Бұл хат «АЖ»-ға көптеген мақалаларымен таныс құрметті авторымыздан келді. Оқырмандар, өздеріңіз танысып шығыңыздар.
2018 жылдың жазында Атырау облысында және Атырау қаласында желсіз экстремалды аптап ыстық көп болды. Күндіз ауа температурасы көлеңкеде 37-420С-ге жетсе, күн көзінде 500С-ден жоғары болды. Көшелердегі асфальт пен кеспе тастар 60-70°C-ге дейін қызды, ал түнде күндізгі қабылдаған ыстық атмосфераға шығады. Ауада оттегі азайып, тыныс алу қиынға соғады.
Қалада күндіз-түні 150 мыңнан астам көлік жүреді. Әр көліктің 1000 шақырым жүргенде орташа алғанда бір адамның жылдық оттегі тұтыну нормасын жоятыны белгілі. Қалада жүретін көліктердің ауадағы қаншама оттегіні жоятынын елестету қиын.
Қаланың көлік құралдарына байланысты ластануы нағыз сорымызға айналды. Бұл шығарындылар көп биікте емес және адамдар тұратын жерге жақын маңда болып жатыр. Көліктен шығатын газ атмосфераға 200-ге жуық ластаушы заттар түрін, соның ішінде канцерогендік заттар да шығарады. Атырау облысында мұндай шығарындылардың көлемі жылына 120 мың тоннадан асады, бірақ бұл республикалық статистикалық есептемелерде мүлдем ескерілмейді.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайларда қала тұрғындарына ауа-райының жағымсыз факторларын жұмсартатын әсерлер заңмен қарастырылған. Оларға мыналарды жатқызуға болар еді:
- Жайық өзенінің (адамдар жиі шоғырланатын) жағалау бөлігін және орталық көшелерді күніне 1-2 рет суару;
- автокөлік қозғалысын реттеу, қалаға Камаз сияқты ауыр жүк көліктерін кіргізбеу, бұл үшін айналмалы жолдар бар;
- көшелерде ауыр қозғалатын көлік құралдарынан шығатын газ шығарындыларына бақылауды күшейту, пайдаланылған газдар толық жанбайтын ақаулы автокөліктерді анықтау және оларды жөндеу бойынша шаралар қабылдау;
- жанар-жағар май станцияларында сатылатын бензин сапасын бақылауды күшейту, өйткені көлік құралдарынан шығатын газдардың жану дәрежесі соған байланысты болады;
- қала көшелеріндегі субұрқақтардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету (Атырау субұрқақтары жұмыс істемейді деуге болады);
- атмосфера бассейніне қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары шығаратын технологиялық шығарындыларға бақылауды күшейту, олар нақты ауа-райын есепке ала отырып, желдің бағыты мен жылдамдығына қарай шығарылуы тиіс.
Өкінішке орай, қалада бұл шаралар орындалмайды десек те болады.
Таңқаларлық болса да, Атырау тұрғындарының денсаулығына қолайсыз метеорологиялық жағдайдың әсерін арттыруға мүмкіндік беретін фактілер бар. Көлеңкесі 38-420С және күн көзінде 500С-ден жоғары болатын ыстықта Атырау билігінің үнсіз келісімімен жол қызметкерлері бірнеше рет «өздерінің инновациялық әдістерімен» көшелерді асфальттады. Көшелер алдын ала тазаланып, шұңқырлар құрылыс материалдарымен «жамалды», содан кейін осылай дайындалған жолдарға шамамен 70-800С температурадағы ыстық сұйық битум құйылды. Асфальттың ескі бөлігі ыстық жартылай сұйық битумның жұқа қабатымен тұтасып кетеді. Битумның газ бөлігі атмосфераның төменгі қабатына ұшып кетеді. Сұйық битумда жүздеген зиянды заттар, соның ішінде канцерогендер бар. Нәтижесінде қаланың тұрғындары токсиканттармен (битум буы) жаппай уланды, битум иісі апталап кетпеді. Улану белгілері әртүрлі: бас ауру, бас айналу, жүрек айну және лоқсу, қысымның көтерілуі, жүрек ұстамалары. Адам ағзасына енген токсиканттар ол жерде тұрақтап қалып қояды.
Біздің зерттеу жұмыстарымыз атмосфера бассейніне тасталатын 1 тонна зиянды заттар шығарындыларына тура келетін жалпы сырқаттардың үлес саны жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті. Мысалы, Атырау облысында атмосфералық бассейндегі зиянды заттар шығарындыларының 1 тоннасына науқастардың жалпы саны 2011-2015 жылдары 3 адам және 2016-2020 жж. 6 адам болды.
Жол құрылысшыларының кімді алдайтыны бізге түсініксіз. Өйткені бір жылдан кейін жолды қайтадан асфальттау керек болады. Жұмыс сапасын бағалаумен және жолдарды толыққанды жөндеуге бөлінген қаражаттың жоғалуына қатысты мәселемен құқық қорғау органдары айналысатын шығар.
