Атырау, 10 желтоқсан 01:04
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Итальянша "ойыншық"

3 447 просмотра

Қазақстандық әріптестерімен бірге өзінің демалу құқығын қорғауға талпынған Аджип ККО компаниясының супервайзері, Италия азаматы Орландо ИЕЦЦИ (суретте) жұмыстан шығарылды.

«ТЫЙЫМ САЛАМЫН!»

Итальяндықтан алғаш рет осыдан үш ай бұрын электронды пошта арқылы хат алдық. Сол хатта және одан кейінгі хаттарда Орландо өз хикаясын әңгімелепті.

Оның әңгімесінен белгілі болғандай, Қарабатандағы «Самал» вахталық қалашығында жұмыс істеген шетелдік азаматтарға «Аджип ККО» (ірі итальяндық энергетикалық ENI компаниясының еншілес кәсіпорны) мен «Шелл» компаниясының менеджерлері жұмыстан тыс уақытта еркін жүріп-тұруға рұқсат бермеген. Атап айтқанда, Атырауға шығуға тыйым салған екен.

– Салынып жатқан «Болашақ» зауыты дүние жүзі бойынша өз саласындағы ең ірі зауыттардың бірі боп табылады және құрамындағы күкіртсутек өте жоғары болғандықтан оның ең қауіпті  екені сөзсіз. Осыған байланысты жоба біліктілігі жоғары мамандарды талап етіп отыр. Ал оны іске қосудың кешеуілдеуі қызметкерлер арасында қобалжу туғызып отырған ENI басқарушыларының әрекеттерімен де байланысты.

Самалда (Атыраудан 20 км қашықтықта) Атырауға сағат 20.00-де шығып, вахталық поселкеге сағат 23.20-да кері қайтатын қызметтік автобус бар. Оны пайдалану үшін арнайы форманы толтырып, басшыға бекіттіріп алу керек. Белгісіз себептермен жоғары лауазымдағы менеджерлердің бірі, ол да итальяндық, қалаға шығуға негізсіз тыйым  салды. Біз вахталық әдіспен жұмыс жасаймыз (28+28), бұрын тыйым салғанға дейін аптасына 1-2 рет Атырауға шығып келетінбіз. Біздің кейбіріміз үшін бұл қаламен танысудың, азық-түліктер сатып алудың, мейрамханаға барып, баламалы асүй дәмін татып қараудың, дәрігерге және діни орындарға барудың бірден-бір жолы болатын.   

Иеццидің айтуынша, тыйым жергілікті қызметкерлерге де салынған. Олар ең болмағанда бірер сағатқа отбасымен қауышып, балаларын көру мүмкіндіктерінен айырылыпты. Салынған тыйымның себебін түсіндіру туралы итальяндықтың өтінішіне басшылық оның «қауіпсіздік тұрғысында» енгізілгенін хабарлап, алдағы уақытта мұндай мәселелермен келмеуге бұйрық берген.

 

НЕ ҮШІН КҮРЕСТІ...

Иецци бізге Қарабатандағы қызметкерлердің екі топқа бөлінетіндігін: біріншісінің  құрылысты жүзеге асыратынын, екіншісінің зауытты іске қосуға дайындайтынын түсіндірді. Әрбір топтың өзінің басқарушы менеджері бар екен.

– Шектеулер көбінесе зауытты іске қосумен айналысып жатқан шетелдіктер мен қазақстандықтарға қатысты болды. 70 жұмысшыдан тұратын топ басшылыққа тыйымды негіздеу өтінішімен шықты. Олардың көпшілігі қазақстандықтар. Олар анық жауап ала алмады. Мен үшін сол кездің өзінде мұның ұжымдық хат екені, оның бастамашысы мен екенім, мұның мен үшін үлкен проблемаға айналары айқын болды. Кезекті вахтама       Италиядан Атырауға кетуге 7 күн қалғанда жұмыс беруші (үзінді): а) «компанияның имиджіне және оның мүдделеріне сәйкес келмейтін әрекет жасағаным үшін»; б) «жаңа жағдайға/немесе жергілікті жұмыс жағдайына бейімделуге қабілетсіз болғандықтан» менімен еңбек қарым-қатынасын мерзімінен бұрын үзетіндігін  жазбаша түрде хабардар етеді деп үш ұйықтасам түсіме енбепті.  

