Атырау, 26 желтоқсан 00:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Шаруасы шалқыған қожалық

4 554 просмотра

Елсіз даладан еуростандартты еңселі үйді кездестірем деп әсте ойлағам жоқ.  Мал ауласынан басқа өсіп тұрған жеміс ағаштары мен  гүл бағы осы өңірге ерекше сән беріп тұр.  Бұл сыртынан атына қанық  Махамбет ауданындағы жеке қожалық иесі  Жеңісбай  ДОСҚАЙЫРОВТЫҢ (суретте) мекені.  Бізді сонадайдан көрген Жеңісбай аға қуана  қарсы алды.

 

БАЙЛАНЫСШЫ  ШАРУА АТАНДЫ

Машинадантүсуімізмұңекенжауынсатырлайжөнелді.  Үсті-үстіне шелектеп құя бастады десе болады.  Ыстықтан  тандыры кепкен дала ылғалды жұтып жатыр. 

- О, тегін емес, нұр алып келдіңдер. Соңғы кездері күн бұлттанып тұрып, желдетіп ақыры жаумай кететін. Шілдедегі нағыз керегі осы жаңбыр ғой, - деп Жеңісбай аға мәз болды.

Біз де жауыннан қашқақтап, бірден үйдің табалдырығын аттадық.

-Жағдайларыңыз қалай болып жатыр?

- Сіз бұдан 20 жыл бұрын келгенде қоңырқай киіз үй мен жеркепе баспанаға тап болар едіңіз. Шынымен дәл солай күй кешкенбіз. Ал, қазір оны елестету  қиын, - дейді әңгіме қозғаған Жеңісбай ДОСҚАЙЫРОВ.

Махамбет ауданы Ақтоғай ауылының тумасы Ж. Досқайыров мал бағам, шаруашылығымды жүргізем деп мүлде  ойламаған еді. Ауылдағы байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болып жүргенде Кеңес үкіметі құлап, 7баласының қамын ойлаған ол ата кәсіпті меңгеруді ойластырып,18 шақырым жердегі «Кеңөріс» қырлығын таңдаған болатын. Және уақыт оздырмай жұмысын тастап, ауылдағы кооперативтен 5 боталы інгенді сатып алды. Жазда киіз үйде, қысқа қарай жер үй қазып тұруына тура келді.  Баспана мәселесін бұлай шешкенімен шаруаны үйлестіру оңайға соқпады. Дегенмен үнемшілдігі мен ұқыптылығы, одан қалса еңбекқорлығының  арқасында малды өз төлі есебінен өсіруге күш салды. Ешкімнен ештеңе сұрамады. Бұл нәтижесіз болмады, малға мал қосылды. Өсімтал шошқа өсіруді де қоса қолға алған. Қабанмен шағылыстырып, басын 100-ге жеткізгенмен етке тапсыру қиынға соқты.

- Техникам да шамалы болатын, амал жоқ басқа түлік өсіруге тура келді. Бүгінде 150 ірі қара, 70 түйе, 60 шақты жылқы, 300-ге жуық қой-ешкі, 40 шақты тауық бар. Бұл бірнеше жылғы жетістігіміз. Үкіметтен көк тиын көмек алмастан жұмыс жасадық, қарызымыз жоқ, - дейді «Досқайыров» ШҚ-ның жетекшісі.

 

ЖӘРДЕМАҚЫҒА ТЕЛМІРГЕНДЕР КӨП

Өз күштеріне сенген олар  бірнеше жылды артқа тастап, іргелі шаруашылыққа айналып үлгерген.  Жеңісбай аға ұлдары Нұрғуат пен Мұрагерді үйлендіріп, өз қолында  ұстап қалды. Қазіргі басты көмекшілері осылар. Дегенмен шаруашылық үлкейген сайын адам күшінің жетіспеушілігі  сезіле бастады. Бүгінде бақташы, сауыншы, механизаторға зәру болып,  Ақтоғай селолық округіне сұраныс беріп қойыпты.

- Қожалық  жұмысшылармен келісім-шартқа отыруды мақсат тұтқанымен мал шаруашылығына ауыл адамдары бармай отыр.  Тепсе темір үзетін жастардың ішінде  жұмыстан қашып, бала-шағасын асырауды үкіметке міндеттеп отырғандары да жоқ емес.  Қожалық басшысы  ауыл адамдарын жұмысқа тарту үшін небір шараларды ұйымдастыруда. Мәселен, бақташыға 35 мың, сауыншыға 25 мың теңге төлемекші. Сүті тегін. Сондай-ақ механизатор айлық жалақысымен қоса 2  машина шөпті тегін алады. Солай бола тұра ауыл адамдары жұмысқа бармай отыр,-дейді Ақтоғай селолық округінің әкімі Гүлайна ОРАЗҒАЛИЕВА.   

Бұрынғы механизаторлар зейнетке шығып кеткен. Олардың орнын басар жастар бұл мамандықты қаламайтынына Жеңісбай аға наразы.

- Екі балама екі үй салып жатырмыз. Құрылыс жұмысына жергілікті қандастарымыз келмегесін өзбектерді жалдаудамын. Абай атамыздың «жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деуі дұрыс. Жұмыс жасағысы келмесе де баласының жәрдемақысын үнем көрген  әкелерге түсінбеймін. Жергілікті адамдар бас тартқасын Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылынан2 отбасын  алдыртып отырмын. Соның өзінде 6-7 жұмысшы қажет, - дейді ол.

 

ГҮЛДЕНДІРУ ӨЗ ҚОЛЫҢДА

1945 жылы 9 мамырда дүниеге келген Жеңісбай аға 67 жасқа шығып отыр. Жолдасы Бақтылы екеуі еңбектен қалған емес, балалары да ерінбейді. Отбасының басты қағидасы «қолы қимылдамағанның аузы қимылдамайды».  Осы кезге дейін үкіметтің көмегіне сүйеніп көрмегендер енді одан бас тартпақ емес. Себебі, жылыжай салу, шошқа өсіру, техникаларды жаңалау, егінді баптау, мал сою цехы үшін қосымша қыруар қаржы керек. Шаруаларды қолдау мақсатымен құрылған  «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «Даму» мекемесінен әзірге еш көмек көрген емес.  Төменгі пайыздық  мөлшерлемемен  несие береміз дегенмен, кепілдікке қаладан үй талап етеді. 

- Мал есепке алынбайды, ал үйіміз үлкен соманы құрамайды.  Бірақ көмек беріп жатырмыз деп ауыз толтырып айтқанмен іс жүзінде біз ешқандай көмек те, жеңілдік те алып отырғанымыз жоқ,  жеме-жемге келгенде бәрі басқаша, - дейді шаруалар.

Соған қарамастан  Досқайыровтар отбасы өз шаруаларын үкіметтен берілетін  көмекке алақан жаймастан өздері дөңгелетіп отыр.  Шөп шабу, қозы қырқу, өздері үшін еккен  бақшалық егінді баптау, т. б. толып жатқан жұмыс бар. Сүтін тартып, қаймақ, құрт дайындау жүзеге асуда. Шұбат ішіп отыр, енді қымыз дайындауды жоспарлауда. Белгілі тәртіпке үйренген «Кеңөрістегі» шаруалар жайы міне осындай.

- Жалқаулығымызды біреуге бетке басса соған біз ренжіп жатамыз. Ауылдастарға  қой мен түйенің жүнінен көрпе тігіп,  пайда табыңдар десем де аяғын баспайды. Әйтпесе жыл сайын пайдасыз қалып, іріп-шіріген мал жүні босқа далада қалуда, - дейді қожалық иелері.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 шілде 2012, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.