Атырау мұнай өңдеу зауытында ішінара өңделетін Жаңажол, Прорва (Морское) және басқа да тұзасты мұнай кеніштерінде 4-ші модификациядағы меркаптандардың күшті улары бар, оның шекті рұқсат етілген концентрациясы - 0,000009 млгр/м3.
Меркаптандар - қабылданған халықаралық шкала бойынша қауіптіліктің екінші сыныбына жататын өте улы химиялық заттар.
Ауадағы меркаптандардың кез-келген мөлшері, тіпті, шамалы мөлшері – текше метрде төрт молекуланың өзі (яғни, миллиграммның бір миллиард үлесі) қауіпті. Өте аз концентрацияда меркаптан буы рефлекторлық жүрек айнуын және бас ауруын тудырады. Анағұрлым жоғары концентрацияда орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, есірткілік әсерге ие.
Меркаптан теріге оңай енеді, көздің, ауыздың, мұрынның шырышты қабығын тітіркендіреді, сананы жоғалтуға және тіпті, тыныс алуды тоқтатуға әкелуі мүмкін. Меркаптанның иісі ауада 0,000000002 млгр/м3 құрамында анықталады, яғни, қазір біз сезіп жүрген жүрек айнытатын осы иіс ауада меркаптанның бар екенін білдіреді.
Батыс Қазақстанда Жаңажол кен орнының тұзасты мұнайы 4-ші модификациядағы меркаптандардың ең көп мөлшерімен сипатталады. АМӨЗ осындай мұнайды бірнеше жыл бойы ішінара өңдеумен айналысып келеді. Алайда, шығарылған алау газдарында меркаптандардың болуына бақылау жасалмайтыны белгілі болды. Демек, меркаптандар қалада АМӨЗ-де өңделген шикізатта бар деген сөз. Бірақ олар мүлдем зерттелмеген, яғни, бұл АМӨЗ басшылығының және жоғары уәкілетті органдардың немқұрайлылығынан болып отыр. Жекелеген орындаушылардың жауапсыздығы қайран қалдырады.
Атырау қаласының атмосфералық бассейніне тасталатын меркаптандардың мөлшерін шұғыл түрде зерттеу керек.
Бұдан басқа, АМӨЗ жылына бірнеше мың тонна қарапайым күкірт алады. Онда меркаптандардың нышаны бар ма, жоқ па, белгісіз. Сонымен қатар, қарапайым күкірт кейбір тиобактериялар үшін азық ретінде пайдаланылады, бұл бактериялардың қалдықтары күкірт қышқылы болып табылады. Тиобактериялар 15°C жоғары температурада жақсы дамиды. Сонымен қатар, қарапайым күкірт массасын сақтау кезінде атмосфералық бассейнге күкірт қышқылының қандай мөлшері бөлінетіндігі де зерттелмеген. Қарапайым күкірт, ылғалмен байланысқан кезде күкірт қышқылына және басқа да газдарға (күкірт тотығы, күкірт ангидриті) оңай ауысады, олар да зерттелмеген. Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов 2018 жылғы 2 сәуірден бастап 19 мамырға дейін облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша өткізілген Атырау шеңберіндегі ауа сапасының мониторингі нәтижелері туралы әңгімелеп берді. Мамыр айында 92 факт тіркелген, күкіртсутегі бойынша шекті рұқсат етілген концентрацияның (ШРК) ең көп асып кетуі - 10-дан 25-ке дейінгі ШРК.
Атырау қаласының маңында да, Каспий теңізінің жағасындағы Жайық өзенінің алқабында да 300 мыңнан астам тұрғыны бар қала үшін жыл бойына тұрақты жұмыс жасайтын бірде бір шипажай, демалыс үйлері немесе туристік база жоқ.
Қалада спорттық құрылымдар жетіспейді. Ең болмағанда орталық футбол алаңы, жүгіру жолы мен басқа спорт түрлеріне арналған орынжайлары бар бірде бір заманауи стадион жоқ.
Мәдениет мекемелері үшін ғимараттар салынбайды дерлік.
Тұтастай алғанда, қала жасыл-желектерге өте мұқтаж.
Қала тұрғындарының 20%-дан астамы өткен ғасырда саман тастан салынған ескі үйлерде тұрып жатқаны қынжылтады. 1,5 метрдей төменге шөккен мұндай үйлердің терезе жиектері қазір жер бетінің деңгейімен теңескен. Оларға жаңа баспана беретін, ал олардың үйлерінің орнына кезекті сауда орталығы немесе мейрамхана емес, тұрғындарға демалуға арналған қалалық саябақ салатын уақыт келді.
Дәрігерлердің мәліметтері бойынша, 2018 жылдың алғашқы 4 айында туберкулезбен ауырғандар саны 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға, ал онкологиялық аурулардың саны 28%-ға өскен. Осылайша, ауыр науқастар саны жыл сайын артып келеді. Осы мәселелер бойынша билік өкілдеріне дабыл қағатын кез келді.
Мұфтах ДИАРОВ, ҚР ҰҒА академигі