Атырау, 10 желтоқсан 23:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Еділ бойындағы қазақтардың әні қандай?

6 221 просмотра

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері «Шетел қазақтарының фольклоры, әдебиеті және музыкалық өнері» ғылыми-зерттеу жобасы аясында жүзеге асқан мәдени экспедиция барысында Ресейге сапарын аяқтап, Самара, Саратов, Волгоград, Астрахан облыстарында тұрып жатқан қазақтардың әдеби-мәдени өмірімен танысты. Бұл экспедицияда олар Еділ бойындағы қазақтардың ауызекі түрінде сақталған фольклор үлгілерін жинап қайтты. Институттың аға ғылыми қызметкері, өнертану ғылымының кандидаты, музыкатанушы Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА әңгімелейді.

- Әріптесім әрі фольклортанушы Насихат НАБИОЛЛАМЕН бірге бізүш апта бойы Ресейдің төрт облысының қазақтар көп орналасқан ауылдарда болдық. Бір қызығы, Ресей жерінде тек қана қазақтар тұратын ауылдар бар. Мәселен, Самара облысында «Қазақ», «Бұлақ» атты ауылдар, ал Астрахан аймағындағы Алтынжар селосында бір ғана орыс жанұясы бар. Бұл Алтынжарда күй атасы Құрманғазы бабамыздың кесенесі мен мәдени кешені орналасқан. Шетелдегі қазақтардың бұрынғы мекені Батыс Қазақстан өлкесінің жері болғандықтан, Еділ бойындағы қандастарымыз негізінен Кіші Жүз қазақтары. Олар мәселен, 14 наурызды жыл басы ретінде атап өтеді. Оған қоса, тілдік аймақтық ерекшеліктері мен ауызекі сақталған ғұрыптық, тұрмыстық әндер де бүгінгі Атырау, Маңғыстау, Орал елінің музыка мәдениетіне ұқсас. 

- Бұрын осындай экспедицияларға шығып па едіңіз?

- Жалпы соңғы 15 жылдай Батыс өлкесінің түкпірлерін, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау аудандарын жеке аралап материалдар жинадым. Ал мемлекет тарапынан алғаш рет 2000 жылы Атырау облысының аудандарында әндер мен күйлерді таспаға түсіріп, материалдарды Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның ғылыми-зерттеу лабораториясына тапсырғанбыз. Ал былтырғы жылы мен Түркия қазақтарын зерттеуге Ыстамбұлға және Анкара қаласының маңындағы ноғай ауылдарына өз қаражатыммен барып қайтқан едім. Түркия қазақтарынан «Алаш маршы», «Шығыс Түркістан әскерлерінің маршы», «Ұмтыл, жас» деген мектеп оқушылар маршын, бірнеше ғұрыптық фольклор үлгілерін жинаған болатынмын.

- Бұл экспедицияның жалғасы бола ма?

- Міндетті түрде. Алдағы уақытта Ресейдің Орынбор, Таулы Алтай өңірлеріне және Өзбекстан, Моңғолия, Түркіменстан, Қытай елдеріне де іссапарлар жасалады. Мен Түркменстанға баруға дайындық үстіндемін, ал әріптесім Насихат Набиолла жақында бір айға Моңғолия қазақтарына сапар шегіп барады. Экспедиция құрамында фольклортанушы, өнер зерттеуші, әдебиетші мамандар болады.

- Жиналған материалдар қалың көпшілікке таныстырыла ма?

- Келешекте институтта осы жоба аясында іргелі ғылыми зерттеулер жинағы жарық көруі жоспарлануда. Бұл жерде тек қана фольклор жайында емес, театр, бейнелеу, қолөнер, музыка сияқты салалар да қамтылады.

Жазып алған Айнұр САПАРОВА

 

Қазақтың халық композиторы, музыкант, күйші Құрманғазы САҒЫРБАЕВ Астрахан жерінде туып, өмір сүрген. Ол Володар ауданының Алтынжар ауылында жерленген. Оның бейітінің орнында 1996 жылы кесенесі тұрғызылды. Ал 2005 жылы Алтынжарда оның атындағы мәдени орталық ашылған болатын. Мүсін авторы – Қазақстандағы танымал мүсінші Едіге РАХМАДИЕВ.

4 шілде 2012, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.