Атырау, 26 желтоқсан 00:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қазыбек Әлішев: «Жәрдемақыға күнелту ердің ісі емес!»

2 788 просмотра

Бүгінгі таңда еңбек нарығындағы жағдай қалай? Жұмыссыздықты жою мақсатында билік қандай шаралар алып жатыр? Біз осы төңірегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Қазыбек ӘЛІШЕВПЕН (суретте) әңгімелестік.

ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ ӘЛІ АРТПАҚШЫ

-Сіздің мекеменің қызметкерлері көбіне атыраулықтардың еңбекақыға қатысты бірқатар талаптар қоятындығын алға тартады.

– Иә, біз мұндай жағдайлармен жиі кездесіп жатамыз, кейде көпбалалы жанұяның отағасы, айталық, «пеш түбінде отырып алып» 60-70 мың теңгенің жұмысынан бас тартып, балалар жәрдемақысына өмір сүргенді жөн көріп жатады. Солай дегенмен де қызметкерлерді  жұмыстан босату жалғасып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін Қарабатандағы «Болашақ» зауытынан 5 200 адам, ал, Қашағаннан 7 мың адам жұмыстан шығарылмақ. Бүгінгі күні жұмыстан босатылғандардың көп бөлігін Атырау қаласының және Индер, Құрманғазы аудандарының тұрғындары құрап отыр. Әдетте, жұмыстан шығып қалғандар жұмыспен қамту ұсыныстарына құлақ аспастан табысы жоғары жұмыс іздейді. Бұдан басқа, еңбек нарығына 9 мыңдай жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері келеді, болжам бойынша жұмыспен қамту орталығына олардың шамамен үштен бір бөлігі хабарласады. Осылайша, алдағы уақытта жұмыстан босайтындардың есебімен алғанда 2012 жылы облыс бойынша 11 мыңнан астам  адам жұмысқа мұқтаж болып қалады.

Жұмысқа орналастыру проблемаларын шешу мақсатында облыс әкімдігі 2016 жылға дейінгі мерзімге есептелген Атырау облысы еңбек ресурстарын реттеу стратегиясын жасақтауға кірісті. Мәселен, стратегия аясында біз «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының төртінші бағыты үшін (селодағы инфрақұрылыстар) 1 млрд теңге және бағдарламаның екінші бағыты - селодағы кәсіпкерлікті дамытуға 500 млн теңге шамасында,  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдар құрылысын, шағын және орта бизнесті несиелеуге – 1,2 млрд теңге, сондай-ақ, 33,8 млрд теңге – білім беру нысандарының құрылысына, автожолдарды жөндеу және құрылысына, газдендіру мен электрмен жабдықтауға сұрап отырмыз.

Отандық компаниялардағы еңбекақының мөлшеріне  қатысты  біз олардың басшыларына жыл сайын жұртшылық алдында кәсіпорынның рентабельдігі, табысы мен шығындары жөнінде есеп беріп отыруға кеңес бердік. Сол кезде адамдар ол жерлерде өздерінің қандай еңбекақы алатындықтарын біліп отырады.

– Отандық және шетелдік қызметкер арасындағы еңбекақының айырмашылығына қатысты орын алып отырған өзекті мәселе қалай? Шетелдік компаниялардан ашық болуды  талап ету  менің ойымша  әлі сол қиын күйінде сияқты. 

– Менің ойымша, егер қаржы құжаттарында бірдей лауазымда жұмыс  жасайтын  қызметкерлердің жалақысы түрліше болып тіркелген болса, онда біздің тексеруші органдардың шетелдік фирмаларды еңбекақыны төлеуде алалаушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартуға құқығы бар. Олардың еңбекақылары бірдей деп ойлаймын. Шетелдіктерге көп мөлшерде өтемақылардың төленуі ол басқа бір мәселе.

