Осы жылдың көктемінде үкімет «Қолжетімді тұрғын үй -2020» жобасын бекітті. Осыған орай жасалған алты жобаның бірі – «Сатып алу құқығымен қосажалға берілетін тұрғын үйлер» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Жобаның операторы - Қазақстан ипотекалық компаниясы (КИК).
ЖЕКЕЛЕНГЕН ШАРТТАР ДА БАР
Төлем қабілеттілігі бағаланған азамат КИК-мен келісім-шартқа отырады, жалға берілетін баспананы алады. Келісілген ай сайынғы жалдау ақысын 10 жыл бойына төлеп отырады. Бұл мерзім біткен кезде оның пәтерді қалған құны бойынша (жалға төленген қаржысы есепке алынады) сатып алу құқығы пайда болады.
Сатып алу құқығымен қоса жалға берілетін тұрғын үй жобасы бойынша мынадай талаптар қарастырылады:
- сатып алу құқығымен жалға беру келісім-шартының мерзімі 15 жылды құрайды, осы мерзім біткеннен соң пәтер жалға алушының меншігіне көшеді;
- алғашқы жарна 6 айлық жалға алу ақысын құрайды;
– Жалға алу мерзімінің 10 жыл мерзімі біткеннен кейін сатып алу мүмкіндігі бар;
– табыстары жетпеген жағдайда қосалқы жалға алушыларды тарту мүмкіндігі бар;
- үшінші тұлғаға сатып алумен қоса жалға алу құқығын беру мүмкіндіктері бар;
- ағымдағы қаржы жағдайына байланысты үлкен/шағын алаңы бар жалға берілетін тұрғын үйге көшіру мүмкіндігі бар.
Қарыз міндеттемелерін екінші тарап тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда өзара наразылық механизмі КИК-да әлі қарала қоймаған, бірақ «әрбір жеке жағдайға қатысты дербес қаралатындығын» уәде етіп отыр. Іс жүзінде оны шешудің бір жолы шартта көрсетілген, ол – қосалқы жалға алушыларды (әңгіме тікелей туысқандар туралы) тарту мүмкіндігі. Төлем қабілеттілігін есептеу барысында қосалқы жалға алушылардың жиынтық табысы ескерілетін болады.
ХАЛЫҚ ҮНСІЗ ҚАЛДЫ
Бағдарламаға сәйкес, «сатып алу құқығымен қоса жалға берілетін тұрғын үй» бағытын іске қосу 2013 жылға тағайындалып отыр, бірақ, КИК-да жоба өзінің шарықтау шегінде, дайындық мәселелері белсенді түрде шешілуде.
Жоба іске қосылған кезде берілетін тұрғын үй көлемі 250 мыңға дейінгі шаршы метрді құрайды, ол кейінгі жылдары 500 мың шаршы метрге дейін жеткізілмекші.
КИК-ның мәліметтері бойынша, бастапқы кезеңде бір шаршы метр құрылыстың орташа құны 100 мың теңгені құрайды. Бірақ, ол «сейсмикалық және аймақтық ерекшеліктерге байланысты өзгеруі мүмкін».
Демек, аталған 100 мың нақты құны емес, бағалар әлі де нақтыланатын болады. Компания болжап отырғандай, бұл қызметті жеткізушілермен келісім жасалғаннан кейін ғана жүзеге асатын болады. Әзірге компанияда бағаның қалыптасуына әлдебір сыртқы факторлардың: жалпы индекстеу, инфляция, келісім талаптары секілді әсер ету мүмкіндігі бар жағдайлар туралы мәселелерге түсінік беріп отырған жоқ. Қазір КИК тек бюджетті жоспарлау және құрылыс, жеткізіп беру, бақылау және процесті реттеу, тұрғын үйді сервистік қызметпен қамтамасыз етумен айналысатын еншілес ұйымдарды құру кезеңін ғана жоспарлауда. Нақты баға тек сонда ғана жарияланатын болады, ал ол келер жылдан бұрын емес. Демек, әзірге жарияланған 100 мың теңге Алматы (жоғары сейсмикалық аймақ) және Астана (астаналық мәртебе) секілді аймақтарда өзгеруі мүмкін деген болжамды сенімді түрде айтуға болады. Сондай-ақ, мұндай тұжырымнан аймақтық ерекшеліктеріне қарай (мұнай өндіру) Атырау мен Ақтау да құр қала қоймайды. Жоғарғы баға шегіне қандай да бір шектеу қою бүгінігі күні КИК алдында қойылып отырған жоқ. Дегенмен, естеріңізге сала кетейік, бағдарламаны жоба деңгейінде талқылау кезінде Экономикалық даму және сауда министрі Бғытжан САҒЫНТАЕВ былай деп сендірген еді: Қазақстандағы қолжетімді баспананың шаршы метрі 70-тен 90 мың теңгеге дейін барады: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні «Қол жетімді баспана» бағдарламасы жасақталуда. Бұл бағдарлама бойынша баға халықтың сатып алуына қолайлы баға аясында белгіленуі тиіс. Қазір үкімет құрылыс және тұрғын үй коммуналды шаруашылық істері жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, бұл бағаларды жасақтауда және мен бұл шынымен де қолайлы баға болады деп ойлаймын. Егер бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша құрылыс коммуникациясымен бірге 90 мың болса, онда қазір баға 1 шаршы метр үшін 70 мыңнан 90 мың теңгеге дейін болады.
