Құрбымның ағасының есімі Коминтерн деп, коммунистік интернационал құрметіне қойылған екен. Бәрі оны еркелетіп Кома деп атайды. Өзі де, достары мен туыстары да осы есімге үйреніп кеткен. Алайда бастапқыда бәрі де үрпиісіп түсінбей қалатын. «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген қанатты сөз бар ғой. Бірақ интернационал да, коммунистер де Комаға жақсы адам боп қалыптасуына еш кедергі болған жоқ.
ЗАУЫТ ҚҰРМЕТІНЕ
Коммунистік қайта құру дәуірі келмеске кетті, онымен бірге Дизель, Комбайн, Дрезина немесе Пипкаврох (После Исторической Победы Красной Армии В Районе Озера Хасан) деген есімдер де жоғалды. Менің әкем ескі танысынан Чтз деген лақап атқа бойы үйреніп кеткен шығар деп, шын есімін сұраған екен. Алайда Чтз ағаның есімі төлқұжатта да осындай боп шығыпты. Ол 1933 жылы дүниеге келген. Сол жылы Челябинск трактор зауыты жұмыс істей бастапты. Бұл бүкіл ел үшін, соның ішінде сонау қазақ ауылында дүниеге келген сәбидің ата-анасы үшін де тарихи оқиға болған ғой, сірә.
Жалпы, біздің ата-бабаларымыз осы мәселеге келгенде бүгінгідей бас қатырмағанын мойындаған жөн. Қазір үш баланың өзі көп балалы отбасы деп саналады. Ал ол кезде сегіз ауыздың өзі аз көрініп, әйелі тағы да жүкті боп жүргенде, отағасы қоғам ұяшығының кезекті бір мүшесіне ат қоюды ойламайтын да еді.
Алматылық танысымның жүргізушісінің хикаясы да осы іспеттес. Оны бәрі де Коля деген есіммен білетін. Бір күні бастығына оның жеке ісі қажет болған көрінеді. Онда қысқаша өмірбаяны да жазылыпты. Коля отбасының тұңғышы боп шықты, шын есімі Қабдыхалел екен. Одан кейін Қабдыжалел, Қабдымалел, Қабдысалел, Қабдыдалел және олардың қарындасы Машаның (Мария емес) дүниеге келгенін біліпті.
ИНЬ МЕН ЯН
Көп жылдар өтсе де, қазақтар әлі таңдандырып келеді. Өткен жылы Астанада дүниеге келген қызыл шақаны сол жерде өткен ЕҚЫҰ саммитінің құрметіне Саммитхан деп атады. Хандар қатарына тағы бір есім қосылды. Бірақ бұл ата-аналардың ерлігінің тағы қайталанары неғайбыл. Бұл басқа ешкімде болмайтын айрықша есім боп қалатын шығар. Саммитханның Маңғыстауда және Оңтүстік Қазақстанда Нью-Йорк және Дағдарыс деген құрдастары бар.
Дегенмен, байырғы қазақ есімдері қандай да болмасын мағына береді немесе бір оқиғаға байланысты қойылады. Жетпісбай есімі әкесі жасы ұлғайған шақта дүниеге келген сәбиге қойылады. Тілекші – көптен күткен сәбиді білдіреді. Айтпақшы, ұл балаға да, қыз балаға да ортақ есімдер болады. Бақыт, Жеңіс, Арман, Ардақ, Жанат... деген есімдер екеуіне де ортақ. Мұндай есімдерді, әсіресе, бір кездері АХАЖ-да фамилияны жалғаусыз жазу нормасы рұқсат етілген кезде жынысы бойынша айыру өте қиын болатын. Жақында маған әлдебір формальды кездесуге шақырған Дәуіржан Ауғамбай деген адамнан хат келді. Хабарласпақ боп байланыс телефонын тердім. Тұтқаның ар жағынан ер адамның бас дауысын естігенде абыржып қалған едім. Облыстық АХАТ (биылғы жылдың басынан бастап АХАЖ атауы өзгертілді) азаматтық хал актілерінен Япутан және Сраж деген фамилиялары бар қыз балалар мен Лес деген ұл баланың есімі назарымды аудартты.
ИСЛАМ ЖАЛҚЫ ЕСІМ
Әрбір жылды есімдердің өз көшбасшылары мен екі-үш таңсық есімдер пайда болады.