 

ТІЛ БІЛМЕСЕҢ ДАЛАДА ҚАЛАСЫҢ

– Жақында осы мақаланы дайындау барысында тағы да мына жағдайға, яғни, бас мердігердің мердігерді, ал, оның қосалқы мердігерді жалдайтындығын көзбен көрдік.  Ал, оның ақыр соңында төменгі сапаға, нашар еңбек жағдайына  тап боламыз және жалдамалы жұмысшылардың еңбекақысы да мардымсыз болады.

- Мұны тапсырыс берушінің таңдауы екендігін ескеруіміз керек және оған заң бойынша тыйым салынбаған. Дегенмен біз өз кезегінде негізгі жұмысты мердігердің өзі атқаруы тиіс деген  ұсынысымызды үкіметке жолдадық. Бір жағынан алып қарағанда, қосалқы мердігерлер – бұлар қолдауға мұқтаж шағын және орта бизнес субъектілері.

– Бұл мақалада арнаулы білімдері жоқ, бірақ түрлі жоболарда жұмыс жасаған іс-тәжірибелері бар ауданнан келген жас жігіттіер туралы әңгіме қозғалған еді. Бұл белгілі бір дәрежеде біздің жұмысшы табының бетпердесі.

– Иә, біздің бүгінгі күнгі басты міндетіміз – айталық, барлық жобаларға қажетті «орташа тапты» (техникалық қызметкерлерді) құру. Елба-сының өзі таяуда жасаған мәлімдемесінде осыған үлкен мән бере кетті. Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасының бірінші бағытын жүзеге асыру аясында кәсіби мамандарды даярлау мәселесі шешілетін болады. Егер нарық білікті мамандарға толы болса, онда оларға өкілетті органдарға жолығуға тура келеді. Ал әзірге біз Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы бойынша жас жігіттерді кәсіби дайындық алуға жіберіп отырмыз. Биылғы жылы көптеген оқушылардың ҰБТ тапсырмаған  немесе одан мүлдем бас тартқан 9-11 сынып түлектерін шығарды. Біз бұл шешімді дұрыс деп есептеп отырғанымыз жоқ және мұны облыстық әкімдік үкімет алдына қоюы тиіс.

Кадрларды дайындау мәселесіне келетін болсақ, біз келесі жылдан бастап бағдарламаның бірінші бағыты (кадрларды қайта даярлау) бойынша жұмыссыздардың қандай оқу орталығында оқытатындығын байқау негізінде анықтайтын боламыз. Басты талабымыз – оқу мекемесінің материалдық-техникалық базасының болуы. Қазір олардың біразында қайта жарақтандыру жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан болған тағы бір ұсыныс – кәсіби қала салатын кәсіпорындарды оқу мекемелеріне (колледждерге)  бекітіп беру. Бұл жағдайда жұмыс беруші кадрларды өз талаптары мен стандарттарына сәйкес дайындауы мүмкін.

–  Кейде жергілікті мамандарды ағылшын тілін білмегендіктен жұмысқа алмай жатады. Олар сонда не істеуі керек?

– Келесі жылдан бастап мұнай саласы мамандарын дайындаудың  аймақаралық оқу орталығында бірінші кезекте ағылшын тілі оқытылатын болады. Онсыз ірі мұнай-газ жобаларында жаңа құрал-жабдықтарды игеру барысында жұмыс істеумүмкін емес.

 

КЕЛІМСЕКТЕР БАР, КЕЛІСІМ ЖОҚ

– Сіздің басқарма ірі мұнай жобаларынан басқа халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін басқа қандай жұмыстарды ұсынып отыр?

- Біз басты назарды өз күштерімен күн көріп отырған халыққа, жеке кәсіпкерлерге және жеке шаруашылығы бар  тұрғындарға аударып отырмыз. Бүгінгі таңда біздің облыста өз беттерінше күн көріп отырған халық саны – 32 мың адамды құрайды,  біздер оларды міндетті түрде Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасына тарту керекпіз. Біз бұл тұрғыда барлық аудан-дар бойынша мониторинг жүргізудеміз және осы аталмыш бағдарламаның екінші бағыты аясында бөлініп отырған 3 млн-нан 5 миллионға дейінгі несиенің мөлшерін көбейтуді ұсынып отырмыз. Өткен жылдардың және осы жылдың тәжірибесі көрсеткендей, 1,5-2 миллионға тұрақты бизнесті жасай алмайсың.

