Атырау, 5 мамыр 10:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Қазақстанда лифтілерді ауыстыру жұмысы әкімдіктерге жүктелмек

1 275 просмотра


Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы жаңа заң жобасы бойынша, еліміздегі көпқабатты тұрғын үйдің лифтілерін ауыстыру әкімдіктерге жүктелмек. Лифт шаруашылығының жаңа стандарттары туралы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Лифтілер бойынша айтарым. Бұл жерде біз екі жолды таңдадық. Біріншіден, қазіргі уақытта лифт шаруашылығының жұмысын қадағалауға арналған 16 нормативтік құжат бар. Лифт шаруашылығы қауымдастығы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге жұмыс тобын құрып, бірыңғай стандартты әзірлеп шығардық. Бірыңғай стандарттар лифтілердің қайсысын сапалы деп танып, қандай лифтілерді Қазақстанға әкелуге болатынын, лифтілер қалай пайдаланылып, қалай жұмыс істеуі керектігін айқындап береді. Лифтінің өндірісінен бастап, пайдаланылуына дейін барлығы да сол стандартта жазылған. Аталмыш стандарттар техникалық реттеу комитетінің сайтына жарияланып, талқылауға шығарылды. Барлық ұсыныстар ескерілгеннен кейін біз стандарттарды бекітеміз», - деді Үкіметтің баспасөз орталығында баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Оның айтуынша, нормативті тұрғыда барлығы дайын болғанымен, үй тұрғындары бір мезетте ақша жинап, лифтілерін ауыстыруға қаражат таба бермейді.  «Мәселен, егер бес кіреберісі бар үйдің бес лифтін өзгерту керек болса, бір лифтінің құны шамамен 50 мың АҚШ доллары. Демек, бес есікті бір үйге 250 мың АҚШ доллары керек деген сөз. Оны тұрғындарға табу мүмкін емес. Бұл жерде бірінші кіреберістің лифтін биыл, ал бесінші кіреберістікін бес жылдан кейін деген нұсқа да болмайды. Себебі, біздің барлық тұрғындар бір мезетте қауіпсіз қызмет алуы тиіс. Сондықтан, аталмыш заң жобасында әкімнің құзіретін арттырып, олар бюджет қаражаты есебінен лифтілердің ауыстырылуына қаржы бөле алатындай бөлікті енгіздік. Демек, нормативті тұрғыда стандарттардың барлығын әзірледік. Заңнамалық тұрғыда лифтілерді ауыстыру үшін үй тұрғындарына салмақ салмайтындай қаржылық мүмкіндіктерге жол ашып отырмыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.  

 

Дереккөз: inform.kz

 

11 қыркүйек 2018, 16:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.