– 92-жыл есіңізде ме? Әрбір үшінші баланың есімі Нұрсұлтан, ал қыз балалар Айдана немесе Әйгерім деген есімді иеленетін, - деп еске алады АХАТ жетекші маманы Гүлнар ҒҰБАШЕВА.
– Ал соңғы жылдары ше?
– 2007 жылы Әли, Әлихан, Райымбек деген есімдер кең тарады. Қыздарды көбінесе Ақерке, Нұрай, Жанерке деп атады. 2008 жылдары мұсылмандық есімдерді қою сәнге айналды. Бұл жыл өткен сайын нығаю үстінде. Бүгінде Аслан, Руслан, Болат, Серік және Арман деген есімдер мүлдем жоқ.
Жазбаларға қарағанда ата-анасының ұстанған діні есім таңдауға зор ықпал етеді. Жыл басынан бері әрбір үшінші есім Құраннан алынған есімдер. Ибраhим, Абдуллаh, Ислам, Исмаил, Мүслім деген ұл баланың есімдері көп қойылады. Ал қыз балаларға діндар ата-ана Райана, Сумайя, Имран деген есімдер береді. Інжу, Зере, Ханшайым, Ханзада деген секілді көне қазақ және түрік есімдерін ұнататындар да кездеседі. Дегенмен Адия, Жаннэта, Алина деген назды есімдер де қалыспай келеді.
Бүгінде АХАТ-қа аға буынға жақсы таныс, тіпті ұмытыла бастады деуге болатын Мәдина, Қарақат, Қызғалдақ есімді жастар жиі келетін болған. Бұл тамырын сақтап қалуды мақсат еткеннен емес, өнерге деген, дәлірек айтқанда шоу-бизнеске деген құштарлықтан туындаған құбылыс. Осы есімдердің барлығы бүгінде танымал әртістердің есімдері. Үкілісағыныш немесе Ықылас деген есімдердің ұл балаға белгілі бір мағынамен қойылғаны анық. Осы есімдердің еркелетіп, қысқартылып айтылатын нұсқаларын елестетудің өзі қиын. Алайда қазақ тілінің икемділігі мен менталитетін ескерсек, үй ішінде балаларын мүлдем басқаша атайтынына таң қалмаймын. Мәселен, құрбымның туған кезден бастап көз алдымда өскен Әділжан есімді ұлын үйлерінде Такося деп атайтын.
Анас, Саад, Сэби, Алхан деген ұл баланың есімдері үйреншікті емес. Шығу тегі түсініксіз Асма, Наэлита, Наз, Дениз, Изель, Айнара, Адэля, Аймара, Эльназ, Інжіл, Анелья, Арина, қос есімді Алиша-Майя … деген есімдері бар қыз балалар қазақ отбасынан шыққан.
– Орыстар дәстүрлі есімдер қояды. Кейде Эвелина, Арианна дегендер, кейде Мари деген де кездесіп қалады, - деп әңгімелейді Ғұбашева.
– Румынияда, мәселен, өткен жылы ата-аналарға заңды түрде өздерінің жаңа туған балаларына оғаш есім беруге тыйым салынған. Өйткені соңғы кездері румындық АХАЖ-дарда Мерседес, Телевизор, Император, Полиция, Тарзан есімді балалар көп тіркелген екен.Сіздердің мүлдем ерсі есімдерді тіркеуден бас тартуға құқыларыңыз бар ма?
– Егер есім ата-ананың екеуінің келісімі бойынша берілген болса, біздің бас тартуға құқығымыз жоқ. Егер ата-аналары өзара келісе алмаса, біз оларды сотқа жібереміз, - дейді Ғұбашева.
ЗИНАНЫҢ ҚАТЫСЫ ЖОҚ
Бала күнімде өз есімімді ұнатпай (Софья деген анағұрлым тартымды көрінетін – осындай есімді қыз балалар «үнемі ақылды» болады дегенді бір жерден оқығаным бар), 18 жасқа толғаннан кейін ауыстырамын деп армандайтынмын. Бағыма қарай, кәмелетке толған кезде ақылым толысып, АХАЖ-ға бармай қалдым, бәрібір ұсынысымды қабыл алмайтын еді.
Егер мені Гүлзина деп атаса, ауыстыру қиын емес екен. Көпшілігі үшін бір кездері кең тараған Зина есімін және екінші бөлігі осы сөзден құралған есімді ауыстырады екен. Осындай есімі бар адамдар мұндай атпен жүру мүмкін емес екендігіне АХАТ қызметкерлерінің көздерін жеткізіпті.
