Атырау, 26 желтоқсан 15:40
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Н. МӘМБЕТОВ: «Экологияның бүлінгені анық, одан қорғанудың жолы-жүгіру»

6 321 просмотра

Көп жылдан бері жағалаумен қысы-жазы жүгіріп бара жатқандарға қызыға қараудан жалықпай келемін. Мен болсам, аяғымды апыл-ғұпыл басып жұмысқа қарай жүгіріп бара жатып, үстіме спорттық киім, аяғыма жүгіруге арналған кроссовканы киіп және мұрынмен тыныстап, демімді  аузымнан шығара оларға қосылып-ақ кетсем ғой деген оймен жұмысқа қалай жеткенімді де байқамай қаламын.  Осы қиялға беріле отырып, мен Атырау мемлекеттік университетінің  дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұролла МӘМБЕТОВПЕН сұхбатымды бастап кеттім.

- Мына мен ешқашан жүгірумен айналысқан емеспін. Неден бастағаным жөн?

- Жүгірудің екі түрі бар- таңертеңгі және кешкі. Таңертеңгілік жүгіру сергітеді, ал, кешкілік жүгіру шаршағаныңды басады. Таңертеңгілік қатты жүгіруге болмайды, ал, кешке жылдамдықты күшейтуге болады. Алдымен 5-10 минут жүріп, 5 минут жеңіл жүгіріп бастаған жөн. Кейін бір айдың ішінде біртіндеп-біртіндеп жүруді қысқартып, жүгірудің уақытын ұзартуға болады. Соңғы кезеңде толығымен жүгіруге көшуге болады.

Салмағы жоғары адамдарға көп күш түсіруге болмайды. Оларға дұрысы жүріспен айналысқан. Жүгіру мен темекі біріне-бірі қайшы келеді. Жүгіруге күніне жарты сағат уақыт бөлу адамға жеткілікті болады.

-Ал, егер шұғыл арада іс-сапарға бару керек болған жағдайда  не істеуге болады?

-Мен үшін таңертеңгі жүгіріс бір шыныаяқ шәймен тең. Мен қашанда іс-сапараға барғанда спорттық киімдерімді ала жүремін. Егер мүмкіндік болып жатса, жүгіремін. Мүмкіндік тумаса, онда басым ауырады.

- Сіз «Экологиялық қолайсыз аймақтардағы студенттердің  дене шынықтырумен айналысу сабақтары» деген тақырыпта диссертация қорғадыңыз. Қалай ойлайсыз, біздің климатымыз сауықтыру жүгірісімен айналысуға  қолайлы ма?

- Қолайлы жағдайды қай жерде де, қай уақытта да табуға болады. Мечников-Баймұханов көпірінің сол жақ жағалауынан жүргінші көпірінің маңындағы тоғанға дейінгі жағалау бөліктің ұзындығы 9 шақырым. Бұл жерге сауықтыру жүгірісімен айналысуға құмар мыңдаған әуесқойлар сыйып кетеді. Бұл маршрутты «денсаулық трассасы» деп атауға болады. Кеспе тастардың үстімен жүгіруге кеңес бермес едім, одан да асфальттың үстімен немесе әдеттегі қара жолдармен жүгірген дұрыс. Кеспе тас буын мен бұлшық етке әсер етеді. Аяқтарыңыз ауырмау үшін жұмсақ аяқ киімді таңдаған жөн. Жүгіру үшін базардан арзан аяқ киім сатып алмағаныңыз дұрыс. 

- Сіздің диссертацияңызда не айтылады? Бәлкім, біздің жағдайда спортпен айналысуға болмайтын шығар?

- Экологияның бұзылғаны анық. Ал, соған ағзаның қарсы тұра алуы үшін міндетті түрде осы сауықтыру жүгірісімен айналысу керек. Таңертеңгілік жағалауда жүгіріп жүрген шетелдіктер де баршылық. Үнемі қозғалыс, жүгіру, жүру, таза ауада ойнау арқылы ғана біз  бүлінген қоршаған ортаның келтірер залалына қарсы тұра аламыз.   – Нұролла Мәмбетұлы, біздің облыста жеңіл атлетика қалай дамып келеді?

