Атырау, 19 мамыр 17:39
 бұлттыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​Нұрсұлтан Назарбаев ТМД саммитінде қандай мәселелерді көтерді

1 648 просмотра

Тәжікстан президентінің «Кохи Сомон» резиденциясында ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің саммиті өтуде. Президенттер шағын құрамдағы отырысты аяқтады. Аталған жиын жабық үлгіде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақорданың ресми сайты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан негізгі мәселелерге қатысты хабарламаны таратты. Оған сәйкес, Мемлекет басшысы ТМД аясындағы қарым-қатынасты күшейту саласындағы жұмыстың нәтижесіне тоқталды. Президенттің айтуынша, ұйымды реформалау және негізгі құжаттарды жаңарту шаралары ойдағыдай атқарылып келеді. Осы орайда Елбасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтудың нақты салаларын атап өтті. 

«Бізге ТМД-ның экономикалық негіздерін күшейту керек. Сондай-ақ, сауданы жүргізуге кедергі болатын мәселелерді шешкен дұрыс», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев. 

Президенттің айтуынша, ғарыш, цифрландыру мен туризм саласында бірлескен жобаларды қолға алу қажет. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ТМД елдерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды. Жоспарға сәйкес, бүгінгі саммиттің қорытындысы 15 құжатқа қол қойылады. Соның ішінде екі халықаралық келісім бар. Бұдан бөлек, ТМД мемлекет басшылары кеңесінің шешімдеріне қатысты 13 құжат рәсімделеді.

Атап айтқанда, Түрікменстанның келесі жылдағы төрағалығы, Ұлы Жеңістің 75-жылдығына дайындық шаралары, 2021 жылы Тәжікстанда «Достастықтың мәдени астаналары» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске асыру, 2019-2023 жылдар аралығында қылмыспен күрес шараларын бірлесіп жүргізудің мемлекетаралық бағдарламасы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталықты туралы ережені толықтыру, кеңестің кейбір шешімдерін тоқтату, ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы мәлімдемесі, жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90-жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме және тағы басқа құжаттар бар.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеге келді. Мемлекет басшысы әуежайдан бірден «Коxи Сомон» резиденциясына барып, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.   «ҚазАқпарат» агентігі ТМД-ның басты органы - Президенттер кеңесінің кезекті отырысы алдында бұған дейінгі жиындарға шолу жасап, қабылданған шешімдерді пысықтап шыққан болатын. Ал Ақорданың баспасөз қызметі тарихи маңызы бар фотосуреттерді ұсынды. 

Дереккөз: inform.kz

28 қыркүйек 2018, 14:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.