Атырау, 23 желтоқсан 06:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

Денис Теннің өліміне қатысы бар үшінші күдіктінің аты-жөні белгілі болды

3 061 рет қаралды


Әйел қылмыс жасалғаны туралы хабарламаған – сот оны тұтқындауға санкция берді. Денис Теннің өліміне қатысы бар үшінші күдіктінің аты-жөні белгілі болды. Алматы қаласы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша,  Жанар Толыбаева ұсталып, кейіннен тұтқындалған. 

"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмыс жасалғанын хабарламау – Sputnik) және 188-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы (Адамдар тобымен алдын-ала келісіп ұрлық жасау– Sputnik) бойынша қылмысты жасады деген күдікпен Жанар Толыбаевқа қатысты екі айға қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат түсті", — деді баспасөз хатшысы Дияс Махамбетов.

Толыбаева 23 шілдеде ұсталды. Аудандық сот тұтқындауға санкцияны 25 шілдеде берген.

Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша үш адам қамауға алынғанын бүгін таңертең Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді. Алайда тергеу құпиясын алға тартып, ұсталған адам туралы өзге ақпарат бермеген болатын.   

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан Денис Тен пышақ жарақатын алды. 3 литр қан жоғалтқан спортшы екі сағаттан соң, кешкі 17:30-да ауруханада көз жұмды. 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.  

20 шілде күні таңертең Денис Тенді өлтірді деген күдікпен Жамбыл облысының 24 жастағы тумасы Нұралы Қиясов ұсталды. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов қолға түсті. Екі күдікті де кінәсін мойындады. Оларға қатысты 2 айға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. 

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне Денис Теннің өліміне қатысты істі тергеуді бақылауға алуды тапсырды.

Дереккөз: sputniknews.kz

27 шілде 2018, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.