- Осыдан бірнеше жыл бұрын мен облыстық спорт басшылығына облыста жеңіл атлетика бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ашу жөніндегі ұсынысы бар Қазақстанның жеңіл атлетикасы федерациясынан келген хатты тапсырған едім. Маған ондай спорт мектебінің болатындығын уәде еткен еді. Бірақ, әзірге еш өзгеріс жоқ. Бізде республикалық жарыстарда облыс намысын қорғайтын қабілетті спортшы балалар жоқ. Облыс құрамасы күнтізбелік жарыстарды жіберіп алады немесе қатысқан күнде соңғы орындарға ғана ие болады. Менің ойымша, біз жеңіл атлетикадан жақсы нәтижелерге спорттың осы түріне жаппай мойын бұрғанда ғана қол жеткізе алатын болармыз.  Мектеп оқушыларын 10-11 жасынан бастап тарту керек. Сонымен қатар үгіт жұмыстары да қажет. Менің пікірімше, бірінші разрядты жеңіл атлетші күрес бойынша спорт шеберімен пара-пар.

АМУ-нің спорт және дене шынықтыру факультетіне ешқандай спортпен айналыспаған денсаулығы мықты ауыл балары жиі оқуға түседі. Мен ондай жігіттер мен қыздарды жеңіл атлетикамен айналысуға тартамын.

- Өзіңіздің таңдаулы деген тәрбиеленушілеріңізді атай  кетсеңіз?

- 90-шы жылдары облыста тіпті, жеңіл атлетика атымен жоғалды. Оны Иманғали Тасмағамбетов әкім болып келген кезде жандандыруға мүмкіндік туды. 1999 жылы бізді облыстық әкімшілікке шақырып, Каспий өңірі мемлекеттерінің бірінші Универсиадасына қатысу үшін топ дайындау қажеттігін айтты. Біз Құрманғазы ауданынан келіп оқып жатқан студент Серікбол МАХМУДОВҚА көңіл аудардық. Ол менің ең таңдаулы оқушым болатын. Оқуда жалқау болғанмен, спорттың қас шебері болды. Ол Қазақстан, Қырғызстан біріншіліктерінде, бірнеше универсиадаларда орташа қашықтыққа жүгіруден бірнеше медальдарға ие болған еді. Оның рекордтарын бүгінгі күнге дейін облыста ешкім жасап көрген емес. Оның халықаралық жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуіне шамалы уақыт қалғанда, ол ҰҚК-не жұмысқа кетті. Қазір Алматыда шекара әскерінің спорт ротасының жеке құрамын жаттықтырып жүр. 2010 жылы 31 желтоқсанда ол Алматыда болған дәстүрлі жаңа жылдық жүгіру сайысының жүлдегері болды. Тағы бір таңдаулы деген оқушыларымның бірі-Гита ТЕМІРҒАЛИЕВА. Ол Махамбет ауданынан болатын. Мен оны жүгірумен айналысуға шақырғанымда ол үшінші курста оқып жүрген еді. «Буревестник» стадионында ол бір айналымды әзер дегенде айналып өткен еді. Бүгінде ол спорт шебері, Астрахан облысының чемпионы, үш универсиаданың жеңімпазы, республикалық «Буревестник» спорт қоғамының 800 метр қашықтыққа жүгіруден екі рет жеңімпаз болып танылған. Біздің кафедрамызда жұмыс істейді.

Жақында ғана жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгендердің есімдерін атай кетейін: Қазақстанның қысқа қашықтыққа жүгірушілердің таңдаулы деген ондық ішіне енген Алмат НҰҒМАН, Еркебұлан АТАШЕВ, Айбек ФАЙЗУЛЛИН, Елдос ҚУАНДЫҚОВ  және Жанат РАХИМОВА.

- Қазір сізде қанша спортшы жаттығып жүр?

- 12 атлетші келесі жылы болатын Каспий өңірі мемлекеттерінің универсиадасына дайындалып жатыр. Биылғы жылы олар студенттердің спартакиадасына қатысады. Осылайша күш жинап келеміз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В.Истомин

3 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.