Аджип ККО-ның бас директоры Умберто КАРРАРАНЫҢқолы қойылған 09.07.2012 жылғы осы хабарламаның мәтіні мен еңбек келісім-шарты редакцияда бар. Хабарламада Орландо Иеццидің «2012 жылдың қаңтары мен маусым аралығында еш қажетсіз 12 рет объектіні тастап кеткендігі, Ескене (Уэст) учаскесіндегі объектіден шығуға рұқсат алу үшін компания процедурасын сақтамағандығы» да айтылған.  

– Бұл өтірік. Басшылық біздің өтінішімізді қабыл алмаған соң, мен қайтадан қалаға шыққан жоқпын,- деп теріске шығарады итальяндық.

 

БАСҚАЛАРДЫ ҚОРҚЫТУ МА?

Иеццидің айтуынша, ол Қазақстанда 8 жылдан бері жұмыс жасайды екен. Өзінің осы жердегі еңбек жолын Қарашығанақ жобасынан бастаған.

– Сіздің еліңізде болған осы жылдар ішінде менде ешқашан бейімделуге қатысты проблема болған емес. Менің қазақтардың арасында достарым көп. Алайда жұмыс беруші-компанияның барлық нормаларына, менің келісім-шартыма және қазақстандық заңнамаға қарамастан, мені ақталуға мүмкіндік бермей, жұмыстан шығарып жіберді. Жұмыстан шығуым заңсыз екендігіне сенімдімін. Оның басты мақсаты – қалған жұмысшыларды қорқыту. Өз құқықтарының сақталуын талап ететін кез-келген адамның жұмыстан шығатынын көрсеткісі келді.    

Басқа, алдағы көмірсутек шикізатын өндіруді бастауға байланысты анағұрлым салмақты көрініс бар – тәжірибелі мамандардан құтылған соң, көптеген заңбұзушылықтар үшін, атап айтқанда жобадағы техникалық қауіпсіздік бойынша бүкіл жауапкершілікті соларға аударып тастайды. Менің жұмыстан кетуімнің басты себебі – менің тарапымнан құрылыс барысында қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтауды, сондай-ақ, жұмысшылардың құқықтарына құрметпен қарауды талап етуім болып отыр деп есептеймін.

Орландо сондай-ақ, қазақстандық бөлімшеден жұмыстан шығарылғаннан кейін Италиядағы ENI өкілдігі тарапынан қоқан-лоқыға тап болғандығын хабарлады. Бейресми кездесу кезінде, егер ол Қазақстанда өз құқығы үшін күресуді тоқтатпайтын болса, оны мүлдем ENI-ден шығарып жіберетінін айқын аңғартқан.

– Маған «Сен шынымен де, бізді Аджипке қарсы әрекеттерің туралы білмейді деп ойлайсың ба?» деді. Менің әрекеттерім туралы бүкіл ақпаратты оларға сіздердің газеттеріңіз беріп отыр деп айтты. Бірақ мен сіздерге сенемін, ал оларға сенбеймін. Мұндай менеджерлер ENI атына кір келтіріп, итальяндықтардыңимиджіне нұқсан келтіреді. Нәтижесінде Қашаған жобасы ұзақ кешігіп жүзеге асырылуда.

 

ҰЯТ ҚАЙДА, СЕНЬОРЛАР?

Орландоның Италиядағы жұмыс берушісімен жағымсыз әңгімесі кезінде біздің газетіміздің тақырыбы қалай қозғалды екен? ENI басқарушылары оның есімін NCOC консорциумына жіберген менің сауалыммен байланыстарған секілді. Алайда менің сауалым итальяндық Қашағаннан шығарылғанға дейін көп уақыт бұрын жіберілді. Ол жерде оның есімі айтылған жоқ еді, жалпы нақты жағдай туралы әңгіме қозғалған жоқ.

Коммуникациялар жөніндегі менеджер Ханс ВЕНК қол қойған жауапта айтылғандай, консорциум аясында шарттың екі түрі бар екен:

1.Тұрғылықты мекен-жай бойынша еңбек келісім-шарты: келісім-шарттың осы түріне сәйкес, жұмысшы тиісті компанияның объектісінде жұмыс күні ішінде жұмыс жасайды. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмысшылардың жүріп-тұруы компания бақылауынан тыс болады.

2. Вахталық әдіспен жұмыс жасау кезіндегі еңбек келісім-шарты: келісім-шарттың осы түріне сәйкес, жұмысшы тиісті компанияның объектісінде вахталық кезең ішінде жұмыс істейді. Вахталық демалыс кезінде жұмысшылардың жүріп-тұруы компания тарапынан бақыланбайды немесе шектелмейді.

Қызметкерлердің барлығы жұмыс уақытын қосқанда, кез-келген уақытта еркін жүріп-тұруға құқылы. Алайда жұмыс уақыты ішінде, еңбек тәртібінің талаптарына сәйкес, жұмысшы компанияға/тиісті лауазымды тұлғаға жұмыс орнында уақытша болмаса хабардар етуге немесе кетуге рұқсат алуға міндетті. Консорциумның бүкіл қызметкері үшін корпоративтік этика Кодексі негіз болады. Ол бүкіл қызметкерлерден оңтайлы қауіпсіздік стандарттарын қолдауға белсенді қатысуды, заңға қайшы немесе қауіп төндіретін әрекеттерден бас тартуды, қабылдаушы тараптың заңдары мен мәдени дәстүрлеріне құрметпен қарауды талап етеді. Бұл талаптардың жұмысшылардың еркіндіктерін, соның ішінде жүріп-тұру еркіндігін шектеу боп табылмайтындығына тағы да сендіргім келеді.

 

БҰЛ СІЗГЕ «ОЙЫНШЫҚ» ЕМЕС

Құқыққорғаушы Тоғжан ҚИЗАТОВА әкімшіліктің Орландо Иецциге қатысты оның жүріп-тұру еркіндігі туралы халықаралық конвенциямен бекітілген құқығын және демалу құқығын бұзып отырғандығына сенімді:

– Қызмет бабына орай, шетелдік жұмысшылар тарапынан жұмыс берушілерге қатысты шағымдарын жиі естимін. Ал жергілікті халық олардың мүдделері керемет қорғалған деп ойлайды. Өз құқығын қорғауға тырысқан адамдар, әдетте, жұмыстан шығарылып жатады. Олармен тәжікелесіп отырмайды.

Бірде Аджип ККО қызметкерлері Қизатоваға Атыраудағы кеңседе бәрінің бір итальяндық басшыдан қорқатынын әңгімелепті. Ол Қазақстанға сирек келеді екен, бірақ кеңсеге келген кезде өзіне кенеттен ұнамай қалған кез-келген қызметкерді қараптан-қарап жұмыстан шығарып жібере алатын көрінеді. Ол француздың «Ойыншық» фильміндегі қолдары терлегені үшін қызметкерін жұмыстан шығарып жіберген ерке баланың әкесі секілді екен.

– Иецци мырзаның жұмыстан шығарылғандығы туралы мәселеге біз «Business & HumanRights» Халықаралық Орталықты тартқан едік. Италия Сенатының депутаттарына үндеухат дайындап жатырмыз, ол жақтан жақында «Заман» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсел НҰРҒАЗИЕВА оралды. Сенат депутаттары одан Қазақстандағы итальяндық компания тарапынан жасалған бүкіл адам құқығын бұзушылықтар туралы хабарлап отыруды қолқалап өтінген. Әрине, Орландо Иецци сотқа жүгінген жағдайда, көмектесетін боламыз. Әңгіме қазақстандық сот туралы болып отыр. Өйткені ол жұмыс істеген «Аджип ККО» компаниясы Қазақстанда тіркелген,- дейді Т. Қизатова.     

ҮЕҰ өкілдері кеңес алуға жүгінген заңгер Нұржан ҚОЖАХМЕТОВ жағдайға төмендегіше комментарий береді:

– Біздің Конституциямыз тек ҚР азаматтарының ғана емес, шетел азаматтарының да құқықтары мен еркіндігін қорғайды. Ешкімді де мекен-жай бойынша немесе басқа да кез-келген жағдай бойынша кемсітуге жол берілмейді.

Менің түсінуімше, жұмыс беруші өз бастамасымен компанияның ішкі тәртібін бұзғаны үшін қызметкерін жұмыстан шығарған. Алайда ішкі тәртіп қызметкердің құқығын шектемеуге тиіс. Бос уақытында жұмысшы өз уақыты мен демалыс орнын өз қалауынша өткізуге құқылы. Орландо Иецциді жұмыстан шығару туралы хабарламада: «жергілікті еңбек жағдайына бейімделмеді», «компанияның имиджіне және оның мүдделеріне сәйкес келмейтін әрекет жасады» деген тек жалпылама сөздер келтірілген. Ендеше жымиғаны үшін немесе, керісінше, бет әлпеті өте салмақты болғаны және т.б. үшін жұмыстан шығаруға болады екен ғой. Меніңше, бұл адам сотта жеңіске жетеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 шілде 2012, 20:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.