Атырау, 23 сәуір 22:54
 ашықВ Атырау +22
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

​ЖОО-ларда кейбір мамандықтар жабылады - министр Сағадиев

1 873 просмотра


Биыл жоғары оқу орындарына қосымша 20 мың грант берілді. Осыдан байланысты министрлік жоғары білімнің сапасын жіті бақылайтын болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, алдағы уақытта жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа тұру көрсеткішіне баса назар аударылады. Аталған меже төмен болса , сол мамандықтың лицензиясы кері қайтарылады.

«Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған шараны қолға алды. Былтыр мемлекеттік гранттардың саны 10 мыңға артты. Биыл тағы 20 мың грант бөлінді. Демек, онымен бірге жоғары оқу орындарының жауапкершілігі артады. Біз білім сапасына баса назар аударамыз. Ал бұл мәселені қалай қадағалаймыз? Біріншіден, жас мамандардың жұмысқа тұру рейтингісі бойынша әрбір жоғары оқу орнының жұмысын бағалаймыз. Егер аталған көрсеткіш төмен болса, онда сол мамандық бойынша лицензияны кері қайтаратын боламыз. Бұл - басты көрсеткіш. Себебі жұмыс нарығында әрбір түлекке сұраныс болуы қажет», - деді Е.Сағадиев Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде. 

Министрдің айтуынша, биыл республика бойынша 17 мамандықтың лицензиясы кері қайтарылды. Осы саладағы жұмыс күшейе береді. 

«Соның нәтижесінде жоғары оқу орындары нақты бір салаға мамандана бастайды. Мәселен, бір бағытта жақсы маман даярласа, сол бағытпен кете береді. Ал басқа бағыттарға уақыт шығындаудың қажеті жоқ. Екіншіден, жоғары оқу орындарына қатысты кәсіби талаптар күшейеді. Енді, университет, академия мен институт дәрежесін беру жұмысы қатаң бақыланады. Үшіншіден, біз Жоғары оқу орындары лигасының құрылғанын толығымен қолдаймыз. Аталған ұйым жоғары білім сапасын жоғары деңгейге көтереді деген сенім бар. Бұдан бөлек, ректорлардың тиімділігін бағалау жүйесі, антиплагиат және тағы басқа тетіктер бар. Жоғары білімнің сапасын қадағалау кезінде біз соның бәрін қолданамыз», - деп атап көрсетті Е.Сағадиев.

Дереккөз: inform.kz

17 тамыз 2018, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.