Көлік инспекциясы мен жол полициясы бірігіп жүргізген рейд нәтижесінде бірнеше ондаған таксишілер күтпеген жерден 13 мың теңге шамасындағы айыппұлға ілікті.
КЕЛІСІМ-ШАРТСЫЗ ЗАҢСЫЗ
Тасымалмен күн көріп жүрген жүргізушілерге аяқ астынан 8 АЕК (1 АЕК – 1 618 теңге) салынды.
- Патентіміз бар, салықтарды төлеп отырмыз, тағы не керек, - деп жүргізушілер ашуланады.
- Жергілікті атқарушы органмен, нақтырақ айтқанда – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен келісім-шарт керек, - деп жауап береді оларға тексерушілер.
Сөйтсе, бір жыл бұрын таксишілерді жергілікті атқарушы органдармен келісім-шарт жасауға міндеттейтін қаулы күшіне енген екен. Алайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жеке тұлғалармен келісім-шарт жасауды ойларына да алмайды:
– Біздің жекелеген тасымалдаушылар құрамына кіретін7 диспетчерлік компаниямен келісім-шарттарымыз бар, - дейді қалалық ТКШ көлік, энергетика және байланыс секторының бас маманы Қуантай ҚАЛМАН. – Келісім-шарт алу үшін жекелеген таксишілердің диспетчерлік компанияға жалданғаны туралы келісім-шарты болуы тиіс. Ал компания бүкіл құжаттарды өз қызметкерлері үшін өзі рәсімдейді. Жеке тұлғалармен тікелей жұмыс жасамаймыз.
– Яғни, егер жеке кәсіпкер диспетчерлік компания түрін-дегі жалға алушылармен жұмыс істегісі келмесе, онда ол қолында патенті болса да заңды белден басушы болғаны ма?
– Патент – бұл қызметтің өзіне емес, қызмет түріне берілетін рұқсат, - деп түсіндірді диспетчерлік компания өкілдерімен кездесуді ұйымдастырушылардың бірі әрі заң бұзушыларға айыппұл салу рейдінің тікелей бастамашысы Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша «Каспий» аймақаралық көліктік бақылау инспекциясының көлік бөлімінің бастығы Ниязбек МҰҚАШЕВ. – Қолдарында ТКШ келісім-шарты жоқ осы адамдардың барлығы заң бұзушылар боп табылады.
АЙЫППҰЛҒА ІЛІККЕНДЕР
Қай жағынан алып қараса да, бұл қаулы – жеке таксишілерді ұйымдастырып, бір жүйеге салу әрекеті. Осылайша жеке кәсіпкерлерді ұжымдық еңбекке мәжбүрлейтіні абыржытады. Яғни, оларды тікелей айтқанда жалға алушының қанатының астына қуып тықпалайды. Бір сөзбен айтқанда, жеке кәсіпкерлердің құқықтарын шектеп отырғаны анық. Алайда, көлік қызметкерлері бұл қаулының пайдакүнемдік үшін емес, олардың пайдасына қабылданғандығын растап отыр:
- Заңның олқылықтары бар екенімен келісемін, - дейді көлік бақылау инспекциясының коммуникациялық бөлімінің бастығы Зұлхарнай МҰҚАШ (суретте). – Бірақ біз авторлар емеспіз, орындаушылар ғанамыз. Сондықтан заңның сақталуына бақылау жасауға міндеттіміз. Оның үстіне, бұл қаулының ең алдымен жолаушыларды тасымалдау үшін анағұрлым қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға арналғаны айқын. Диспетчерлік компаниялардың бірқатар өте маңызды талаптарды орындайтынын ескеріңіздер. Мәселен, ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес, сегіз сағаттан аспайтын ауысым, желіге шығар алдында міндетті түрде медициналық тексеруден (алкотест, қан қысымын өлшеу) өту, жүргізушінің және машинаның жинақылығы, көлікті арнайы рәсімдеу...
– Таксометрлер туралы айтуды ұмытпаңыз, - деді орындарынан айқайлаған диспетчерлік компанияның өкілдері.
