Атырау, 28 наурыз 20:26
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​ҚР Ұлттық банкі «Астана банкінің» салымшыларына үндеу жолдады

1 911 просмотра


Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Астана банкін» лицензиясынан айыру туралы шешім шығаруына байланысты аталған банктің салымшыларына үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылғы 18 қыркүйекте Ұлттық Банк Басқармасының «Астана Банкі» АҚ-ты банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдауына байланысты жеке тұлға-салымшыларды теңгемен және шетел валютасындағы депозиттер, төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі - ҚДКҚ) кепілдігімен қорғалғанын ескертеді. Демек, болашақта сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда, ҚДКҚ жеке тұлға-салымшыларға кепілдік берілген өтемақыны төлеуді жүзеге асырады" делінген хабарламада. 

Кепілдіктің ең жоғары шегі: Теңгемен депозиттер бойынша - 10 миллион теңгеге дейін; 

Шетел валютасындағы депозиттер бойынша - 5 миллион теңгеге дейін мөлшерді құрайды. 

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаражатынан банктің мынадай клиенттері: 

жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, нотариустар, адвокаттар өтемақы алуға құқылы. Мәліметке сай, банктік шоттағы қалдық өтелуге тиіс. Банк есептеген сыйақыға кепілдік берілмейді.

Егер банктік салым шартында сыйақыны капиталдандыру көзделсе, онда капиталдандырылған сыйақы депозиттің негізгі сомасына қосылады және кепілдік объектісі болады.

«Астана Банкі» АҚ-та жеке тұлғалардың барлығы 41,2 миллиард теңге сомаға депозиттері орналастырылған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өтемақы төлеу бойынша міндеттемелері 37 миллиард теңгені құрайды. 

Банк клиенттерінің 0,1%-нан азының кепілдік берілген сомадан артық депозиттері бар және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан кепілдік берілген сома шегінде өтемақы алады, ал кепілдік берілген сомадан жоғары сомадағы өтемақыны тарату комиссиясынан алады. ҚРҰБ Төрағасының бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған «Астана Банкі» АҚ-тың барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшіліктің құрамына ҚРҰБ мамандары кірді. 

«Астана Банкі» АҚ-тың уақытша әкімшілігі сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшілік банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, банкті басқару, банктің активтерін анықтау, ұйымның активтеріне, міндеттемелеріне және құжаттарына түгендеу жүргізу үшін тағайындалады. Өзінің жұмыс істеу кезеңінде уақытша әкімшілік «Астана Банкі» АҚ-тың активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке бірмезгілде беру мүмкіндігін бағалайды. 

«Астана Банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заң күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде ҚДКҚ жұмыс істейтін қазақстандық банктердің қайсысының «Астана Банкі» АҚ-тың салымшыларымен төлем жөніндегі агент ретінде жұмыс істейтінін жариялап, салымшылармен есеп айырыса бастайды. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл банктің қаржылық жағдайы тұрақты, еліміздің барлық жерінде салымшыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін ауқымды филиалдар желісі және инфрақұрылымы болуға тиіс. 

Бұл банк «Астана Банкі» АҚ-тың салымшыларымен ҚДКҚ-ның атынан және оның қаражаты есебінен жұмыс істейтін болады. ҚДКҚ таңдап алынған агент-банкті жариялаған соң, салымшылар осы банктің   бөлімшесіне кепілдік берілген өтемақыны алу үшін өтініш беруге тиіс. Агент-банк оған  құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей төлем жасауды  жүзеге асырады. Ұлттық Банк, сол сияқты ҚДКҚ салымшыларды БАҚ арқылы жағдайдың бұдан әрі   өрбуі туралы хабардар етеді. Салымшылар www.kdif.kz  сайтында депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпарат алып, заңнаманың жаңартылған  редакциясымен  таныса алады. 

Мамандардың  консультациялары 8 8000 80 10 20 шұғыл желі нөмірі  бойынша жүргізіледі (қоңырау  шалу тегін). Уақытша  әкімшіліктің  жұмыс  істеу мәселелері  бойынша Қазақстанның  Ұлттық Банкіне  «ҚҰБ Online» мобильді  қосымшасы арқылы  өтініш жасауды  сұраймыз. 

Дереккөз: inform.kz

19 қыркүйек 2018, 11:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.