Биыл Атырау қаласындағы православ шіркеуі - Әулие Успен соборының құрылғанына 130 жыл толады. Қазір шіркеуде қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді, абаттандыру жүріп жатыр. 28 тамыздағы мереке қарсаңында шіркеу жаңа кейіпке енеді. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне Әулие Успен соборының протоиерейі Михаил СОКОЛОВ айтып берді.
Әулие Успен соборы 1888 жылы көпес Федот ТУДАКОВ пен оның жұбайының қаржысына салынған. Төңкерістен кейінгі жылдары шіркеуді кеңес үкіметі жауып тастады. Терезелері кірпіштермен бітеліп, ол қойма ретінде пайдаланылған. Тек соғыстан кейін қайта ашылып, Кеңес одағында ашылған он мың шіркеудің қатарына қосылған.
Орал епархиясы құрылып, басқарушы архиерей тағайындалған соң шіркеуге екінші Кафедралды Собор статусы берілді.
2000 жылы шіркеудің жағдайы аянышты халде-тұғын, сондықтан сол кездегі облыс әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТЫҢ өкімімен және облыстық әкімдіктің қолдауымен Собор толықтай қайта қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары барысында шіркеудің іргетасын қайтадан бекітуге тура келді, себебі, жергілікті жердің топырағы мен климатының ерекшеліктері кесірінен шіркеу бір жағына қисая бастаған еді. Егер 2000 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегенде қазір бұл шіркеу болмас па еді.
«Биыл шіркеуді қалпына келтіру жұмыстарын жомарт жандардың арқасында жүргізуге мүмкіндік туды». – дейді Михаил әкей. – «Біз шіркеулердің шатырын жабуға, сонымен қатар ішкі жұмыстарына мамандандырылған ресейлік компаниямен байланыстық. Бұл компания 2000 жылы жүргізілген жұмыстар кезінде төбе жабынын ауыстырған болатын, сондықтан шіркеудің ерекшеліктері оларға таныс».
Шіркеу шатырын көкке бояу кездейсоқтық емес. Бұл аспанның түсі, ол Құдай Ана туралы түсінікке сай келеді. Тазалық пен адалдықтың белгісі ретінде Аса қасиетті Құдай ана мерекелері үшін қолданылады. Бірінші қалпына келтіру жұмыстарына дейін шіркеудің шатыры көк түсті болғанын атап өту керек, жөндеу жұмыстары кезінде оны жасыл түске бояған.
«Қасбет жұмыстарымен де таныс шеберлер - ежелгі шіркеулердің қасбеттерін қалпына келтіруге маманданған кәсіби альпинистер айналысты. Олар бұзылған әр кірпішті шығарып, орнына жаңасын қойып отырды. Кейін мұқият тегістеп, бояды, осылайша ғимараттың алдыңғы маңдайын қалпына келтірді». – дейді Михаил әкей.
«Ішкі жұмыстар кезінде шіркеуді толықтай жапқан жоқпыз. Фрескаларға дейінгі қабырғаларды болашақта сыры кетпейтіндей тұзға қарсы арнайы қоспамен өңдеп шықты. Жұмыс күндері барлық құлшылықтар Николь шіркеуінде өткізілді. Халық көп жиналатын жексенбі күндері собордың жартысын жауып, сол жерде өткіздік».
Шіркеуді дәріптеу күні әзірге белгісіз, бірақ шіркеудің Успен Аса қасиетті Құдай ана мерекесіне орай 28 тамызда дәріптелгенін ескерсек, бұл күнді шіркеудің туған күні деп есептеуге болар.
Анастасия Алюшина
Сурет автордыкі, шіркеу мұрағатынан және интернеттен