Биылғы күннің ыстық, жауынның аз болуы өсімдік атаулының жаз ортасына жетпей-ақ күйіп кетуіне себеп болды. Бұл шаруаларға көп қиыншылық тудырды. «АЖ» тілшісі осы орайда аудандарда пішен дайындау, қыстақтардың қысқы дайындығы барысын зерделеді.
Қызылқоға ауданы жерінің көлемі мен құнарлығылығы жағынан басқа ауданнан озық тұр. Құмдауыт өңірлерден мал азығын дайындап алудың жолын таңдаған шаруа қожалықтары, пішеншілер жеткілікті шөбін дайындап, ауыл адамдарын да қамтамасыз етуде. Шөптің бір орамы 3,5 мың болса, ал бір машина қорабы (бос шөп) - 25 мың теңге. Бұл басқа аудандарға қарағанда ең төменгі қолжетімді баға.
Жылыой ауданы бойынша барлығы 16,5 мың ірі қара, 67, 6 мың қой-ешкі, 7,5 мың жылқы, 7,8 мың түйе бар. Қысқа аудан бойынша 48 мың тоннадай жемшөп қажет болса, соның 41 мың тоннасы дайын. Шөп Қоскөл, Құлжан, Айранкөл, Асанкеткен, Тоқтыарал, Жылыой, Бейбіт алқаптарынан шабылып жатыр.
- Жем өзенінің тасымай, жаңбырдың аз түсуінен біраз қиындықтар туды. Көршілес Қызылқоға ауданының Тайсойған, Ойтаң жерлерінен әкімдіктердің өзара келісімінен 10 мың гектар жер алынды. 5 шаруа қожалығы сол жерлерден шөп дайындап жатыр. Ал «Шала» ШҚ Ақтөбе облысы жеріне орақ салған,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұртас ҚУАТБАЕВ. - Ал құрама жемді шаруа қожалықтарыҚостанай, Орал, Ақтөбе облыстарынан алатын болды.
Индер ауданы бойынша 45 700 тонна жем-шөп дайындалған. Бір көлік шөп - 35 мың, 300 кг ораманың әрқайсысы 5 мың теңгеден сатылып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВТЫҢ айтуынша, шаруа қожалықтары көршілес Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Жаңақала, Жымпиты аудандарының пішеншілерінен сатып алуда. Яғни, 25 мың тонна шөп сырттан әкелінеді.
Исатай ауданы бойынша ресми санақта 17 мың ірі қара, 48 мың қой-ешкі, 7 мың жылқы, 837 түйе бар. Шаруалар ерте күзден аула-қорасының кем-кетігін жөндеп, дайындықты жүргізуде. Қыстық отын үшін жыңғыл мен қи дайындау да қоса жүреді. Малшылар үшін ең бастысы - мал азығын дайындау. Ауданнан жекелеген қожалықтар пішеншілер бригадалары құрылғанымен, қажетті 70 мың тонна шөптің жартысына жуығын сырттан тасымалданып әкелінеді. Жемшөп дайындайтын жердің тапшылығына қарамастан, Мыңтөбе, Айбас құмынан, Теңіз жағалауынан шағыр, қияқ, жусан, балақұрақ, жантақтарды дайындау әлі тоқтаған жоқ.
Махамбет ауданында 50 мың тоннадан астам пішен дайындалған. Бұл өңірдің шаруа қожалықтары да Қызылқоға ауданынан, Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала, Казталовка аудандарынан жемшөп дайындап жатыр. Осы себептен орама шөп 6 мың теңгеден сатылуда. Өткен жылға қарағанда шөп бағасының күрт өсуі мал баққан шаруаларға оңай тимей жатыр.
- Негізі алыс өңірлерден пішен дайындау оңай емес,-дейді Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Олжас МЫРЗАБАЕВ. – Бұрын үкімет тарапынан асыл тұқымды мал өсірушер үшін ірі сабақты жемшөп дайындағандарға 50 пайыз субсидия берілетін. Биыл бұл жоқ.
Құрманғазы ауданында 53 мың ірі қара, 178 мың қой-ешкі, 22 мың жылқы, 5 мың түйе бар. Пішен дайындау 100 пайызға орындалған. Климаттың жақсылығына орай, бұл өңір шөпті өз аумағынан дайындап, ауысқан артық шөпті көршілес Махамбет, Исатай аудандарында сатып жатыр.
Дегенмен, ірі шаруа қожалықтардың шөпті алыс өңірлерден тасып әкелуге қауқары жеткенімен, ауласында екі-үш мал ұстайтын қарапайым адамдарға бұл мәселе қиын болып отыр.
- Ауылда отырғасын мал ұстамай тағы отыра алмайсың. Жемшөп қымбат. Амал жоқ, зейнетақымызды жинап, алып отырмыз. Кейбір адамдар оны да ала алмай, қыс түскенше малдарын сатып жібереді,- дейді ауыл зейнеткері.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор