Атырау, 25 желтоқсан 11:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Аурудың атырауша диагнозы

7 122 просмотра

Жылыойлық ата-ана дәрігерлерді дұрыс диагноз қоймады деп кінәлап отыр. Құлақ-мұрын қатерлі ісігі ауруына шалдыққан 16 жасар Нұрлыбай ОҢҚАШ 45 күн бойы туберкулез ауруының емін босқа алыпты.

Қазір Нұрлыбай Алматыдағы онкологиялық орталықта ем алып жатыр. Алты ай бұрын алуға тиісті емін енді қабылдап жатқанымен, көп уақытын текке өткізіп алды.

- Дәл менің баламдай диагноз қойылған 23 жасар жігітті көрдім, сергек, жүгіріп жүр. Ал Нұрлыбай тіпті жасалған емді көтере алмай, құлап қалды,-деді даусы дірілдеген баланың әкесі Иван БЕКЕНОВ (суретте) телефон арқылы.

 

АУРУ ТАРИХЫ

Өткен жылғы мамырда баласының құлақ тұсынан пайда болған ісікке алаңдаған Бекеновтар отбасы баланы алдымен өздері тұратын Жылыой ауданының Майкөмген ауылы учаскелік дәрігеріне қаратқан. «Хронический тонзиллит» деген шешімге келген Майкөмген ауылы учаскелік дәрігері Ардақ УТАРБАЕВА анализ тапсыруға жолдама бергенімен кейін оны қайта тексеруге уақыт таппаған.

-Учаскелік дәрігерді бір айдан астам уақыт күтіп әбден сарсылған соң Жылыой ауданындағы оташы-дәрігерге көрінген едік. Ол бірден облыстық онкологиялық ауруханаға жолдады. Алайда ондағы цитолог-дәрігер Разия ӘМІРОВА балаға «туберкулезный лимфаденит» деген диагноз қойды. Сонымен балам тубдиспансерден бір шықты. Оның диагнозын осы мекеме дәрігері Сара ҚҰБАШЕВА растап «ие, біздің ауру екен» деп қабылдап алды,-деп әңгімелейді Иван Бекенов. - Алайда баланың беті бері қараудың орынына хал-жағдайы нашарлай берді. Бір күні телефон шалған балам «әке, күніне 15 таблетка дәрі ішем, бірақ маған жақпай жатыр, құсып тастап жатырмын, танауым қанайды» деді. Кейін тубдиспансер дәрігерлерінің бірі «балаңды алып кет, ауруы асқынып барады, диагнозы дұрыс емес» деп хабарлады.

Облыстық дәрігерлерден күдерін үзген ата-ана баласын әдеттегідей алдымен Астраханға, одан әрі Ақтөбеге алып кетеді.

-Астраханда биопсия жасатуға қаражатым жетпеді әрі дұрыс ұғыныса алмауым бөгет болды. Кейін Ақтөбеге апарғанымда олар баланың онкологиялық ауру екенін анықтағанымен, дәл диагноз қоюға  тиісті аппарат жоқ болғандықтан Алматыға жіберді,-дейді Бекенов.

Осылайша, 2011 жылдың қазанында Нұрлыбай Оңқашты қараған Алматыдағы «Онкологиялық және радиологиялық қазақ ғылыми зерттеу институты» емханасы дәрігерлері ақыры балаға «мұрын қуысы қатерлі ісігі» диагнозын қойған.

- Мұрын қуысындағы және мойынның сол жақ бөлігіндегі ауқымды ісіктің салдарынан лимфотүйіндері құрылымы жұмысының бұзылғандығын анықтады,-дейді Иван Бекенов.-Ондағы дәрігерлер баланың 6 ай бойы тиісті емсіз жүргеніне реніш білдіріп, неге бірден биопсия және томографиялық зерттеу жасалмағанына таң қалды.

 

«МИКС ТЕКТІ АНАЛИЗ»

Атырау облыстық онкологиялық ауруханасының цитолог-дәрігері Разия Әмірова жасаған сараптамасының тубдиспансер дәрігерлері диагностикасына әсер етпегенін айтады.

-Мен аурудың анализін тексергенімде эпителий клеткаларының, казеоздық массаның барлығын анықтадым. Соған сәйкес өз ұсынысымды жаздым- дейді Р.Әмірова.

Науқасты қараған онколог-дәрігер Мақсұт ШАМШЕНОВ  алғашқы сатыда мұндай ауруды дөп басып анықтау мүмкін еместігін айтады.