– Ислам дініне сенетін әйелдер бұл сөз «күйеуінің көзіне шөп салатын әйел» деген мағынаны білдіретінін айтып, көздеріне жас толып, ауыстыруды өтініп жалбарынады, - дейді Г. Ғұбашева. – Отбасындағы діннің рөлін ескере отырып, осындай ерлі-зайыптылардың өтініштерін орындауға көмектесеміз.
Ал іс жүзінде бұған Зинаның қатысы жоқ. Араб тілінде «зина» деген омоним сөз бар. Бұл ер адамға да, әйел адамға да қатысты «зина жасау» деген ауыр күнәлардың бірін білдіреді.
Заң бойынша үш жағдайда ғана есімін немесе фамилиясын ауыстыруға болады: егер олар жағымсыз естілсе, айтылуы қиын болса немесе шындыққа сай келмесе, яғни, адам жұрт арасында түрлі себептер бойынша бір есіммен танымал болып, ал төлқұжатта мүлдем басқа есім болса. Бұл «іс жүзінде қалыптасқан есім» деп аталады. Бірақ оның өмір сүруге кедергі келтіретінін дәлелдеп, куәгерлер әкеліп, құжаттар ұсынуы тиіс. Менің көршімді ес білгелі Соня тәтей деп атайды. Тіпті ең жақын туыстары оның төлқұжат бойынша Сәлима апа екенін ұмытып та қалған. Бірақ бұл Соня тәтей үшін жат есім, тіпті ол оған үйлеспейді де.
Бақытжан есімді қыз бала да бұл есімнің көбінесе ер адамға қойылатынын, соның салдарынан моралдық зиян тартып жүргенін дәлелдеп, Мәдина деген есім алған. Қатира есімін жағымсыз естіледі деп санаған қыз да Әселхан деген есімге ие болыпты.
АҢШЫЛАР ФАМИЛИЯСЫ
Ірі компанияға жұмысқа орналасқан кезде, монитор экранынан локалдық желі бойынша әріптестерімнің («Ақ Жайықта» және Атырауда емес) тізімімен танысқан едім. Сол кезде Писикина, Кривая және Убейволк деген фамилиясы бар әріптестерім бар екенін білдім.
Убейволктың анасы өзінің сирек кездесетін фамилиясының төркінін білмейді екен, бірақ оның ешқашан фамилиясын өзгертуге ниеті болмапты:
– Атамның тегі Полтавадан, яғни, украиндық фамилия. Ол жерде біздің фамилияластарымыздың мекені болыпты деседі. Бірақ өмірде мен оларды кездестірген емеспін, тек Харьковта Ұлы Отан соғысының батыры, партизан Ляля Убейволктың зиратының басында болып қайттым. Бұлар ауқатты, парасатты адамдардың қауымы болатын. Менің де, ұлымның да ешқашан фамилиямыздан бас тартатын ойымыз болған жоқ. Фамилиям ешқашан қолайсыздық әкелген емес. Иә, күлкілі оқиғалар болып жүрді, бастапқыда бәрі де таң қалады. Бірақ адамдар қай нәрсеге де тез үйреніп кетеді ғой..
Кейде қызықты есімнің жақсылық жаршысына айналатын кездері де болады. Сегіз жыл бұрын орта буын менеджері Керімқұлды банктегі әріптестері Крутой Керім деп атап кеткен еді. Керім енді шынымен де «крутой» болып кетті, қазір оңтүстік астананың қаржы құрылымында жоғары лауазымда жұмыс істейді.
АВАС ПЕН АҚТОТЫ
Авас туралы күлкілі әңгіме енді басқаша қырынан айтылатын болды. Бірде көршім мынадай бір жағдайға тап болыпты. Ол шетелдік компанияға қоңырау соққан екен:
- ЕКК компаниясы, менеджер Ақтоты.
- ...Авас, ал сіздің есіміңіз қалай?
– Ақтоты!
– Айтып тұрмын ғой Авас деп. Ал сіздің?
– А-қто-ты!
Кавказдық Авас пен қазақ қызы Ақтоты әрбірден соң дауыс көтере сөйлесіп, сәлден соң бірі түсініп қалып, өлгенше күлген екен.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА