Атырау, 7 қараша 14:16
 қар жаууы ықтималВ Атырау +3
$ 492.14
€ 528.85
₽ 5.01

Емші қатерлі ісікті емдей алмайды

6 710 просмотра

Облысымызда  жыл санап қатерлі ісік дертіне шалдыққандар қатары өсіп барады. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша 687 адам  ауырса,  2009 жылы олардың саны – 648 болған. Ал республика бойынша жалпы санды атаудың өзі қорқынышты- 28 мың адам.

Әрине статистикаға сүйеніп, крест қоюға ертерек. Өйткені, егер уақытында емделсе оның да алдын алуға болады дейді  дәрігерлер. Дегенмен қатерлі ісіктің  арта түсуіне не себеп? Ақпанның 2-сі күні бас қосқан  облыстың жетекші онколог дәрігерлері мен облыстық салауатты  өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры  Гүлнар МАМБЕТОВА осы сауалдарға жауап  іздеді.

Мамандардың айтуынша бірінші орында өкпе қатерлі ісік дерті тұр. Облыста былтыр 124 адамда осындай ауру байқалған. Былтырғы жылдармен салыстырғанда, бұл көрсеткіштің шамалы өскендігі байқалады. Екінші орында - өңеш рагы болса, үшінші орында - қарын рагы.

Онкологтар қатерлі ісік дертін диагностикалық анықталуына байланысты екіге бөліп қарайды. Олар қиын жерде орналасқан және көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын аурулар. Екінші аталған ауру белгісіне – тері жамылғысы, ерін, тіл, меланома, ауыз қуысы, сүт безі, жатыр мойыны, тік ішек, қалқанша безі қатерлі ісіктері кіреді. Бұл ретте облыстың штаттан тыс бас онкологы Жекcенбай НЫСАНОВ қазір бүкіл дүниежүзінде сүт безінің қатерлі ісік аурулары саны өсіп келе жатқандығын атап өтті. «Оның өсуіне себеп – экология ғана деп қарауға болмайды», дейді ол. Басты мәселе – табиғи заңдылықтардың бұзылғанынан деп есептейді онколог маман. Сондай-ақ, ол қазіргі кезде аналардың бір-екі бала туып шектелуі мен сәбилерін табиғи жолмен тамақтандырмауынан және түрлі дәрі-дәрмектерді пайдалануы негіз бола алады деп отыр.  Дәрігердің  айтуынша,әлі де халықтың көбі дер кезінде рентгенге түспейді, уақытында дәрігерге қаралмайды. Сондай-ақ, ағзасындағы немесе денесіндегі ісік пайда болғанда емшіге көрсетемін деп жүріп ауруын асқындырып алады дейді.

Ал облыстық онкология диспансерінің дәрігер онкогинекологы Элмира САПАРОВА Атырауда сүт безінің қатерлі ісігімен 56 әйелдің, жатыр мойыны қатерлі ісігімен 341 әйелдің тіркеліп отырғандығын сөз етті. Оның 85 пайызы аурудың 1-ші және 2-ші кезеңімен келгендер екен. Оның айтуынша, облыста былтыр скринингтік тексерудің көмегімен 35 пен 60 жас аралығындағы әйелдер арасында сүт безі мен жатыр мойыны қатерлі ісіктерін анықтау және алдын-алу бағдарламасы жүргізілген.  Осындай тексеру барысында 7 әйелден сүт безі рагы мен 3 әйелден жатыр мойынының рагы табылған. Одан бөлек, онкогинеколог мұндай ауруларға әкеп соғатын нәрсе – қыз балалардың 16 жасқа дейін жыныстық қатынасқа түсіп, ерте жүкті болуынан және әр түрлі адаммен төсектес болуынан да деп отыр. Келесі жылы әйелдерге 30 жастан бастап онкологиялық тексеру (скрининг) жүргізілмек. Өйткені, кейбір әйелдерде бала босанған соң да жатыр мойынының қатерлі ісігі кездеседі екен. Мұның бәрі аурудың жасарып келе жатқандығымен де байланыстырады мамандар. Қазіргі проблеманың бірі, дейді онкогинеколог, ауылда тұратын әйелдерді диагностикалық тексеруден өткізу. Өткен жылы ауруын асқындырып алған апай дәрігерге қалаға келетін жолға ақша таппағанын айтып налыпты.

Тағы бір онколог дәрігер Сейітбатал НӘСІПОВ біздің елімізде бұрын да, бүгін де қарын мен өңеш рагының кез-келген жастағы адамдарда байқалып отырғанын айтып, өткен жылы 1979-шы жылғы екі науқасқа ота жасағанын еске түсірді. Ол өз пациенттерін зерттей келе, олардың біреуі 11 жасынан, екіншісі 5 жасынан созылмалы асқазан ауруымен ауырғанын анықтаған. Сол себепті, көп жылғы еңбек өтілі бар дәрігер-ғалым қатерлі ісіктің пайда болуын тұқым қуалайтын ауру, экологиядан деп қарап отырмай, балаларға мектеп жасынан медициналық тұрғыда көбірек көңіл бөліп, сол кезден барлық ауруларын мұқият қарастырып, терең мән беру керектігін ескертеді. Сонымен бірге, ол адамның ағзасын жекелеп емес, біртұтас (совместно) емдеу ауадай қажеттігін түсіндірді.

Онколог-маммолог Құмаржан МҰРАТОВ болса, 40 жыл онкология саласында жұмыс істеп келе жатырмын, емшіден жазылдым дегенді бір естіп көрмеппін дей келе, дәл бүгінгі күнде бетпе-бет келіп отырған проблеманы қозғады. Дәрігер өзінің кейбір әріптестеріне қарны ашатынын жеткізді. Оның айтуынша, алыс ауылдардан арқаланып келген науқастардың диагнозы түкке тұрғысыз (яғни, қатерлі ісік дегені теріске шығады) болып келеді. Оларды жіберген дәрігерлер өз жұмысына жан-жақты қараса игі еді дейді білікті маман. Тіпті бірде қаланың өзінде ауыр дәрежедегі сүт безі рагымен науқастанып жатып қалған әйелді үйден тексерген бірнеше дәрігерлер, соның ішінде кардиолог маман да кеудесін ашып қарамағанына, дұрыстап тексермегеніне қынжылыс білдірді. Себебі, онкологтардың алдына келгенде бәрі тым кеш еді.

Республикамызда  бүгінде онкологиялық аурулардың алдын-алу онкүндігі өтіп жатыр. Ал Атыраудағыонкүндік шара ақпанның 1-інен басталған болатын. Енді осы айдың 10-на дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Атырау облысының халқы тегін әрі учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз-ақ толық онкологиялық тексеруден өтуге мүмкіндігі бар. Бұл қатерлі ісік ауруларынан сақтанып отыру үшін маңызды.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

3 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.