- Анализдің микс болып келетін түрі кездеседі. Яғни ауруда екі түрлі ауру  белгілері бар. Біз анықтаған кезде онда қабыну процесі белең алып, яғни, туберкулезді лимфоденит анық көрініп тұрды,- дейді.

Онкологиялық аурухананың бөлім бастығы Руслан РАСҚАЛИЕВмұндай диагноздар иммуногистохимия көмегі-мен ғана анықталатынын айтады. Ал ол Атырауда жасалмайды дейді.

Атырау облыстық тубуркулезге қарсы диспансері бас дәрігері Жаңабай САҒИЕВТЫҢ өз уәжі бар.

-Онкологтар қатерлі ісікті растамаған соң біз сынамалы емдеуді жасадық. Осы емдеу барысында аурудың өрістеу барысы анықталады, ол емге бой ұсынбаса біздің ауру емес деген сөз,-деді Жаңабай Сағиев.

 

РАҚЫМШЫЛЫҚ АЛДЫ

Дәрігерлер диагностикасы медициналық сот сараптамасынан өткен.

 Комиссия төрағасы сот медициналық сарапшысы Нұрлан КАПИН Нұрлыбай Оңқашқа қатысты қойылған диагноздар терістігін растайды. «Учаскелік дәрігер қойған «хронический тонзиллит» диагнозы да дұрыс емес, облыстық туберкулезге қарсы диспансер дәрігерлері қойған «ерекше белсенді, инфильтиративті-казеозалық түрдегі мойын аумағы туберкулезді лимфадениті» диагнозы - дұрыс емес. Бұл ауру қаралған, яғни, 2011 жылдың көктемінен күзіне дейін дұрыс ем жасалмағандықтан аурудың өрістеп, науқастың жағдайының нашарлауына алып келген», - деп жазады Нұрлан Капин.

Нұрлыбайдың ата-анасы дәрігерлерді сотқа берді. Оларға қатысты қылмыстық істі тергеген облыстық ІІД тергеушісі Данияр БЕЙМАҒАМБЕТОВ Қылмыстық Кодекстің 114-бабына (Медициналық қызметкерлердің кәсіптік міндетін дұрыс атқармауы) сәйкес, өздерінің кәсіби міндеттерін дұрыс атқармағаны анықталғанын айтады.

- Алайда бұл дәрігерлер рақымшылыққа ілікті,-деді тергеуші.

Дегенмен, баланың ата-анасы әділдікті соттан күтіп отыр. Олар баланың диагнозын қойдырту үшін ары-бері сенделіске түскен  шығындарын өндіріп беруді және Ресейге апарып емдету үшін квота беруді талап етеді. Ата-ана үміті әлі үзілген жоқ.

Сәния ТОЙКЕН

 

"АЖ" анықтамасы

Мұрын қуысы қатерлі ісігінің белгілері

Егер мұрыныңызда немесе мойыныңызда ісік болса, тамағыңыз ауырса, тіліңіз күрмеліп, тыныс алудың бұзылуы байқалса және мұрыннан қан кетсе, құлақ шуылдап, ауырса онда міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгініңіз.

Мұрын қуысы қатерлі ісігінің диагностикалық белгілерінанықтау үшін мынадай әдістер қолданылады. Жұтқыншақты тексеру: дәрігер тексеру барысында мойынның лимфа бездерінің үлкейгендігін саусақпен  басып көреді және ұзын сапты кішкентай айнаның көмегімен патологиялық өзгерістерді анықтау үшін жұтқыншақты тексереді. Риноскопия. Риноскоп – бұл мұрын қуысын тексеруге арналған линзасы бар аспап. Оның тұтқасында тіндердің үлгісін алуға арналған аспап та болуы мүмкін. Бас сүйегі мен кеудені рентгендік тексеруден өткізеді. Дене учаскелерінің детальды бейнесін жасауға мүмкіндік беретін магниттік –резононс томография және компьютерлік томография жасалады. Позитронды-эмиссиялық томография: қатерлі жасушаларды анықтау үшін жүргізіледі.  Көк тамырға радиоактивті глюкоза(қант) егіледі. Ісіктің қатерлі жасушалары ашық болып көрінеді, өйткені, олар барынша белсенді және қалыпты жасушаларға қарағанда глюкозаны өзінің бойына көп тартады. Зертханалық тексерулер: қан және несеп анализдері. Олар сырқаттың белгілерін айқындауға және емдеу жоспарын жасауға, сырқатты бақылауға алуға көмектеседі.  Биопсия:жасушалар мен тіндер алынады, кейін олар қатерлі ісік бойынша микроскоп арқылы зертелетін болады.

4 шілде 2012, 17:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.