Атырау, 23 сәуір 15:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Ақтөбеде өртеніп кеткен 52 өзбектің туыстары тосын мәлімдеме жасады

1 096 просмотра


Ақтөбеде 52 Өзбекстан азаматының өмірін жалмаған автобустағы өртке қатысты сот отырысы басталды. Алғашқы отырысқа қатысуға көрші елден марқұмдардың туыстары да келді. Олар процесс басталмай жатып-ақ жақындарының тірідей жанып кеткеніне сенбейтінін мәлімдеді. Ал айыпталушы деп танылған автобустың үш жүргізушісінің қорғаушылары оларды ақтап шығуды талап етті.

Осыдан сегіз ай бұрын Ақтөбе облысында автобуста тірідей жанып кеткен Өзбекстанның 52 азаматының барлық жақындарына жәбірленуші ретінде соттан шақырту жіберіліпті. Бірақ жердің шалғайлығына байланысты басында жолға Ферғанадан  шыққан 25 адамның Ақтөбеге 11-і ғана билет тауып жеткен. Енді  соттың ақырына дейін осында боламыз деп отыр.

"11 адам болып қазір пәтер жалдап жатырмыз. Сегіз айдан бері тергеудің қалай жүргенінен, кімді айыптап жатқанынан бейхабармыз. Оқиғаның қалай болғанын білгіміз келеді. 19 жастағы ұлым қыршын кетті", — дейді Бақтияр Ғарипов.

Процесс басталмай жатып, судья қайта-қайта үзіліс жариялаумен болды. Өйткені жәбірленушінің бірде-бірі қазақша түсінбейді екен. Ал өзбекшеге аударатын тәржімашы Ақтөбеде атымен жоқ. Сондықтан орыс тіліне аударып беретін болып келісті. Көрші елден келгендердің барлығы дерлік жақындарының автобуста тірідей жанып кеткеніне сенбейді, деп хабарлады КТК.

"Бұл бір болып жатқан қойылым сияқты. Ұлдарымыздың табытын әкелген кезде бізге аштырмады. ДНК сараптамасының нәтижесін көрсетпеді. Жақындарымыздың автобуста жанып кеткені рас болса, неге тергеу кезінде дәлел келтірмеді?", — деп атап өтті  Оборжон Хакимов.

Жәбірленушілердің күдіктен күйінетіндей жағдайлары бар. Өйткені, марқұмдардың кейбірінің ұялы телефондары осы күнге дейін қосулы тұр екен.

"Осында қиналып әрең жеттім. Ұлым мен немеремді іздеп келдім. Олардың өлгеніне сенбеймін. Өйткені ұялы телефондары әлі күнге дейін істеп тұр. Қоңырау соқсаң ешкім көтермейді. Бұл жағдайды қалай түсінеміз? Адам өртенгенде, ұялы телефондары да жанып кетуі керек қой", — деп ашынды Юлдузхон Ғаниева.

Енді оқиғаның қалай болғанын автобус өртенгенде тірі қалған үш жүргізуші айтып беруі керек. Қазір олар айыпталушы ретінде қамауда отыр. Олардан бөлек сотқа Шымкенттегі автопарк басшысы мен механигі жауап беруге қолхатпен қатынап жүр. Тек өртенген автобустың қожайыны жоқ. Оған халықаралық іздеу жарияланған. Қорғаушылар оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін ең алдымен автобуста тірі қалған өзбекстандық екі жолаушыны тыңдау керек деп отыр.

"Туыстан айырылған оңай емес. Бірақ үш жүргізушіні кінәлай беруге де болмайды. Бұл жерде екі куәгер бар ғой. Өзбекстан азаматы. Дұрыс па? Сол адамдар шақыртылуы керек еді", — дейді айыпталушының адвокаты Нұршат Пернебекова.

Сегіз ай бұрын автобуста аман қалған екі Өзбекстан азаматы сот отырысын  өздерін қатыстырмай жүргізуге арыз берген. Бірақ олардың куәлік етуін қос тарап та талап етіп отыр. Енді олардың процесске қатысу, қатыспауын сот шешеді.


Дереккөз: sputniknews.kz

4 қыркүйек 2018, 09:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.