Атырау, 6 қазан 12:53
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Көзбояушылық кімге тиімді?

3 832 просмотра

Маусым айының басында біз «ЭкоПост» ҮЕҰ-ның төрағасы Жасұлан Көжековпен бірге біздің облысымыздағы мұнай компанияларының шартты аумақтарын аралап, ондағы экологиялық ластанған аймақтарды тіркеуге алдық. Біздің газетте жарияланған мақаладан («АЖ» №26, 14.06.12 – «Туған жердің лайланды-ау тұнығы») соң, жекелей алғанда, Көк-Арна кен орындарындағы табылған мұнай төгінділерінің дақтары туралы айтылған болатын. 

4 шілдеде осы кен орнын пайдаланушы  «Мәтен Петролеум» АҚ филиалының директоры Рашид АГИЮЕВ редакцияға хат жолдады. Хатта: «Көк-Арна кен орнында ешқандай мұнай төгілу фактілері орын алған жоқ, сондықтан да сіздің мұнай дақтары  жөніндегі ақпаратыңыз шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеген.

Айта кетелік, «Мәтен Петролеум» АҚ Көк-Арна кен орнын 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдаланып келеді. Бұл кәсіпорынның Жылыой ауданындағы шартты аумағы бір-бірімен көрші жатқан Көк-Арна және Қара-Арна кен орындары. Біз осы сапарымызда осы аталмыш кен орындарының екеуінен де мұнай төгінділерін көзімізбен көрдік.

17 шілдеде «Мәтен Петролеум» бізге Қара-Арна кен орнына баруды ұйымдастырды. Бір қызығы осыдан ай жарым бұрын суретке және бейнежазбаға түсірілген едәуір мұнай дақтары көзден ғайып болыпты. Кейін оған топырақ төгіп тастағандары белгілі болды (суретте).

– Бұл жерде ешқандай ластану жоқ,– деп мәлімдеді Қара-Арна және Көк-Арна кен орындарының цех бастығы Серік ҚОБЖАНОВ. – Және ешқашан болған емес.

Мен Қара-Арна және Көк-Арнаны бөліп тұрған үйіндінің жанына машинаны тоқтатуды өтіндім. КамАЗ жүрген жерлердің топырағы отырып кеткен және кейбір жерлерінде беті топырақпен жабылған мұнай байқалып қалды.

- Ал, сонда бұл не?!– деп мен қара балшықты алақаныма салып, жол бастап келе жатқан мұнайшыларға көрсеттім.

– Бұл балшық! – деп жауап берді бірден Қобжанов.

Одан әрі жүріп кеттік. Қара-Арнаның ортасындағы  өндірілген мұнайды резервуарға айдаушы топтық өлшеу құралдары тұрған жерде мен тағы да топырақ астынан мұнай көрініп қалған бірнеше орындарды таптым. Мұнайшыларға келіп:

– Бұл да балшық па?- деп сұрадым.

– Бұған қатысты түсінікті Атыраудағы бас кеңседен аласыз, - деп олар менімен дауласа қоймады.

Келесі күні кездесу барысында Р. Агиюев Мәтеннің Қара-Арна мен Көк-Арнадағы қызметі басталғалы бері ешқандай мұнай төгілулері болған жоқ деп мәлімдеді. Ал біз көрген дақтар тарихи болып есептеледі: Кеңес дәуірі тұсында бұл жерлерде мұнай қалдықтарынан битум алған. Ол өзінің сөзінің дәлелі ретінде Жайық-Каспий экология департаменті инспекторының кен орнын тексеру барысындағы 2012 жылдың 18 шілдесінде жазылған актісін көрсетті. Актіде былай деп жазылған екен: «Экологиялық заңнамаларды бұзу фактілері табылған жоқ».

 

БҰЛ НЕ ҚҰПИЯ ЖІГІТТЕР?

Бұл акт Жайық-Каспий экология департаменті бастығының орынбасары, облыстың бас экологиялық инспекторы Қабижан ҚАПАНОВПЕН біздің кездесуімізге себеп болды. Оның айтуынша, Қара-Арна кен орнында шынында да өткен ғасырдың 60-шы жылдарында болған кен орындарынан  мұнай қалдықтары қалған. Өткен жылы Мәтеннің алдындағы «Арнаойл» АҚ-на ұңғыларды бұрғылау үшін қосымша аумақ қажет болған еді және олар Жылыой ауданы әкімінің резервінен тарихи қалдықтары бар осы алаңдарды алған болатын. Арнаойлды қайта ұйымдастырудан кейін осы бүлінген жерлер Мәтеннің мұрасына айналды. Өткен жылы «Арнаойл» компаниясына экологиялық тексеру 4 рет жүргізілді. Бір рет ластанған мұнай шламдары үшін айыппұл салынды. Алайда, «Мәтен Петролеум»  компаниясының келуімен экологиялық бағдарлама бекітіліп, Қара-Арна кен орнында ластанған аймақтарды жою үшін қаржылар бөлінді. Сондықтан да қазір бұл компанияға талаптар қойылып отырған жоқ. Оның үстіне  Р. Агиюев те, Қ. Қапанов та диктофонға сөйлеуге үзілді-кесілді қарсы болды. Бұдан басқа, Қ.Қапанов өз инспекторының жоғарыда аталған актісінің көшірмесін қолында бола тұра беруден бас тартты.

Бұл туралы табиғат қорғау прокуратурасының не ойлайтындығын біз әлі күнге біле аймай отырмыз. Біз өзіміз жолдаған сауалнамаға жауап алдық, онда олар сауалнаманы Жылыой ауданының прокуратурасына жолдаған болып шықты. Ол жерден бізге сауалдың Жайық-Каспий экология департаментіне жіберілгендігі туралы жауап келді. Сөйтіп сауал шеңбер ішінде қалғандай күйге түсті.

 

«ҚОСЫМША САРАПТАМА КЕРЕК»

Екі сапар барысында да  бізбен бірге болған «ЭкоПост» ҮЕҰ төрағасы Жасұлан Көжеков бұған қатысты былай деп отыр:

– Мен Жылыой ауданындағы Қара-Арна және Көк-Арна кен орындарында қосымша экологиялық сараптама жүргізілсін деген талаппен жоғары органдарға өтініш жолдауды  көздеп отырмын. Мұндай құқықты маған Орхусс Конвенциясын бекіткен  және ҚР Экологиялық кодексін қабылдаған біздің мемлекетіміз беріп отыр. Мұндай шешім қабылдауда мен қандай негіздерге сүйеніп отырмын: біріншіден, «Ақ Жайық» газетінің редакциясының сауалына жазбаша жауабы жоқ, ол жауап хатта осы ластанудың тарихы, қоршаған ортаға келтірілген зиянының ресми түрде бағаланған көрсеткіші, төленген өтемақының мөлшері, сондай-ақ, осы ластануды жою үшін қолданылған шаралар көрсетілуі тиіс.

Даладағы мыңдаған тонна мұнайды (бірден газеттегі мақаладан соң) топырақпен жауып, бульдозермен таптап өту – бұл мұнай дақтарын жоятын жол емес.

Сондай-ақ, мұнайшылар мен мемлекеттік экологтардың диктофонға жазып алу үшін ресми түсініктер беруден және кен орнында бәрі таза деген құжаттардың көшірмесін беруден  бас тартулары да күдік ұялатады.

Мен тағы да «АЖ» газетінің оқырмандарынан azh.kz сайтында қалдырған комментарийлерінде өздеріне белгілі облыс аумағында мұнай төгілген аймақтар туралы хабарлама қалдыруларын өтінемін.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 шілде 2012, 20:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.