сахнаға шығуым керек. Бибігүл апайдың бермеген дәрісі жоқ, дауысымды жазу үшін тосаптың да неше түрін берді. Сөйтіп, ауырып тұрсам да емтихан талабы бойынша берілген барлық шығармаларды орындап шығып, соңғы курсты да 1991 жылы бітірдім. Бибігүл апай «бір жылға қал, сенің дауысыңды күшті етіп шығарамыз. Жұмысқа қалдырамыз» дегенде мен: «Жоқ апай, мен қала алмаймын. Ауылға кетемін» дедім. Ол кезде мен «карьера» жағын ойламаппын. Тек бала-шағамды, отбасын ойлаппын ғой. Өсейінші, «карьера» қуайыншы демеппін. Қазір бәрі өсуім керек деп жанталасады ғой.

- Сіз секілді классикалық әншілер қатары шетел асып, атын әлемге паш етіп жүр. Қазір қалмағаныңызға өкінбейсіз бе?

- Кейде өкінемін. Дауысым өзіме ұнап, күшті бір дауысым шығып, әдемі иірімдер салғанда, неге мен кезінде қалмадым екен деп өкінемін. Өкінгенмен жасым келіп қалды ғой менің. Қызғанбаймын, қызығамын. Ал мен өзіме шағын ғана мақсат қойғанмын. Менің бала күннен аңсағаным - Бибігүл апайдай әнші болу. Бала күнімдегі  «менде Бибігүл апайдай дауыс болса ғой, қасында жүріп ән айтсам» деген арман болды. Сол арманым орындалды. Ал мен сол кезде «бүкіл әлемге таныламын» деп мақсат қойсам, соған жетер едім деп ойлаймын.

- Әншілік өнер қалай дарыған сізге?

- Үйде ағам мен апам домбыра, баянда ән шырқайтын. Мен де ең бірінші ән айтуды домбырамен бастадым. Халық әндері «Ақ кербез», «Ақ дариға» әндерін орындап жүрдім. Кейін 6- сыныпта оқып жүргенімде менде жіңішке дауыс пайда болды. Сонда Бибігүл апайды теледидардан үзбей көріп, бірге қосылып жүрдім. 8-сыныпта ең алғаш рет ауылдағы мәдениет клубында Ақан серінің «Қараторғай» әнін шырқадым.

- Қазір шығармашылығыңыз қалай өрбіп жатыр?  

- Жаңа шығармалар қарап жатырмын. 2007 жылы Бибігүл апаймен бірге концерт бердім. Тағы да бір концерт берем деген ойым бар.

- Отбасыңыз жайлы білсек?

- Мен өзім Теңдік ауылында 1960 жылы дүниеге келдім. Еркінқала ауылына тұрмысқа шықтым. Жолдасым бұрын балықшы болды. Қазір Қарабатанда. Үш ер балам, екі қызым бар. Үлкен ұлым – мұнайшы. Қызым Алматыда Т.Жүргенов атындағы институтта 3-курста. Болашақ актриса. Екі баласы бар. Кейінгі балалар осында оқып жатыр. Кенжем  мектепте.  

- Әншілік бағыңыздың жанған кезі есіңізде ме?

- Мен консерваторияны бітіргеннен кейін өнерді қойып кеттім ғой. Тек оқытушылықпен айналыстым. Сахнаға шыққан жоқпын. Сол кезде апай маған бір хат жіберіпті. 1996 жылы-ау деймін. Ол кезде мен 36 жастамын. Апай хатта «еліміздегі бала санын көбейтіп жатырсың, енді жарар» дегенге келтіріп, «Өнеріңді қолға ал» деп, кішкене қатты-қатты сөздер айтыпты маған. Содан кейін апайдың қамшылауымен өнерге қосылдым.

- Бибігүл апай «Маржан шәкірттерімнің ішіндегі ең талаптысы, еңбекқор» деген баға бергені есімізде

- Мен консерваторияда тек Бибігүл апайдың сабағына ғана қатысатынмын. Апайдың келесі кластарға беретін сабақтарына да қатарынан қатысып отыра беретінмін. Содан бір күні апайға ұстаздар шағым түсіріпті. Кейін апай мені сабақ кестесі арқылы «Маржан, сенің қазір мынадай сабағың бар, соған бар» деп тексеріп отыратын болды. Маған ол сабақтар керек болғанымен, апайдың бір сабағын қалдырғым келмейтін. Сөйтіп апайдың алдында ұзақ отырып, оның үніндегі түрлі құбылыстарды, дем алу техникасын, қиқулайтын жердегі шеберлікті меңгеріп алдым. Ұстаздың қадірін шәкірт тәрбиелегенде біледі екенсің. Басқасына қалай екенін білмеймін, бірақ Бибігүл апай маған көп мән береді. Өзім де неге маған осылай болып тұрады екен деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ұстаздар қай шәкіртінен не шығатынын біліп тұрады екен.

