Атырау, 28 наурыз 22:00
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пойыз билеттерінің заңсыз сатылымымен күреседі

2 355 просмотра


Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пойыз билеттерінің заңсыз сатылымы мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Агенттік өкілдері "Жасырын сатып алушылар" көмегімен заңсыз билет сатылымдарын анықтады және бейнежазбаларды жариялады. 

"Агенттікке билеттердің заңсыз сатылымы туралы хабарлар көптеп түсуде, интернет пен әлеуметтік желіде де темір жол кассаларынан билет табу мәселелері көтеріліп жатыр. 17 шілдеден бастап, Қазақстанның барлық өңірінде "жасырын сатып алушылар" арқылы мониторинг жүріп жатыр", - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Агенттікте өткен жиналыста. 

Оның айтуынша, заңсыз алыпсатарлардың билетті анағұрлым қымбат бағаға сататыны баяғыдан белгілі. 

"Жазғы маусымда билетке талас басталады және белгілі бір адамдарға жүгіну арқылы оңай билет табуға болады. Біз жүргізген мониторинг осыны дәлелдеді. Барлық өңірде жұмыс істедік. Әсіресе, курорттық орындарға апаратын билеттер заңсыз сатылып жатыр. Мұндай заңсыз оқиғалар Астана, Алматы және Ақмола облыстарында байқалды. Бұл өте жүйелі мәселе", - деді Олжас Бектенов. 

Сондай-ақ, Бектенов аталған мониторинг жұмыстарының алдын алу шаралары екенін атап өтті. 

"Заңсыз алыпсатарлардың басым бөлігі - жеке тұлғалар, олардың вокзал әкімшілігімен қаншалықты байланыс орнатқаны маңызды болып отыр. Мұнда біреуді ұстап алып, жазалау мақсат емес. Біздің міндетіміз - қоғамды ашықтыққа шақыру. Қазір алдын ала сыбайласу фактілерінің бар-жоғы туралы анық айта алмаймын,  себебі ешқандай сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Біз жүргізген жұмыстар алдын алу шаралары ғана", - деп өз сөзін түйіндеді Агенттік өкілі.  

Дереккөз: inform.kz

23 шілде 2018, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.