Манарбек туған өлкесінің әсем көріністерін бейнелегенді жаны сүйеді, ал Эльмира өз картиналарында өнер әлемін, нәзіктікті және әйелдің ішкі сұлулығын суреттейді. Манарбек ДӘУЛЕТЬЯРОВ пен Эльмира ЖҰМАБАЕВА 15 жыл бұрын Атырауда өнер көрмесінде танысқан, содан бері жұптары жазылған емес.
ӨНЕР БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БАСТАУ АЛАДЫ
90-жылдардың ортасында Манарбек, басқа да көптеген әріптестері секілді, сурет салып күнелту қиын екенін көрген соң, бизнеспен айналысқан. Германиядан спорт тауарларын әкеліп, Лужникиде сатқан, содан кейін Атыраудан дүкен ашады. Бірақ бір сәтте өмірінде өнердің маңыздырақ екенін түсінеді. Сол кезде ол Атырау университетінің бейнелеу өнері факультетін бітірген Эльмираны жолықтырады.
- Ол сияқты өзіндік ерекшелікпен салатын суретші аз, әсіресе, оның пейзаждары керемет, - дейді Эльмира әріптес күйеуін мақтап. – Ал менің негізгі тақырыптарым - балет, музыка, әйелдер бейнесі, олардың сыртқы келбеттерін ғана емес, ішкі сұлулықтарын да жеткізуге тырысамын. Бала кезімде балетпен және музыкамен айналыстым, сондықтан ол жаныма жақын. Бірде менен: «Неге қазақша салмайсың?» деп сұрады. Мен ойланып қалып: «Егер бала кезімде даланы, киіз үйді көрмеген болсам, кейін оны көркемдік санада қалыптастыра алмайсың, бұл шынайы шықпайды» деп түсіндірдім.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Манарбек ДӘУЛЕТЬЯРОВ 1961 жылы Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген. 1985 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық университетін бітірген. Қазір Шаймардан Сариев атындағы Атырау өнер музейінде қалпына келтіруші-суретші болып жұмыс істейді.
Эльмира ЖҰМАБАЕВА –1978 жылы Атырауда дүниеге келген. 2003 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-дің бейнелеу өнері факультетін тәмамдаған. VI Халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылық фестивалінің Гран-при иегері.
Манарбек:
- Ұзақ үзілістен кейінгі менің алғашқы көрмем 10 жыл бұрын өтті. Содан бері Эльмира екеуміз Атырауда бірлескен 6 көрме ұйымдастырдық. Енді Алматы мен Астанадан көрме ұйымдастырғымыз келеді, ол жақта бізді білмейді. Жоспарымыз көп, бірлескен галерея ашқымыз келеді. Шығармашылықтың биік шыңдарына жеттік деп есептемейміз. Суретші өмір бойы үйренеді деп есептеймін.
Эльмира:
- Біз өте қарапайымбыз. Атырауда өздерін жарнамалауды ұнататын суретшілер бар екені жасырын емес, есімдерін атамаймын.
МОРОЗОВТАР МЕН ТРЕТЬЯКОВТАР ҚАЙДА?
- Картиналарыңызды қалай бағалайсыздар?
- Бұл жерде көп нәрсе сатып алушылардың талғамына байланысты. - дейді Манарбек. – Адам сенің картинаңды өзің ойлағаннан жоғары бағалауы мүмкін. 20-30 мың теңгеге портреттер салатындар да бар. Бірақ мұндай портреттерде жылылық сезілмейді. Мен өз жұмыстарымды жоғары бағалаймын, қазір олар орта есеппен 500 мың теңгеге сатылады. Ең үлкен соманы бір шетелдік компания төледі - мұнай тербелмесі бейнеленген үлкен форматтағы картинамды миллион теңгеге бағалады.
- Атыраулықтар жергілікті суретшілерге қарағанда алматылық суретшілердің картиналарын көп сатып алатынын байқадым, - дейді Эльмира. – Ал жергілікті суретшілердің туындылары негізінен елден тысқары кетіп жатыр. Кейде, Қазақстанда кезінде Ресейде болған Морозов, Третьяков, Щукин секілді меценаттар жетіспейді-ау деген ойға қаласың. Бұл ірі бизнесмендер өнердің шынайы білгірлері болды, олар таланттарды жазбай таныған. Мемлекет тарапынан да қазақстандық суретшілер үлкен қолдауға лайық. Тым болмағанда Өзбекстандағыдай болса: жақында президент Шавкат Мирзиёевтің өзбек суретшілерінің картиналарын сатып алуға айтарлықтай қаражат бөлгенін білдім.
- Эльмира, биыл сіз «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы University of Reading оқу орнын бітірдіңіз. Бұл өнермен байланысты ма?
- Тікелей байланысты емес – ол жерде білім беру жүйесін басқару бойынша оқыдым, ал екінші жағынан алып қарасақ, мен Атырау университетінің бейнелеу өнері факультетінде сабақ беремін. Ол жақта мені таңдандырған нәрсе – музейлерге кіру тегін, кешкі 11-ге дейін ашық болады. Адамдар отбасымен келіп, жандарын сергітіп, өнер туындыларынан ләззат алатындай жағдай жасалған.
- Атыраудан бірлескен галерея ашқыларыңыз келгенін айтып өттіңіз.
- Иә, осындай галерея туралы армандаймыз, адамдар біздің жұмысымызды тамашалауға, тілдесуге, талқылауға келеді. Бірақ бұл әзірге арман ғана...
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