Атырауда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВТЫҢ және батыстағы төрт облыстың медицина қызметкерлері мен шенеуніктерінің қатысуымен «Медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін арттыру» атты екікүндік аймақаралық конференция өтті. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі дамып жатыр, алайда проблемалар да жоқ емес. Олардың бастысы – біліктіліктің төмендігі және дәрігерлердің тапшылығы (дегенмен, ол кадрлар тапшылығын жасанды деп есептейді). Пациенттерге дөрекі қарым-қатынас жасауға байланысты көп шағымдар бар. «Біз мұның бәрін талдап, жүйелік шаралар алуға тиіспіз», - деп мәлімдеді Біртанов.
- Бізде емханаларда бір дәрігер 2500-3000 пациентке дейін қабылдайды. Бұл тек кадрлардың тапшылығынан емес. Өкінішке орай, қазіргі қаржыландыру жүйесі кадр тапшылығы бас дәрігерлерге тиімді болатындай етіп құрылған. Өйткені, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру бізде жан басына есептеледі. Әр адамға айына 1000 теңгеден беріледі. 2 мың адамды учаскеге тартса – 2 миллион теңге табыс табады, оның тек 100 мыңын ғана дәрігер алады. Ал қалаларда жас мамандар жұмыс таба алмай жүр. Бізде дәрігерлер жетіспейді деген пікірмен келіспеймін, - деді министр.
Ол әрі қарай жалпы терапияға тоқталды:
- Егер біз басымыз ауырса невропатологқа, асқазанымыз ауырса гастроэнтерологқа барамыз. Ал бұл жеке емханаларға кететін қомақты ақшалар, сондықтан жалпы терапия дәрігерлерінің деңгейін көтеру керек. Сол кезде науқас бәрін шарламай, негізгі бір дәрігерге ғана қаралып, емін алады.
Денсаулық сақтау министрлігі емханалар санын көбейтіп, ауруханалар санын азайтумен қатар, кереует-орындарды көбейтуге арналған норматив әзірлеген. 2017 жылдың басында Қазақстанда орташа алғанда бір ауруханада 130 кереуеттен болды. Ірі қалаларда, мәселен, 1,5-2 мың кереуетке 2-3 аурухана болуы тиіс деп есептейді министр. Сондықтан біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 32 аурухана біріктірілген. Жылына 27 миллиард теңге үнемделіп отыр.
- Медициналық қызмет көрсету сапасы дегеніміз – хирургтардың операция жасап, пациенттің өмірі үшін күресуі емес, бұл ауруға жол бермеу, оның дамуын тоқтату. Барлық аурудың емі бар, бұл өмір салтына, тамақтануға байланысты. Бас дәрігерлерге ұнай ма, жоқ па, біз ауруханаларды оңтайландырамыз. Әсіресе, бұл перинаталды орталықтарға қатысты.
Өңіріміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту және міндетті медициналық сақтандыруды енгізу туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА әңгімеледі. Оның айтуынша, облыста 141 медицина мекемесі жұмыс істейді. Биыл денсаулық сақтау саласына 27,9 млрд теңге бөлінген.
- 72 дәрігерге қызметтік пәтерлер берілді, облыстық әкімдік медициналық жоғарғы оқу орнына оқу үшін 54 грант бөлді. Сәби өлімін азайту үшін әмбебап-прогрессивті патронаж қызметі енгізілуде, сонымен қатар, медицина колледжінің және қалалық перзентхана жанынан симуляциялық орталықтар ашылды. МӘМС бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, медициналық сақтандыру жүйесіне өзін өзі жұмыспен қамтушылар тартылады, - деп хабарлады әкім орынбасары.
Конференция барысында министр жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, содан соң Атыраудағы бірқатар медицина объектілерін аралап шықты.
Нұргүл Хайруллина
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