- Бибігүл апаның қузаулауымен пәтерге де былтыр ғана ие болдыңыз. Жаңа баспанаңыз қалай?

- Мен кезекте 1997 жылдан бері тұрдым. Оның ортасында арыздар жоғалып кетті. Одан қайтадан арызды қалпына келтірдік. Бибігүл апай хабарласқан сайын «Маржан, не болды үй алдың ба?» деп сұрайтын. Мен қысылып, оған «үй алған жоқпын» деуге және 10-20 жылдап тұрып пәтер алмағаным үшін намыстанатынмын. Сонда ол «Сен бір Маржансың ғой Атырауда. Саған пәтер бермей отырғаны қалай?» дейтін. Кейде «Маржан қайда?» деп ән айтқызуға концертке іздеп жатқанда, «Маржан қайда деп іздегенде жақсы, үй бермейді» деп қиналған кездер болды. Өздеріңіз білесіздер ғой, ауылда құдықтан су тасимыз, от жағатынбыз. 2003 жылдары мен Дина Нұрпейісова атындағы оркестрде жұмыс істедім. Сол кездерде қиын болды. Ауылда газ, су жоқ. Бәрін қолмен істейсің. Балалар ұсақ. Соның бәрін білдіртпей, қиындықты сездірмей жұмысқа келесің. Қазір енді газ бар. Жол салып, су бергеннен кейін үй берді ғой. Сонда осыған дейін қиыншылық көрсін деп сынаған ғой мені деп ойлап қоямын. Әкімге рахмет айтамын. Енді әкім  өнерге көп көңіл бөлсе екен деймін. Мәселен, демеушілердің көбі классикадан қашқатайды. Олардың өзіне де табыс керек қой. Оларды да түсінесің. Көрермен келмейді деп ойланып қалады. Эстрадашыларға болса көмектесуге дайын тұрады.  

- Классикалық әндерді тыңдаған адамның сана-сезімі өседі деп қалды жақында бір опера әншісі. Ал жастар арасында операны тыңдайтындар аз дейтіндер  бар.

- Бұл адамның кішкене кезінде қалыптаса бастаған сана-сезіміне байланысты сияқты. Қазіргі кезде балаларды қолынан ұстап музыка мектебіне беріп жатамыз ғой. Маған ешкім сен операны сүй деп үйреткен жоқ, сүйрелеген жоқ. Мен өзім теледидардан апайды тыңдадым, содан бастап класссиканы сүйіп өстім. Қазіргі жастар бес жасынан бастап эстраданы тыңдап жатады. Ал біздің кезімізде теледидардан классиканы көп жіберетін. Егер балаға таңертеңнен бастап Штраус, Моцарт, Бибігүл апайларды тыңдатса, онда өскелең ұрпақ классикаға жақын болуы мүмкін. Классика адамды тәрбиелейді ғой. Мен өзім қатты ауырғанда классиканы тыңдасам, жазылып кетемін. Немесе ашуға булығып отырып, классиканы тыңдасам, жаным тынышталады.

- Тойға жиі шақыра ма сізді? Тойда жиналатын халықтың бәрі бірдей операны түсінбейді ғой.

- Оны тойда отырған халықтан сұрау керек шығар. Бірақ, тойға шығам деп шықпайсың ғой. Халықтың өзі шақырады сені. Қанша дегенмен тойдың дәрежесі басқа ғой. Концерт күнде өтіп жатпағасын, той арқылы бойыңа сыймай, ішіңде тұншыққан өнеріңді сыртқа шығарып ашылып, бір рахаттанып қаласың. Егер концерттер жиі болса, тойға бармас едік.

- Қандай арманыңыз бар?

- Астана, Алматыда ән шырқасам деймін. Жас емеспін ғой енді. Орта жасқа келдік. Бірақ сонда да армансыз болмайды екенсің. Үкіметтік концерттерде көрініп, шетелге барсам деймін. Бәрі өзіме байланысты ғой. Ол үшін әуелі Атырауда көбірек концерт беріп, өзімді көрсете түсуім керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Cуретті түсірген автор

3 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.