Бір шаршы метрді жалға берудің орташа құны тағы да бастапқы кезеңде 1 мың теңгені құрайды.
ОРТАША ЖАЙЛЫЛЫҚ
Жалға берілетін тұрғын үй алаңы 35-тен 80 шаршы метрге дейін баратын 3-4 класты жайлылығы бар баспана болады. Біздің қоғамда қабылданған тәртіп бойынша бұл эконом-класс. Жайлылық деңгейіне қарай тұрғын үй ғимараттарының жіктелуі ҚР «Тұрғын үй ғимараттары» (3.02-43-2007) құрылыс нормалары және ережесінде белгі-ленген. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан эконом-класс тұрғын үйлеріне ІІІ және IV класқа жататын тұрғын үй ғимараттары жатады. Олардың мынадай техникалық параметрлері бар (кестені қараңыз).
Құжаттарды қабылдау және жалға берілетін баспанаға зәру азаматтардың тізімін жасақтауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Азаматтардың санаттары және қажетті құжаттардың тізімі туралы нақты ақпаратты жергілікті атқару органдарынан білуге болады (жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болғандықтан, бұл мәселені облыстық әкімдіктің құрылыс басқармасы бақылауға алады, бірақ, Алматыда, мәселен, құжаттардың ХҚО арқылы рәсімделіп жатқандығы белгілі болды – автордың ескертпесі). Жалға берілетін тұрғын үйлерді азаматтардың басымдық санаттарына қарай бөлуді де жергілікті атқару органдары жүзеге асырады.
– Бағдарламаға ықтимал қатысушылардың төлем қабілеттілігін талдау жалға берілетін баспана бөлінгенге дейін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ жүргізетін болады,- деп мәлімдеді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Болат ДОСМҰХАМБЕТОВ.
КИК бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жалға алушылармен қажетті жұмыстарды жүргізумен (жалға беру келісім-шарттарын жасау, коммуналдық және пайдалану қызметтерін жеткізуге келісімдер жасау және тағы басқа) айналысатын, жалға төленетін төлемдерді жүйелендіретін, ықтимал құрылыс салушыларды анықтау және құрылыстың барлық кезеңіне бақылауды жүзеге асыратын «Бірыңғай Төлем Жүйесі» компаниясын және «Қазақстандық тұрғын үй-құрылыс корпорациясын» құрмақ.
ШАРТТЫ ЕСЕПТЕУЛЕР
Барлық көрсетілген бағалар әзірге шартты болғандықтан, оған сәйкес есептеулер де шартты түрде жүргізіледі.
Алаңы 35 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтердің құны әзірге қолданыстағы тариф бойынша 3,5 миллион теңгені құрауы тиіс.
Егер жалға алушы бір айға 35 мың теңгеден (жоғарыда аталғандай шаршы метр үшін 1 000 теңге бойынша) төлейтін болса, онда ол келісім-шарттың міндетті 10 жылы біткенге дейін КИК-на алғашқы міндетті төлемақымен бірге (35х6=210 мың теңге) 4 млн 410 мың теңге төлейді. Ал бұл оның бағасынан жоғары. Оған онда «қалған ақшасы үшін сатып алу құқығының», яғни, шарт бойынша оған қоса тағы да бес жылды берудің қажеттілігі қанша?
Аталмыш пәтерден алаңы үлкендеу баспанаға қатысты жағдай да дәл осындай – 80 мың х12 ай х10 жыл = 9,6 млн теңге+480 мың (алғашқы жарна). Бұл пәтердің алғашқы бағасынан 2 миллион теңгеден аса артық болып шықты.
Бәрінен бұрын жалға беру ақысының құнын қайта қарау керек болар, өйткені, айына 80 мың теңге төлеу мен қолжетімді баспана екеуі екі түрлі ұғым секілді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы