Атырау, 4 мамыр 17:46
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

"Цеснабанк" Ұлттық банктен займ алғанын растады

2 065 просмотра


Қазақстанда активінің көлемі жағынан екінші ірі коммерциялық банк - "Цеснабанк" Ұлттық банктен 150 миллиард теңге (400 миллион доллардан астам) займ алғанын растады.

"Цеснабанк" 6 қыркүйекте ресми сайтында "қосымша өтімділік қорын қамтамасыз ету үшін" қысқа мерзімдік несие алғаны туралы ақпарат жариялады. Банктің хабарлауынша, 5 қыркүйекте қаржы ұйымы "өз қаржысына" 100 милилард теңгеден асатын несиесінің бір бөлігін өтеген. Банк несиенің қалғанын таяу уақытта өтейтінін айтады.

"Цеснабанк" хабарламасында қаржы институтында өтімді активтері жеткілікті екені және тұрақты жұмыс істеп тұрғаны айтылады.

Өткен айда Reuters ақпарат агенттігі Fitch рейтинг агенттігінің есебіне сүйеніп, 2018 жылдың екінші тоқсанында "Цеснабанктің" өтімді активтері 30,3 пайызға азайғанын және бұл - Қазақстандағы ең ірі 10 банк арасындағы ең үлкен құлдырау екенін хабарлаған. Reuters Қазақстан Ұлттық банкіне сілтеме жасап, бірнеше мемлекеттік компания әрқилы себеппен "Цеснабанктегі" депозиттеріне салған ақшасын қайтарып алғанын жазған.

Бұған дейін кейбір БАҚ америкалық Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, былтыр қаржылай көмек алған "Цеснабанктің" көпке жария етілмеген келісімшарт аясында Ұлттық банктен тағы да қаржы алғанын хабарлаған еді. 2017 жылы банк секторын жақсарту бағдарламасы аясында "Цеснабанкке" мемлекеттен жеңілдікпен 100 миллиард теңге берілген еді.

"Цеснабанк" - Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков отбасының бақылауында. Оның ұлы Дәурен Жақсыбеков банктің директорлар кеңесін басқарады.

 

Дереккөз: azattyq.org

6 қыркүйек 2018, 12:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.