Облыстық прокуратурада 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша брифинг өткізілді.
ҚАУІПТІ АЙМАҚ
Төмендегі сандарға қарап Атырауды криминалды аймақ па дерсің. 20 283 өтініш пен хабарламалар тіркелген, ал бұл 2011 жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда 3 есе артық. Биылғы алты айда басқасын былай қойғанда адам өлтіруге қатысты қылмыс – 16 (2011 жылдың бірінші жарты жылдығында - 7), тонау – 168 (145), зорлау – 35 (25), ұрлық – 1 794 (849), көлікті ұрлау – 21-ге (15) артқан.
Соттарда мемлекет мүддесіне кепілдік ету басқармасының бастығы Роза МАМАШЕВАНЫҢайтуынша, прокуратура органдары бойынша азаматтардан түскен 53 мың өтініш қаралған. Жалпы сомасы 20 миллион теңгеден асатын ақша 1 688 адамның зейнетақы қорына аударылды, мыңнан аса жасөспірімдердің құқықтыры қорғалды, еңбек дауларына қатысты 400-ден астам материалдар қаралды, жалпы сомасы 74 миллион теңге болатын еңбекақы берілді.
УЫЛДЫРЫҚТЫ БҰЗЫЛҒАНША САҚТАЙ МА?
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИННІҢ айтуынша, «Бекіре-2012» операциясы аясында браконьерлікке қатысты 156 жағдай тіркелген.
– 105 тонна балық және балық өнімдері, оның ішінде 1 тоннадан аса бекіре тұқымдас балықтар, сондай-ақ, 57 келі қара уылдырық тәркіленді, - деді прокурор.
Тәркіленген заттай айғақтар тізімінде осы жылдың 14 сәуірінде Жилгородоктағы пәтерлердің («АЖ» №16 19.04. 2012 ж., «Уылдырық қайда кетті?», «АЖ» №17 26.04.2012 ж., «Уылдырық «уысқа» түсті») бірінен табылған 25 келі «иесіз» қара уылдырықтың да бар екендігі белгілі болды. Естеріңізде болса, сол жолы ҰҚКД қызметкерлері ресейлік екі азамат тоқтаған пәтерден жалпы салмағы 25 келі қара уылдырық салынған 50 банкі табылғанын мәлімдеген еді. Ал кейін осы іске қатысты құжаттарға қоса уылдырықтың өзі де құқық қорғау ведомстволары арасында қолды болған-ды.
– Бұл істі тергеу жауап беруге тиісті Ресей азаматтарының іздеп-табылмауы саларынынан екі рет тоқтатылды. Ал уылдырық болса, әлі күнге дейін «Надежда» ЖШС қоймасында және ол жерде ол сот шешімі шыққанға дейін заттай айғақ ретінде сақталатын болады. Егер уылдырықтың жарамдылық мерзімі бітпеген болса, онда ол сатылып, түскен ақша бюджетке аударылады. Ал жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, онда уылдырық жойылады, - деп мәлімдеді А.Тайтуллин.
ТАҒЫ ДА 5 ТЕРРОРШЫ ҰСТАЛДЫ
Терроризмге қатысты айыпты 47 адамның атышулы сот процестерінен кейін тағы да 5 адам ұсталғаны белгілі болды. Оларға да ҚР ҚК осы бабы тағылды.
– Олар террористік актілерге үндеу жасады деген күдікпен ұсталып отыр. Қылмыстық қудалау органдарымен оларға Қылмыстық кодекстің «Терроризм» бабы бойынша айып тағылып, тергеу амалдары жүріп жатыр,- деп мәлімдеді облыстық прокуратураның тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Ғалымжан ҚҰЛМАНОВ.
Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың сәуір айында №2 қалалық сот 31 қазанда облыстық әкімдік ғимараты және облыстық прокуратура жанында жарылыс ұйымдастырды деген айып тағылған 5 адамды 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Тағы да «Терроризм» бабы бойынша айып тағылған 42 адам 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге абақтыға қамалды. Жоғары сот инстанциялары сотталғандардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмады.
“Бұл 42 адамның Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекарада әскери қимылдарға қатысқаны анықталды” деген прокурор басқа комментерий беруден бас тартты.
ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН
- Көші-қон заңнамаларының қолданылуын бақылау саласында прокурорлық әрекет ету актілері бойынша ҚР жұмысшы күшін тартуға берілген 340 рұқсат кері қайтарылып алынды, - деп мәлімдеді прокурорлар.
Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі басқарманың аға прокуроры Ахтан ҚУАНОВТЫҢайтуынша, тексеру барысында «Қазмұнайсервис энд Контрактинг» ЖШС-де қазақстандық мамандар үшін жұмыс орындары мен оқыту талаптарының орындалмаған фактілері анықталды. Нәтижесінде 237 шетелдік, негізінен Үндістан азаматтары елден шығарылды.
Мақат аудандық прокуратурасы «Каспиан Мариан Сервис» ЖШС-нің лауазымды орындарына сәйкес келмейтін шетелдік азаматтардың жұмысқа тартылғандығын анықтады. ЖШС-нің 103 рұқсаты кері қайтарылып алынды.
Прокуратураның мәліметтері бойынша жыл басынан бері денсаулық сақтау саласы бойынша 268 заң бұзушылық фактісі тіркелді. 60 дәрігер тәртіптік, ал 37-сі әкімішілк жауапкершілікке тартылды.
– Облыстық қан орталығында бас дәрігер және екі маман медициналық қызметін жүзеге асыруға рұқсат беретін тиісті сертификатсыз жұмыс жасаған. Шамамен 2 000 донордың плазмасы қайталап тексеруден өткізілмеген. Ал «В» гепатитімен сырқат жүргізуші медициналық топпен бірге жайбарақат түрлі ұйымдармен оқу мекемелеріне барып-келіп жүрген, - деп хабарлады прокуратура қызметкері.
Сәния ТОЙКЕН