Атырау, 22 қараша 18:53
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Ерекше баланың анасы

4 308 просмотра


- 12 жыл бұрын Нұртас дүниеге келгенде ерекше баланың анасы болатыным түсіме де кірген жоқ, - дейді Салтанат СЕЙІТ. – Перзентханадағы акушер жаңа туған шақалағыма қарап, «Ех, неге шығып болмағаның түсінікті болды» деп еді. Бірнеше күн ол кювезде жатты, ал, емізуге әкелгенде өте әлжуаз, әлсіз еді.

- Оның кішкентай денесі бүріскенде аурудан бақыратын. Күні-түні жылаумен болды, тек көзі ұйқыға кеткенде жаны жай табатын. Құсу, іш өту, суық тию – біз ауруханадан шықпайтын болдық, менің де салым суға кетті. Жарты жылдан кейін дәрігерлер менің балам балалар сал ауруының гиперкинетикалық түріне, яғни, ең ауыр түріне шалдыққанын айтты. Мен есеңгіреп қалдым, себебі, жүкті кезімде бәрі қалыпты болатын, жүрегі де ырғақты соғып тұрды, УДЗ іште баланың теріс келгенінен басқа ешқандай ауытқушылықтар көрсеткен жоқ. Бала теріс келіп тұрғандықтан маған кесір тілігін жасау керек еді, алайда сол кезде жасалған оталардың сәтсіздігінен кейін дәрігерлер табиғи жолмен туатынымды айтты. Нәтижесінде осылай болды…

Мен күйзелістің бар ауыртпалығын басымнан өткіздім: басында мойындағым келмеді, кінәлілерді іздедім, ұялдым, өзімді кінәлі сезіндім, аядым... Алайда соңында бір сұрақ қалды: өзгелерге ұқсамайтын ерекше балаң болса, қалай өмір сүру керек?

«ҮШЕУМІЗ ЖАЙМЕН ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ»

Нұртас бөтен адамның келгеніне мән бермеді. Анасы таңғы ас алып келуге кеткенде мен оның жанында қалдым. Көрікті, екі көзі жанып тұр. Алайда мені ыңғайсыздық сезімі биледі. Ол мойны созылып жерде жатыр, қолдарын арасында сермеп қояды, аяқтары жіңішке, қозғалыссыз. Ал ашық терезенің ар жағында футбол ойнап жүрген балалардың даусы естіледі...

- Ал біз тамақ ішеміз, - деген Салтанаттың даусы мұңды ойымнан селк еткізді. Бір мезетте көңілі көтерілген ұлын тізесіне отырғызып алды. – Тамақ ішкенді жақсы көреді, көрдіңіз бе қуанғанын. Ол диетамен тамақтанады, ал қызым Жаннұр екеуміз басқа тамақ ішеміз.

Салтанат аздан соң маған ұлының диетасы бойынша нұсқауларды көрсетті: қызыл түспен жеуге болмайтын, сары түспен күн сайын жеуі тиіс тағамдар белгіленген. Аптаның әр күні қандай мәзір екенін, 10 күнде бір беретін тағамдардың бәрін жаттап алған.


- Мен үйреніп кеттім. Диета едәуір көмектеседі: дәреті дұрысталды, суық тиіп ауырмайтын болды, ол мынаны жегенді ұнатады.

Таңғы астан кейін Салтанат ұлына Discovery арнасын қосып берді. Бағдарлама ғылыми тәжірибелер көрсетіп жатты, ал Нұртас экранда көрсетіліп жатқан бейнелерді қызығушылықпен бақылай бастады, арасында қызықты кадрларға күліп те қояды.

- Ол есейіп келе жатыр, сондықтан мультфильм қоймаймын, - деп түсіндірді таңдауын Салтанат. – Мұндай сал ауруы кезінде ми жұмысы, барлығын түсіну қабілеті сақталады екен. Бірақ нақты білмеймін, ол маған ол туралы айта алмайды ғой. Бірден ескертейін – күйеуім туралы сұрамаңыз. Ол жанымызда жоқ. Үшеуміз жаймен өмір сүріп жатырмыз. Қызым Нұртастан бір жасқа кіші болғанмен, өте ақылды, секцияларға өзі барады, сабағын оқиды, сурет салады, тігін тігеді, үй шаруасына көмектеседі, ағасына қарайласады...

