Атырау, 24 қараша 15:35
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Пара алғанның жазасы әзір

13 364 просмотра

Саша Денисовтың суретіӘрбір үшінші сыбайлас жемқорлық қылмыс мемлекеттік сатып алуларға қатысты болып отыр. Оның барлығы да бюджет қаржысын жымқырумен байланысты.

Бұл туралы әңгіме Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі департаментте өткен баспасөз конференциясында қозғалды. Үстіміздегі жылдың басынан бастап Атырау облысы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі департамент (қаржы полициясы) қызметкерлері 74 сыбайлас жемқорлық қылмысты анықтады. Оның ішінде 51 қылмыстық іс (мемлекетке келтірілген жалпы залал – 56,5 млн теңге) сотқа жолданды. 15 адам сотталды.

Департамент ҚР ТЖМ «Мұнай және газ, геология, мұнайгаз өнеркәсібінің техникалық қауіпсіздігі жөніндегі  ғылыми зерттеу орталығы» ЕМК  бұрынғы директорлары  К. ҚАПАХОВҚА, М. БАЖИКОВҚА, А. ТОРОПЧАНИНГЕ,  сондай-ақ, осы мекеме директорының орынбасары К. СҮЙЕСІНОВКЕ қатысты көп эпизодты қылмыстық істі сотқа жолдады. Айыптау қорытындысына сәйкес олар іс жүзінде аяқталмаған жұмысты заңсыз қабылдаған және бюджет қаржысын талан-таражға салған.

Бұдан бұрын да осындай қылмыстар жасағаны үшін осы мекеменің директоры Б.ӨМІРӘЛИЕВ шартты түрде 3 жылға  бас бостандығынан айырылған болатын. 

 

ТУЫСҚАНЫ ҮШІН ЖАЛАҚЫ АЛҒАН

Атырау облысында мектептер мен балабақшалар құрылысына бюджет қаржысы аз бөлініп отырған жоқ. Ал, бұл осы саланы айла-шарғы құралына айналдыратын бірден-бір жол. №20 «Алтын балық» және №16 «Дюймовочка» балабақшасының бас есепшілері 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Олар 4 жыл бойына шын мәнінде жұмыс жасамаған туысқандарына еңбекақы төлеп отырған. Осылайша ол 18,6 млн бюджет қаржысын пайдаланып кеткен.

 

ЖЕМҚОР ДИРЕКТОРЛАР

Жыл басынан бері параға  қатысты 11 іс қозғалған. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бас маманы У.КАРИЕВ мүлкін тәркілеу арқылы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған бірнеше рет біліктілік талаптарына сәйкес акт беру үшін жалпы сомасы 5 400 доллар пара алған деген кінә тағылды. Бұдан басқа, Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша «Каспий» аймақаралық көлікті бақылау инспекциясының үш бас маманына қатысты іс тергелуде. Олар бірнеше рет ауыр салмақты ірі жүктері бар көлік жүргізушілерінің заң бұзушылықтарына көз жұма қарап, оларды тексеру-жіберу қосындарынан еш кедергісіз өткізгендері үшін 5 мыңнан 20 мыңға дейін пара алғандығы анықталған.

ЖПБ жол техникалық инспекциясы бөлімінің аға инспекторы Н.ҚАЛХАШЕВ автокөлікті тіркеу процесін жеделдету  үшін Х. есімді азаматтан 146 мың теңге алды деген айыппен 2,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, кейін рақымшылыққа іліккен.

 

АЛАЯҚТАР ДА ҚАЛЫСАТЫН ЕМЕС

Қылмыстық жауапкершілікке пара алушылар ғана емес, оны ұсынушылар да тартылады. Мәселен, «Сұлтанби» ЖК директоры Н.АҚМОЛДАЕВ қаржы полициясының қызметкеріне қылмыстық істі көтеруден бас тарту туралы шешім шығару үшін 150 мың теңге көлемінде пара беруге тырысқан. Жылыой аудандық соты Ақмолдаевті 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды (сотталушы тұратын мекен-жайын, жұмысын, оқуын өзгертуге, арнаулы органның ұйғарымынсыз басқа жерлерге баруға және белгілі бір орындарда болу құқығынан айырылады).

Жер учаскесін беру де бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі, өйткені, осы арқылы пайда тапқысы келетін алаяқтар аз емес. Солардың бірі жеке тұлға А.СҮЛЕЙМЕНОВА адамдарға ақшаға Махамбет ауданынан жер учаскелерін алып беруге уәде еткен. Ол алаяқтығы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 шілде 2012, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.