
Маңғыстау облысы Ақтау қаласында қыркүйек айынан бастап қазақстандық сот жүйесіндегі жаңа бастама – "Отбасылық сот" пилоттық жобасы жүзеге асырылмақ. Қазақ елі тарихында тұңғыш рет жүзеге асқалы тұрған пилоттық жоба бірінші кезекте жанұя бірлігін сақтау, ана мен бала құқығын қорғау бағытындағы іс-шараларға оң ықпалын тигізеді деп күтілуде, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Өкілетті орган облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың базасында құрылады. Бүгінде ол жердегі дайындық жұмыстары аяқталуға жақындап қалды.
Қазақстан Жоғары соты бастамасымен құрылатын жаңа орган берекесі қашқан жанұя бірлігін сақтап қалуға жұмыстанатын болады деп күтілуде. Өкінішке орай, бұл ретте Маңғыстау өңірі елімізде көш бастап келеді. Биылғы жеті айда отбасы жанжалы бойынша 1791 іс қаралып, нәтижесінде 1191 неке бұзылды. Сот шешімімен 33 азамат ата-ана құқығынан айырылды. Ал былтыр 3526 дерек тіркеліп, 2306 ерлі-зайыптылар ажырасқан.
Сот органдары мамандарының пайымдауынша, бүгінде неке бұзылуының сипаттары да өзгерген. Бұрын жұмыссыздық пен ішкілікке салыну себеп болса, қазір олардан бөлек әлеуметтік желі арқылы өзгемен көңіл жарастыру соңы жанұяда береке қашуына әкеп соғуда.
Маңғыстау облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Нұрсапа Примашевтың айтуынша, келер айдан бастап қолданысқа қосылатын "Отбасылық сотта" ана мен баланың құқығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, баланың тұрғылықты орнын анықтау секілді істер қаралады.
"Ең бастысы, мұнда істердің басым бөлігін меидативтік рәсіммен, яғни дауласушы тараптарды бітістірумен аяқталу көзделеді. Судья психологпен не жекелей ерлі-зайыптылармен әңгімелеседі. Олардың одан әрі бірге тұруына ықыласы бар-жоғын анықтайды. Отбасы жанжалына не түрткі боларына көз жеткізеді. Жанұяға табыс кіруіне жол ашылуына ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде тараптардың жарасуына оң әсері етеріне анық. Қазіргі таңда осы пилоттық жобаны енгізу үшін техникалық және материалдық мүмкіндіктері мен судьялардың дайындығы сараланып, әзірлік жұмыстары аяқталып келеді. Жаңа бастама қолданысқа енген соң келешек ажырасу деректерінің азаярына сенеміз", - дейді құзырлы орган жетекшісі.
Ақтаудағы орталық сот ғимаратында "Отбасылық соттардың сот жүйесіндегі орны" тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Жиынға өңірлік, аудандық және оған теңестірілген сот төрағалары мен судьялары, құқық қорғау органдары, медиаторлар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Маңғыстау өңірінен соң осы пилоттық жоба жанұя және бала мүддесіне қатысты азаматтық істерді қарайтын Астана, Қостанай, Жамбыл, Семей қалалары мен басқа да аймақ соттарында жүзеге асады деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының басында Ақтауда мамандандырылған тергеу соты жұмысын бастаған болатын. "100 нақты қадам: Ұлт жоспарында" анық көрсетілген нақты тапсырманы орындау мақсатында облыстық сот ғимаратында арнайы кабинет жасақталған.
Қазіргі таңда бұл жерде екі тергеу судьясы мен алты сот қызметкері жұмыс істейді. Жаңа заңнамаға сәйкес өкілеттігі артқан мамандар тәулігіне бірнеше деректі саралауды қолға алған. Олар сотқа дейінгі тексеру өндірісіне қатысты қылмыстық істі қарап, жасырын тергеу әрекеттеріне санкция береді. Сондай-ақ, лауазымды тұлғаға қатысты шағым бойынша тексеру жүргізеді. Маңғыстау облысының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Бауыржан Елемесов берген мәліметке сәйкес, осыған дейін бұл саладағы жұмыс аудандық соттарда қаралып келген екен.
"Ендігі кезекте тек жасырын тергеу әрекеттеріне пәрмен тек облыс орталығында, Ақтау қалалық сотында беріледі. Бірақ, аудандық соттардағы судьялар да бұлтартпау шарасына қатысты санкцияларын бере береді", - дейді Бауыржан Елемесов.
Дереккөз: bnews.kz
В Атырау +2