Соңғы уақытта Атырауда жүгіретіндер қатары көбейіп келе жатқаны белгілі, оған жағалауға шықсаңыз көз жеткізе аласыз. Дегенмен, осындай саламатты өмір салтын ұстанатын жандардың басын қосып жүрген клуб бар екенін көбі біле бермес. Ол – Atyraurunclub.
- Бастапқыда 4-5 жігіт болып жүгіргенбіз, - дейді клуб ұйымдастырушыларының бірі Қанат ЕСЕРКЕПОВ. - Кейін қатарымызға басқа да адамдарды қосуды жоспарлап, әлеуметтік желілерде топ аштық. Себебі, жалғыз жүгіргеннен гөрі қасында біреу болғанын, көпшілікпен жүгіргенді қалайтын адамдар бар. Бұл - үлкен мотивация. Сіз біреуге таңертең ерте тұрамын, жүгіремін деп уәде берсеңіз, міндетті түрді таңмен тұрып, берген уәдеңізде тұруға тырысасыз. Көппен жүгіру адамнан жауапкершілікті талап етеді. Екіншіден, керемет көңіл-күй, таныстық, араласу, қызықты әңгімелер.
Жүгірушілер тобы биылғы тамыз айының басында ашылып, бір айдан астам уақыт ішінде 100 шақты адам қызығушылық танытты.
- Қазір 20-25 адам бірге жүгіреміз, - дейді Қанат.
Клубтың мақсаты – ойлары, қызығушылықтары ұқсас адамдардың басын қосу, олардың санын көбейту және болашақта қызығушылықтарына қарай топтарға бөлу.
- Мәселен, бізде кәсіпкерлер клубы бар, құрамындағы әзірге 6 адам ай сайын алдымызға мақсат қойып, күн сайын дерлік бір-бірімізге есеп береміз. Сонымен қатар, мәселен, әдеби клуб ашуды жоспарлап отырмыз – белгілі бір кітапты оқып, кейін кездесіп, оқыған кітапты талқылаймыз. Сондай-ақ, шығармашылық топ құру – жиналып сурет салу, музей аралау, т.б.
- Жүгіруді жаңа бастағандарға қандай кеңес бересіз? Қалай жүгіру керек?
- Жүгіру бойынша ортақ кеңестер бар: жүгірудің алдында міндетті түрде жаттығу жасап, аяқтарды барынша созып, денені қыздырып алу керек. Бірден қатты жүгірудің қажеті жоқ. Жүгірген кезде қолды екі жаққа қарай лақтыру керек, сол кезде жамбасың автоматты түрде екі жаққа қозғалады. Бұл арада аяқты сезбейміз, аяқ өзінен-өзі жүреді, денені жеңіл ұстаймыз. Ең бастысы аяқты өте жеңіл ұстау керек, сол кезде ауыртпашылықты сезбейміз, тізеге ауырлық түспейді. Жүгіру барысындағы жарақаттың көбі техниканы дұрыс ұстанбағаннан болады.
- Қай күндері жүгіресіздер?
- Кесте бойынша сәрсенбі, жұма күндері сағат 6:00-де, ал, жексенбі күні сағат 7:00-де жүгіреміз. Бізге уақытты өзгертуді сұрап көп адам хабарласады. «Жексенбіде демаламыз ғой, кештеу бастайық» дейтіндер көп. Кешке де жүгіруді ұсынатындар бар. Бірақ бірде-бір ұсынысқа көнген жоқпыз. Бұл – маңызды қағида. Келісеміз, таңда тұру оңай емес, бірақ таңмен жүгіру денсаулыққа пайдасын тигізіп қана қоймай, тәртіпті қалыптастырады. Жай ғана жүгіруден бөлек философиялық жағы да бар. Таңғы ауа, таңғы нұр – бөлек дүние. Таңның өз ғажайыбы бар. Біз жүгіріп қана қоймаймыз, келгеннен кейін таңғы ас ішеміз. Әркім өз пікірін айтады, сұхбаттасамыз, бұл күнделікті күйбің тіршілікті бір сәтке ұмытуға көмектеседі.
Клуб жұмысын бастағанына көп уақыт өте қоймаса да, жүгіруден бөлек қоғамға да өз пайдасын келтіріп жүр екен. Мәселен, жақында олар облыстық онкологиялық аурулар ауруханасының ауласын тазалап, талдарды реттеп, ақтап, сырлап, қалыпқа келтірген. Дәрігерлер мен басқа мекеме қызметкерлері дән риза болды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Сурет пен бейнежазба: Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