Мен ауру балаға көп уақытым мен күшімді жұмсауым керек: шеті-шегі жоқ медициналық процедуралар, ауруханаға жату, гимнастика, массаж, т.б. Мұндай кезде сау балалардың өздерін қараусыз қалғандай сезінетіндері түсінікті. Бұрын қызым баламның қасына жатып, оның қылықтарын қайталайтын, сол кезде өзіне жітпейтін ана мейірімін күтетін – есіме түсірсем, жүрегім қан жылайды. Бірақ біз бұл кезеңнен өттік. Мен не түйдім: сау бала болсын, ауру бала болсын, оларға бақытсыз ана керек емес. Сондықтан күн сайын өзім үшін еңбек етемін – жұмысқа барамын, адамдармен араласамын, емдеудің жаңа әдістерін іздеймін, көңілімді түсірмеймін.

Біздің ең мейірімді «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық қоры мен үшін көп мүмкіндік пен емдеудің әдістерін ашты, ал оның төрағасы Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ керемет жан. Маған, мен сияқты аналарға қолдау көрсетеді, қажып кеткенде сүйреп тұрғызады. Жеке өзіме ол үміт сыйлады, жұмыспен көмектесті.

- Ол сіздің қайырымдылық ұйымының ұлыңыз үшін жинап берген ақшасынан бас тартқаныңыз туралы айтты. Сіз оны басқа балаға беріпсіз. Неге?

- Себебі, сол уақытта маған ақша керек емес еді. Уақыт өте келе қайырымдылық көмегінен толығымен бас тартуды ойлап жүрмін. Өмір бойы басқаларға үміттене беруге болмайды.

ӘРКІМНІҢ АЛАР АСУЫ БАР

- Қане, балам, жаттығу жасаймыз ба? – деген әйел баласын көтеріп сырғанақтың жанына барды да, жоғары жағына жайлап отырғыза бастады. Бұл паттернинг деп аталады – сырғанақтан сырғанау бас ми қабаты мен жүйке жүйесі қызметін жақсартады екен. Нұртас риза емес, ол үшін мұның бәрі – қиындық, азап. Сырғанау бірнеше минутқа созылады, бұл уақытта баланың көңілін аулап, көндіріп, тыныштандыру керек. Соңында Нұртас сырғанақтың төменгі жағына түсті. Салтанат қайта көтеріп, жоғарыға отырғызды. Нұртас болса, қипақтай бастады. Алайда ол аямады, өзінің ауыратын беліне мән бермеді, ал дәрігер сөмкеден ауыр ештеңе көтерме деген болатын.

- Сізге дәрігер болмайды деді ғой, ал сіз?

- Мен күлдім де қойдым, бұл мүмкін емес.

- Сырғанақтан неше рет сырғанау керек?

- 70 рет.

Бұл азап біткенше, көп уақыт өтті. Салтанат кейде жаттығуды ерте аяқтауға тура келетінін жасырмады – шаршайды, әрине, оның үстіне Нұртас та жылай бастайды. Кейін ол баласына су ішкізеді, тыныштандырады, жөргегін ауыстырып, жеңіл массаж жасайды, одан кейін кесте бойынша түскі ас, серуендеу. Жұмыс күндері Салтанат жұмысқа кеткенде Нұртас қарындасымен, ал кей күндері жалғыз қалады: ұйықтайды, теледидар қарайды. Олар жоқта бала тыныш отырады әрі олардың оралғандарын асыға күтеді.

Бұл отбасы жылдар бойы емделумен келеді, өкінішке орай, ілгерілеушілік байқалмайды. Салтанат барған қалалар, елдер, емдеу тәсілдерін тізбектеп жатыр – менің миым осыншама ұзақ медициналық терминдерді еш қабылдамады.

Біз серуенге шықтық. Нұртас тағы да анасының қолында, себебі, арбада отыру қиын, салмақ түскендіктен жауырыны ауырады.

Жанымыздан өтіп бара жатқан зейнеткер қарт Нұртасқа ұрсып тастады:

- Үлкен болып алып анаңа мініп алғаның не!

Менің тілім байланып қалды, Ал Салтанат қарияға күлімдеп, басын изеп қояды.

- Үлкен жасты адамдар Нұртастың ерекше екенін байқай бермейді. Баламда сал ауруының өте ауыр түрі, бірақ мен үмітімді үзбеймін. Күшім мен мүмкіндік барда балам үшін күресуімді тоқтатпаймын.

- Солай ғой, Нұртас? – деп анасы ұлының бетінен сүйді, баласы болса қуанғаннан бетін тыржита қойды. – Мен баламды бар болғаны үшін, күлгені үшін, арасында тентек болып, қарақұмықты ұнататыны үшін жақсы көремін.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА 

Суретті түсірген автор

12 қыркүйек 2018, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.