– Иә, машиналар пломбаланған таксометрлермен жарақталуы тиіс. Егер ол жоқ болса, айыппұл салатын боламыз, - деді Мұқашев сөзін жалғап.
- Ал егер өлшеу аспаптары бекітілген қазақстандық тізілімде жоқ болса, бізде шығарылмаса, ал ресейлік аспапты орнатуға болмаса, бұл таксометрлерді қайдан аламыз?!
Көлік қызметкерлері тағы да заңның жетілмегендігіне сілтеп, бұл тақырыпты жауып тастады.
КЕДЕРГІЛЕР ЖОЛАҒЫ
Келісім-шарт – заңды жолмен жолаушылар тасымалдап, табыс тапқысы келетіндер үшін жалғыз ғана шарт емес. Қаулы көліктің өзіне де, оның сыртқы түріне де бірқатар талап қояды. Үзінді келтірейін: «Таксимен тасымалдауды жүзеге асыру үшін кем дегенде төрт есігі бар жеңіл автомобильдер қолданылады. Таксимен тасымалдау үшін арнайы басқару тетігі бар көлік құралдарын, соның ішінде тек қолмен басқарылатын және оң жақ рөлі бар көліктерді пайдалануға тыйым салынады».
Айыппұл санкцияларын салу үшін түрлі белгілердің – «шашкалардың», сондай-ақ, биіктігі 30 және ұзындығы 100 сантиметр болатын және барлық жерінде «Т» әрпі болу керек делінген параметрлер бойынша сары-қара жапсырмалардың жоқтығы себеп болуы мүмкін. Әріпке қатысты түсінікті, ал бүйірлік жапсырмалардың көлеміне қатысты авторлар тағы да қиын жағдайға киліккен.
– Бұл стандартты көліктердің бәрі бірдей ұстана алмайды, ұзындығы мен ені жағынан жолақ өте үлкен, - деп дал болады диспетчерлер өкілінің бірі. - Осы мәселемен онлайн арқылы көлік және тасымалдау министріне дейін шықтық, ол түзетулер енгізуге уәде берді.
ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР
Енді жеке таксишілер диспетчерлік компаниялармен көлікті жалға алу туралы келісім-шарт жасайды. Бензин, көлікке қызмет көрсету, жөндеу – бәрі өз есебінен. Диспетчер тапсырыстар мен жалға рация ұсынады. Оның табысы байланыс құралы үшін жалға алу төлемі есебімен (бір ауысым үшін 1 000 – 1 500 теңге) немесе белгіленген пайыздық мөлшерлемемен - әр тапсырыстан 15 пайыздан есептеледі
– Орташа алғанда сіздердегі таксишілер қанша табыс табады?
– Көптеген факторларға байланысты, әдетте ауысымда 6 000 теңге шамасында алады, - дейді диспетчерлік компаниялардың бірінің өкілі.
Қазір осы жеті компанияның «ортақ көлікжайында» 140-тан астам көлік бар. Бірақ осы кездесуге қатысқан диспетчерлер сендіргендей, қалада ТКШ келісім-шартынсыз осы нарықта еркін жүрген тағы шамамен сегіз компания бар екен (көлік қызметкерлеріне қойылып, жауапсыз қалған тағы бір сұрақ). Дегенмен де, бұл цифрларды Салық комитетінде тіркелген «заң бұзушылардың» мөлшерімен салыстыруға келмейді. 3 мыңнан астам көлік қожайындарының қолдарында патент бар. Патент рәсімдемей-ақ, қаншама адамның таксиші боп жүргенін көлік қызметкерлерінің өздері де атауға қиналды. Мұндайларды әшкерелеу мүмкін емес, олар үнемі еш пайда көздеместен «туыстары мен достарын» тасымалдап жүрген боп, ал машиналарындағы «шашкалар» жай әшекей боп шығады. Мұндайлар патентпен адал табыс тауып, салық төлеп отырса да заң бұзушы боп отырғандарға қарағанда, ұтымды жағдайда қалады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