– Қазір сіздер 2015 жылға дейінгі Атырау облысындағы жұмыспен қамту картасын жасап жатырсыздар ма? Ол қандай болмақ? 

–  Біз сұраныстағы мамандықтар бойынша кадрлар қажеттілігін анықтап жатырмыз. Мұнай саласындағы жобалардан басқа, картаға ФИИР жобасы, оның ішінде ысырмалы, тіректі құрал-саймандар шығаратын зауыт құрылысы; кендір бауларды және қаптарды шығаратын зауытты қайта жарақтау; гипохлорид натрий өндіретін зауыт құрылысы; денсаулық сақтау нысандарының құрылысы; білім беру мекемелерін жөндеу; тұрғын үй құрылысы; ауылшаруашылық саласындағы  бірқатар жобалар енгізілген. Жалпы алғанда бұл карта бізге таяу арадағы 3 жыл ішінде барлық сала бойынша кадрлардың қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді.

- Картадағы негізгі жобалар арасынан мен газ-химия кешенін, АМӨЗ-тын  қайта жарақтандыру және Теңіз кенішіндегі келешек кеңеюі жобасын көріп отырмын. Алайда, алғашқы екі жобада несиелік желілерге сәйкес қызметкерлердің тең жартысын Қытай азаматтары құрайтын болады.

- Шетелдік жұмысшы күшін тарту ережесіне сәйкес, Қашаған және Теңіз жобаларына қазақстандық кадрларды 2015 жылға дейін жұмысқа тарту міндетінен босатылған. Ал газ-химия кешені және АМӨЗ-ның қайтадан жарақтандыру жобаларына келетін болсақ, бұл жобаларды басым жобалар деп таныған жағдайда да  олар қазақстандық кадрларды тарту мәселесі бойынша талаптарды орындаудан босатылатын болады.

АМӨЗ жақында қайтадан жарақтандыру жобасына осы санатты қосуға өтініш берген болатын, бірақ, біз оған қарсы шықтық және жаңа технологиялар мен индустрия министрлігі олардың өтініштерін қабылдамады. Біз еңбек нарығын  қорғап отырмыз.

Жалпы облыс бойынша шетелдік қызметкерлердің қазақстандық қызметкерлерге арақатынасы – 22% және сәйкесінше 78% құрайды.

– Еңбек нарығында оңтүстік аймақ елдерінен шыққандар мен таяу шетелдерден, оның ішінде бірінші кезекте Өзбекстаннан келген мигранттардың санының артып отырғандығы өзекті мәселеге айналып, әлі күнге шешімі табылмай отыр.

- Бұл бұдан бұрын дағдарысқа дейінгі уақытта болды. Ал бүгінгі күні жұмыс берушіге сырттан келетіндердің тұру және барып-келу шығындарын өтегеннен жергілікті кадрларды жұмысқа тартқан тиімді. Біз еліміздің басқа аймақтарынан келетіндерге жұмыс істеуге тыйым сала алмаймыз, бір елдің іші болып есептеледі. Көрші мемлекеттерден келген мигранттарға келетін болсақ, уақытша және маусымдық қызметкерлер үшін белгіленген квотаға қарамастан жұмыс берушілердің бірде-біреуі бізге ресми түрде келген емес. Соған қарағанда, жұмыс берушілер тіркеуден және салық төлеуден қашатын болуы керек.

- Аджип ККО жоспарлаған теміржол жазығының құрылысы не болып жатыр? Бұл ұзаққа созылған жоба болды ғой.

– Бұл сауал маған емес компанияға қойылуы керек. Маған тендердің күзде өткізілетіндігі ғана белгілі. Егер құрылыс жұмыстары басталса, онда оған және газ-химия кешеніне біз 7-8 мың адамды жұмысқа орналастырған болар едік.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 шілде 2012, 21:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.