Атырау, 25 қараша 17:37
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Ұстазыма ғашық болғанмын"

4 455 просмотра


Жылда қазан айында болатын Ұстаздар күні - алған білімі мен тәрбиесіне риза болатын бүкіл ұрпақтың мерекесі. Әрқайсымыздың жадымызда мектеп қабырғасындағы сәттер мен ұстаздарымыз туралы естеліктер сақталып қалған. Осы естеліктерімен «AЖ» оқырмандары да бөліскен еді.

«Мен алгебра мен геометриядан нашар едім, бақылау жұмысы кезінде сыныптастарым есеп шығарып еңбектеніп жатқанда, мен комикстердің суретін салып, мұғаліміме тапсыратынмын. Ал көркемөнерім үшін ұстазым үштік қоятын, кейде төрт деген баға да алып қалатынмын».

«Бастауыш мектепте оқып жүргенде сыныптасыммен бірге былай жасайтын едік. Сабақтың басталуына бес минут қалғанда сынып тақтасын сүртіп, гүл отырғызылған құмыралардың топырақтарын қопсытуға кірісетінбіз. Терезенің алдында гүлдер толып тұратын. Сабақ бітіп, қоңырау шалынғанша басқа да тазалау жұмыстарымен айналысатын едік. Басқа сыныптастарымыз сабақ оқып отырған кезде, біз осылай сенделіп жүретінбіз. Ал мұғаліміміз кейін бізге алғыс айтып, бірде кәмпит, бірде печеньелер беретін».

«Ұстаздар күні қатты ұнайтын, өйткені бұл мерекеде мектепте өзін-өзі басқару күнін ұйымдастыратын. Мұғалімдердің орнына жоғары сынып оқушылары сабақ беретін. Бұл журналдағы бағаларымды жақсарту үшін тамаша мүмкіндік еді».

«Бізде қазақ әдебиетінен жас оқытушы сабақ берді. Колледжді бітірген бойда, бізге жұмысқа келді. Ал мен, он бірінші сынып оқушысы оған қатты ғашық болып қалдым. Менің жасқана білдірген көңіліме назар аудармады, шамасы, педагогикалық этиканы ұстанған болса керек. Оның мақтау сөзі мен жымиысы үшін Абай мен Алтынсариннің өлеңдерін жаттап алатынмын. Нәзік қолдарымен журналға бес деген бағаны қойған кездегі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын! Мектеп бітіру кешінде батылданып, раушан гүлін сыйладым, кездесуге шақырдым. Ол тек университетке түскеннен кейін ғана кездесуге келісетінін айтты. Жалпы, мектепті бітіргеннен кейін университетке түсетін жоспарым жоқ еді, жоспарымды өзгертуге тура келді. Міне, қазір шаңырақ құрғанымызға он жыл болды».

«6 сыныпта оқып жүргенімде, ал бұл 2004 жылы еді, кең балақты джинсы сәнде еді. Мектепке кимесең, басқа қай жерге мақтанып көрсетесің? Мектепке кіре берісте бізді сынып жетекшіміз қарсы алып, оқушылар мектеп формасымен келуге тиіс екенін, үстіңгі жағы – ақ, төменгі жағы – қара форманы кию керектігін ескертті. Сай киім үлгісін киіп келмегендерді киімін ауыстыруға үйлеріне жіберетін. Бірақ қыздар жағы мектепке барар жолда сәнді джинсымызды көрсетіп, үйден шыққанда киіп шығып, мектепке киетін белдемшемізді пакетке салып, мектеп жанындағы көпқабатты үйдің подъезінде ауыстырып алатынбыз. Пәтерлерден ешкім шығып қалмаса екен деп, тез-тез киінетінбіз. Есесіне мұғаліміміз бізді тәртіпті оқушылар, мектеп формасын киіп келеді деп үнемі мақтайтын».  

«Бізде еңбек пәнінен сабақ беретін ағайымыздың бойы ұзын, шымыр, ашушаң, көзі өңменіңнен өтетіндей жан еді. Сіз оның тақтаға шегені қалай қаққанын көрсеңіз! Біз одан қорқып, оның сабағы болғанда өзімізді жақсы оқушы ретінде көрсететін едік. Бір күні ағайымыз сабаққа келмеді, кейінірек оның суық тиіп ауырып қалғанын білдік. Қорықсақ та, қалін сұрап, кіріп шығайық деп шештік. Пәтеріне кірген кезде, таң қалдық. Ағайымыз диванда кішкентай мысықтарға пипеткадан сүт беріп отыр екен, арасында «ути, пути...» деп жылы сөздерін айтып қояды. Осыдан кейін қорқынышымыз құрмет сезіміне ұласты».

«Оһ, физрук ағайды жақсы көретін едім. Тек сол ағай ғана өз сабағында асханаға жүгіріп барып, сабақ бойы компот пен бәліш жеп отыруға рұқсат беретін». 

Жазып алған Анастасия АЛЮШИНА

5 қазан 2018, 14:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.